Сейсенбі, 06 тамыз, 15:21

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№62-2072
06.08.2024
PDF мұрағаты

Сырдың сырлы азаматы еді 

06.08.2024

23 0

Өмірдің белгілі бір кезеңдері артта қалған соң, өткен күндердің елесі ойға оралмай тұрмайды екен. Кеше жиі қарым-қатынаста болған азаматтардың бірі ғана емес, бірегейі,  биыл  қатарымыздан кеткеніне он жыл толған Садық Хангелдин қолға қалам ұстатып отыр…

Қызылорданың Н.И.Гоголь атындағы педагогикалық инс­титутының тіл-әдебиеті факультетінің 1958 жылғы студенті болған алғашқы күндерден екі курс жоғары оқитын Садық Хангелдинмен танысудың реті келіп, ол кейін достыққа, достығымыз ағалы-інідей жақындыққа ауысқан болатын.

Сәкең филология факультетінің қабырға газетінде редактор, институттың көп тиражды «Педагог» газетінің жауапты хатшысы, әрі шығарушысы, әдебиет үйірмесінің жетекшісі, көркемсөз, драма үйірмелерінің белсенді мүшесі болатын. Сонымен қатар облыс шаруашылықтарына шығып, еңбекшілер алдында студенттердің күшімен қойылған спектакльдер мен концерттерге, түрлі тақырыптағы әңгіме-дәрістер өткізуге қатысып жүрді. Қаладағы М.Мәметова атындағы қыздар педагогикалық училищесінің оқушылары арасындағы әдебиет үйірмесін қамқорлыққа алып, оған әдістемелік, әрі шығармашылық көмек көрсетті. Институтқа дейін екі жылдық еңбек өтілім бар мен факультет студенттерінің кәсіподақ басшысы ретінде бұл жұмыстардан хабардар болдым. Кейде араластым да. Педагогика оқушылары алдында Шыңғыс Айтматовтың «Жәмила» повесі туралы арнайы әңгіме де жасаған едім.

1959 жылы үшінші курс студенті бола жүріп Сәкең Қызылорда облыстық радиосының дикторы қызметін атқарды. Осы жұмыста Сыр бойының шығармашыл жастарының жұмысына көп көңіл аударды. Облыстық әнші-жыршы жарыс­тары мен слеттеріне, ақындар айтысын ұйымдастыруға құлшына қатысты. Жас талапкер әнші, жыршы, күйшілер Әскербек Еңкебаев, Төлеу Қосанов, Өтеген Райымбеков, Әбілаш Нысанбаев (Әбуов), Сламбек Сқақов, Көпжасар Дәулетияров, Әбутәліп Салманов тағы басқалар жөнінде радиодан концерт-очерктер берді, республикалық жастар газетіне мақалалар жазды. Туасы өнерге жақын Садықбек Хангелдин кейін облысымыздың атын аспандатқан «Сыр сұлуы» ән-би ансамблімен Алматыға, Мәскеуге барып, ұжымның республикалық, одақтық байқауларында абырой беделге ие болуына өзіндік үлес қосқан еді.

Осы көпшілдік, өнерсүйгіштік қасиет Сәкеңді институт бітірген соң көп ұзамай комсомол жұмысына әкелді. Қызылорда қалалық, облыстық комсомол комитеттерінің хатшысы, Қазақстан комсомолы орталық комитетінде насихат және мәдени-бұқаралық жұмыстар бөлімінің меңгерушісі қызметтерінде азаматтық және өнерсүйгіштік, ақындық және журналистік болмыстары жарқырай көрінді. Оның  көз алдында республика жастарының нағыз бұрқырап, қайнаған өмірі өтіп жатты. Шұбартау, Ерейментау, Бескөл аудандық, Теміртау, Кентау, Рудный қалалық жастар ұйымдарының жаңа жұмыс әдістері мен ізденістері, Ыбырай Жақаев, Жазылбек Қуанышбаев, Кәмшат Дөнентаева, Жансұлтан Демеев, Владимир Дитюк, Наталья Геллер сияқты еңбек ерлерінің жарқын үлгілері бүкіл республика жастары арасында қызу қолдау тауып, кең өріс алса, соны насихаттау, жаңа дәстүр мен салт үлгілерін тарату осы бөлімнен бастау алып жататын. Сәкең талай шығармашыл жастармен араласты, талайға жақын болды, талайдың тағдырына жолдама берді. Әдебиетіміз бен өнеріміздің талантты өкілдері – Фариза Оңғарсынова, Қалдарбек Найманбаев, Мұхтар Шаханов, Бексұлтан Нұржекеев, Бейбіт Қойшыбаев, Жарасқан Әбдірашев, Иранбек Оразбаев, Серік Тұрғынбеков т.б. жастардың республикалық штабының тұрақты қамқорлығында болды.

Реті келгенде айта кету керек, кейде саяси сипаты басымырақ болған, бірақ жастар арасында жүйелі жұмыс атқарған комсомол ұйымының бай мәдени-көпшілік және сан-салалы идеялық-тәрбие жұмыстарын еске түсіргіміз келмейді. Бұл әсте дұрыс емес.  Жарқын істерге әсте көз жұмуға болмайды. Бүгінгі күні жастар арасындағы тірліктің бағыт-бағдарының әлі толық айқындала қоймағанын, жүйелі жұмыстың жоқтығын көріп, кейде кешегі кезді еріксіз еске түсіреміз. Бұл – әсте өткенді аңсағандық емес, бүгінгінің кейде толымсыздығынан туған көңіл күй. Тарихтан тағылым алған ел де, адам да ұтады.

Садықбек Хангелдин 1974-1991 жылдары Қазақстан Компартиясы орталық комитетінде, Қазақ ССР Халықтық бақылау және Қазақстан Мемлекеттік телерадио комитеттерінде басшы қызметтерде болып, өзінің азаматтық та, қайраткерлік қасиетін көрсете білді.

Әр адамның өмірде өзіндік таным «терезесі» болады. Ол сол өзінің терезесінен өмір, қоғам туралы толғанады, дүниеге зер салады, ойдан түйін түйеді. Сәкеңнің таным «терезесі» кең де ашық болатын, сондықтан ол басқалардан көбірек және айқын  көретін, өзгелерден тереңірек түсінетін, молырақ ұғынатын. Оның үстіне ақынжанды адамның ойлау, түйсіну қабілеті ерекше ғой. Оны кез келгеніміз түсіне бермейміз. Сәкең қай салаға қалам тартса да, жорғалай жөнелетін, оқ бойы алда жүретін, жеткізбей кететін. Алайда ақындық қабілетін жете пайдаланып, өлең өнеріне барын сала алмады. Оның жан-жақтылығы, қазақ айта беретіндей бір сырлы, сан қырлы болуы оны жоғарыда айтқанымыздай, комсомол, партия, мемлекеттік жұмыстарға алып келді де, оған 30 жылдан астам жастық жалыны да, кемел  кездерін арнады. Сондықтан ол күнделікті қауырт қызметтен уақыт «ұрлап» қана  өлең жолдарымен табысып отырды. Қанша шебер жүзгіш болғанымен тағдыр маңдайына көлден басқаны жазбағандай құбылыс болды. Теңізге түсе алмады. Сол себепті бала күнінен серік еткен өлеңі алдында тұрақты бола алмаған ақынның төмендегідей көңіл күйін, саналы сезімін, ашық та адал пейілін, кішірейіп бас июін түсінуге болады:

Кешір, Өлең! 

Айыптымын алдыңда!

Жоқ, аяма, қайта мені сал мұңға.

Кештеу келіп, ерте кеттім қоштаспай –

Кім біледі – жатырқап та қалдың ба?

Кешір, Өлең!

Бір лап етіп жандым да,

Лаулай алмай обалыңа қалдым ба?

Ғашықпын деп жылап жүріп,

Оралмай,  кеткен қыздай

Сені азапқа салдым ба?  

Әдебиет пен өнер саласында Садықбек Хангелдин өлеңмен ғана шектелген жоқ, әңгіме, очерк, әдеби зерттеу, рецензиялар мен мақалалар жазды. Ол   «Махамбет жырларындағы Исатай бейнесі», «Абай және Лермонтов», «Илияс Жансүгіровтың жаңашылдығы», Қасым Тоғызақовтың  «Сібір Омары», «Баспасөз бетіндегі тұрақты сөз тіркестері» және басқа зерттеулерімен қатар Асқар Тоқмағанбетов, Айтбай Хангелдин, Әбілда Тәжібаев, Зейнолла Шүкіров, Иранбек Оразбаев, Әнуарбек Дүйсембиев, Азат Алтаев, Саид Баязитов, Тұрсынзада Есімжанов, Қалаубек Тұрсынқұлов, Әли Ысқабаев, Нұрхан Жанаев сияқты қаламгерлердің шығармашылығы жайлы мақалалары; Даргомыжский мен Қалдаяқовтың, Жандарбекова мен Ералиеваның және басқа әнші-күйшілердің өмірі мен өнері жайлы очерктері; көрнекті қоғам қайраткерлері Міржақып Дулатұлы, Өзбекәлі Жәнібеков, Аманша Ақбаев жайлы естелік, эсселері; тәуелсіздік тұсында ел басына орнаған қоғамдық, саяси-әлеуметтік, мәдени ахуалға қалам тартқан публицист те болатын.

Қандай бір өнер болсын, тұрақты да шынайы махаббатты қажет етеді ғой. Мен Абай түсінігіндегі үлкен  махаббатты айтып отырмын. Поэзия да солай, жан-жаққа алаңдауды ұнатпайды. Өйткені өнер – қасиетті дүние, құдіретті күш. Сондықтан Сәкеңнің «Әнімнің келтіре алмай күнде ырғағын, Сезіп-ақ ащы тердің жүрмін дәмін» деуі заңдылық. Алайда Сәкең зейнеткерлікке шыққаннан кейін тұрақты жансерігі ете алмаған ескі досымен қайта қауышты: 

Келдім қайтып –

Мың қайғымен алысып.

Саған деген сағынышпен жарысып.

Бұлбұл қонып,

Құшағыма Күн кірді –

Өзіңменен бүгін қайта табысып.                   

Ақын жаны әдетте ізгілікті сүйеді. Оның жүрегі Отан деп соғады, шабыты халқым деп қанат қағады. Оған елінің тыныштығы мен бірлігінен артық ардақты, қасиетті дүние жоқ. Сондықтан Сәкең сезім пернелерін осыған арнады, осыны биіктетті, осыны жыр етті, осыны ақындығының басты мұраты санады. Ақынның: 

Мен тілеймін таңым күліп атса деп,

Тау мен Дала ән тербетіп жатса деп.

Қабақ шытпай бір-біріне адамдар,

Достық нұрын Күн жамылып батса, – деп жырлауын оқырман түсінеді, тілегіне тілек қосуға ұмтылады. Бүгінгі тәуелсіз еліміздің асыл мұраттары да, ертеңі де, оны тұғырлы ететін құдіретті күштер де осында, бірлікте, бір Отан деген тірлікте жатыр емес пе, ағайын!? 

Садықбек Молдашұлы өз шығармаларында туған жер – Отанына деген ыстық сезімін, табиғат сұлулығын, жас ұрпақты бабалар өнегесіне, еңбекке баулуды, ұлттар арасындағы бұлжымас ынтымақты, жастардың бойындағы жалынды жігер, ұшқыр қиял, асқақ арман, өрттей махабатты паш етті.

Сәкең азаматтық та, қайраткерлік те қасиетін абыроймен атқарған, шын мәнісіндегі, кісілік келбеті болымды да толымды жан еді.  Бұған қолыма Сәкеңнің «Қоңыр күз» деген 2008 жылы шыққан кітабын  алып, тағы да көзімді жеткіздім. Ол – Қазақстан жазушылар Одағының мүшесі, ақын ретінде 11 өлеңдер жинағының, 9 публицистикалық кітаптардың, еліміздің сол кездегі жиырмадан астам мерзімді басылымының авторы.

Садықбек Хангелдин өмірде ең бірінші азамат болды. Сәкең   ақын болды, халқына жақын болды, оның рухани дүниесіне өзіндік үлес қосты. Қайраткер болды. Жаза да алатын, сөйлей де алатын, өз ақыл-парасаты өзіне жетіп артылатын, біреудің жазып бергенін оқитын емес, өзі жазбай құмары қанбайтын  қайраткер болды.

Адам баласының бар қыр-сырын тану мүмкін емес. Нобель сыйлығының иегері Алексис Каррель өзінің бір кітабын «Адам – бұл бейтаныс» деп тегіннен-тегін атамаған шығар. Шынында да, жүздеген  ойшылдар Адам феноменінің сырына кілт таба алмай келеді, алда да толық таба да алмайтын шығар. Мен де кеше өмірімнің басым жылдарын Сәкеңмен қатар жүріп, талай сыр, байқамаған дүниелерім жоқ деп айта алмаймын. Алайда оның азамат ретінде адалдықты ту еткеніне, ақын ретінде әділеттілікті жыр еткеніне толық кепілдік бере аламын.

Әбдіжәлел Бәкір,

саяси ғылымдар докторы, профессор

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: