Сейсенбі, 13 тамыз, 14:19

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№64-2074
13.08.2024
PDF мұрағаты

Басты мақсат – салық төлеушілерге сапалы қызмет көрсету

13.08.2024

20 0

СалықМемлекет қазынасы. Елді өркендетуде салық түсімдерінің орны бөлек. Тәуелсіз елдің салық жүйесінің тарихы бар. Биыл, міне, мемлекеттік кірістер органының құрылғанынан 10 жыл толып отыр. Осы орайда Қызылорда қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Фердоуси Қожабергеновпен сұхбаттасқан едік.

Фердоуси Әбілқасымұлы, Мемлекеттік кірістер органдарының құрылғанына 10 жыл толып отыр. Өз алдына бөлек құрылым бол­ған салық пен кеден саласының бірігуі ел экономикасына қалай әсер етті, тиімділігі қандай?

– Еліміздің экономикалық даму кезеңінде салық-кеден саясатын жүргізуде мемлекеттік аппарат пен бизнестің өзара іс-қимылын реттеу арқылы төлемдер мен салықтарды жинау міндеттері арасындағы қажетті теңгерімді қам­тамасыз етуге бағытталған мемлекеттік кіріс­тердің тиімді бірыңғай жүйесін құру қажетілігі туындады.

Осыдан 10 жыл бұрын салық және кеден комитеттерін қосып, Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі­нің қаржылық және экономикалық қылмысты тергеу функциясын бере отырып, ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетін құру арқылы жүзеге асты.

Қайта құрылған комитет – отандық кәсіпкерлер мен шетелдік инвесторлар үшін қызмет жа­сайтын, оларға тең дәрежеде бәсекелестік шарт­тарын жүргізуге жауапты, салық алымдары мен төлемдерін жинайтын орган. Негізгі мақсаты – қазақстандық тауарлар мен қызметтердің, соны­мен қатар ел шекарасынан енген әрбір тауардың соңғы тұтынушысына сатылуына дейін­гі ара­лықтағы барлық қозғалысын, яғни сол тауарға салынатын салықтың түгелдігін бақылау.

Енді бюджеттік түсім жөнінен статистикалық дерекке көз жүгіртсек. 2024 жылдың І жарты­жылдығында мемлекеттік бюджеттің салықтық түсімдері 50 млрд 645 млн теңге болды. Бұл алдыңғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5 млрд 157 млн теңгеге немесе 11,3 пайызға артық. Бюджеттің кіріс көздерін толықтыру бағытында қосымша резервтер қарастыру шаралары нәтижесінде 2023 жылдың І жартыжылдығында барлығы 3 млрд 941,9 млн тенге қосымша түсім түскен еді. 2024 жылдың І жартыжылдығында барлығы 5 млрд 60 млн теңге немесе алдыңғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда 118,3 млн теңгеге немесе 28,3 пайызға артық қосымша түсім қамтамасыз етілді.

– Салықтық қызмет көрсетудің сапасын арттыру бағытындағы жұмыстардың барысы қалай?

– Бүгінгі күні мемлекеттік қызмет көрсету стандарттарының талаптарына сәйкес мемлекет­тік кірістер органдары тарапынан 42 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Оның 25-і салық саласында, 17-і кеден бағытында. Басқарма тарапынан қазіргі таңда 12 мемлекеттік қызмет көрсетілсе, оның 11-і электронды түрде болса, 1-і қағаз жүзінде. Басқарманың есебіне алынған салық төлеушілерге өткен жылы 258088, ал 2024 жыл­дың 6 айында 174854 мемлекеттік қызмет сапалы түрде көрсетілген. Мерзім бұзу немесе сапасыз орындау жағдайлары кездескен жоқ.

Біздің басым бағыт – салық төлеушілерге сапалы мемлекеттік қызмет көрсету. Осы орайда қазіргі таңда салық төлеушілер тарапынан туындаған сұрақтар бойынша Мемлекеттік кірістер комитетінің 1414 (call орталық) байланыс желісі арқылы  толық мәлімет алуға мүмкіндік қарастырылған.

Сонымен қатар мемлекеттік қызметтер, кірістер органындағы өзгерістер мен толықтырулар туралы әлеуметтік желілерден (Instagram-дағы @ugd_3310 және Facebook Қызылорда қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының парақшалары) алуға болады.

Одан бөлек, басқармада салық төлеушілерге жағдай жасалып, арнайы тер­минал бөлмесінде интернет желісі қосылған компьютерлер  орналастырылған. Терминал ар­қылы салық төлеушілер ақысыз түрде салық төлеушінің кабинеті және комитеттің  www.kgd.gov.kz интернет ресурстары арқылы электронды түрде қызметтерді ала алады. Терминалға келген әрбір салық төлеушіге, салық есептіліктерін табыс ету мәселесі бойынша тегін көмек көрсетіледі.

– Жаңа салық кодексінде бизнеске салық жүктемесін азайту көзделген. Жалпы, жаңа Салық кодексі қандай өзгеріс әкеледі? Осы жағына кеңірек тоқталсаңыз…

– Жаңа Салық кодексіне енгізілген өзгер­тулер мен толықтырулардың бірінші кезекте шағын және орта кәсіпке енгізілген тұстарына тоқталған дұрыс деп санаймын. Өз кәсібін дөң­гелетіп отырған салық төлеушілер үшін салық заңнамасының рөлі орасан. Бұған дейін табысы 1 млн теңгеден асатындар кәсіпкер ре­тінде тіркелетін. Енді өзін-өзі жұмыспен қам­тыған азаматтардың табысы 15 млн теңгеден аспаса, тіркелуге міндетті емес және салықтан босатылады.

Бұдан бөлек, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін бірыңғай және ең төменгі төлеммен 4 пайызды жеңілдікті режим ұсынылады. Оған міндетті зейнетақы жинағы, әлеуметтік аударымдар және МӘМС жарналары ғана кіреді. Сондай-ақ жеңіл көліктерге салықты есептеу көлік құралын пайдалану мерзіміне байланысты. Бұл мерзім 10-20 жыл аралығында болса – 0,7 пайыз, 20 жылдан асса – 0,5 пайыз салық төлейді.

Сонымен қатар өз өндірісінің өнімін өндіруді және өткізуді жүзеге асыратын салық төлеушілер үшін корпоративтік табыс салығы 10 пайызға, жеке табыс салығы 5 пайызға төмендетіледі. Жалпы жаңа құжат мемлекеттің ғана емес, бизнестің де мүддесіне сай келеді.

Жаңа салық кодексі бойынша сенім мен ашықтық қағидатына басымдық беріліп, жоспарлы тексеру жойылады. Төлем жаса­мау қаупі бар ерекше жағдайларда ғана  тексеру жүргізіледі. Жалпы тексеру жүргізу салық төлеушінің кабинеті арқылы цифрлық форматқа ауыстырылады. Барлық рәсімдер – құжаттар, талаптар, түсініктемелер ұсыну онлайн форматқа ауыстырылды.

Сонымен қатар салық берешегін мәжбүрлеп өндіріп алудың барлық шаралары бойынша салық төлеушілердің жағдайына қарайтын оң өзгерістер енгізіледі. Салық берешегін мәжбүрлеп өндіріп алу барысында жаңа Салық кодексінде берешек мөлшеріне байланысты шараларды қолдану ұсынылады.Осы уақытқа дейін салық берешегін мәжбүрлеп өндіріп алу 6 АЕК шегінен бастап қолданылса, енді жаңа Салық кодексінде берешек мөлшеріне байланысты қолдану ұсынылады. Егер ол 20 АЕК-ке дейін болса, салық төлеушілерге салық берешегінің бар екендігі туралы хабарлама жіберіледі.

Егер берешек 20-дан 45 АЕК-ке дейін болса, онда хабарлама жіберіледі, ал өтелмеген жағдайда банктік шоттар бойынша шығыс операциялары тоқтатылып, инкассалық өкім қойылады. Берешек 45 АЕК-тен асатын болса, сауда-саттыққа шығару үшін мүліктің тізімдемесі жасалып, борышкерлердің дебиторлары есебі­нен берешекті өндіріп алу бойынша жұмыс жүргізіледі.

Сондай-ақ шамамен 5 млн теңге мөлшерінде берешек болған кезде кейінге қалдыру, бөліп төлеу рәсімін оңайлату ұсынылды. Егер қазір кепілдің немесе банктік кепілдіктің  болуы қажет болса, енді салық төлеушілердің белгілі бір санатына банктік несиеге ұқсас кепілсіз кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу ұсынылады.

Жалпы жаңа Салық кодексін енгізу еліміздің салық жүйесін дамытудағы маңызды қадам деп түсінемін. Бұл кодекс ескірген салық ережелерін жаңартып қана қоймай, әділ, тиімді және прогрессивті салық салу жүйесіне жол ашады.

Ең маңыздысы, жаңа Салық кодексі салық төлеушілерді қорғауға, экономиканың маңызды салаларын ынталандыруға, әкімшілік қызметті жеңілдетуге бағытталған. Мақсат – жазалау емес, жұртшылықты салықты уақытылы төлеуге ынталандыру.

Сондықтан жаңа Салық кодексі, салық сая­сатын табысты іске асырудың және қоғамы­мыз­дың өркендеуінің кепілі болатынына сенімім мол.

– Басқармада жемқорлықпен күрес жұмыстары қалай жүргізілуде?

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әділетті Қазақстанды құру үшін жемқорлықпен күрес жұмыстарын күшейтуіміз қажет. Бұл жұмыс тек уәкілетті органдардың ғана міндеті емес. Қоғамның барлық мүшесі сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұруы тиіс», – деп атап айтқан еді. Ұжымда жемқорлыққа қарсы иммунитет жақсы қалыптасқан. Барлық іс-шара ашық, жария түрде жүргізіледі. Қызметкерлеріміз халықты үнемі әлеуметтік желілерде, БАҚ арқылы жемқорлыққа қарсы күреске шақырып, мақалалар жариялап отырады.

– Қай салада да кадр бірінші орында тұрады. Мереке қарсаңында салық қызметкерлерінің еңбегі туралы айта кеткен жөн болар…

– Мемлекеттің экономикалық қауіпсіз­дігін қамтамасыз ету мақсатында салық қызмет­керлерінің уақытпен санаспай жүргізген нәти­желі жұмысы саланың беделін арттырды. Қала­лық салық саласының негізін қалаған, майталман мамандар, бүгінде зейнет демалысындағы ардагерлеріміз Қ.Абдреев, Ұ.Нұрымбетова, О.Тохтаров, К.Абдильдаева – ұжымның бүгінгі тынысынан да хабардар болып отыратын, әріптестерінің үлкен құрметіне ие болған жандар.

Өмірден ерте кеткен, қашанда орны ойсырап тұратын Қ.Ақышбаев,  М.Жаппасбаева, С.Мұстафаев, З.Искакова, С.Сүлейменов, К.Ешпанова, А.Базархан, Б.Темирбаева, С.Ержанова, Ш.Кемелбекова секілді әріптес­терімізді құрметпен еске аламыз.

Қазіргі таңда Қызылорда қаласы бойын­ша Мемлекеттік кірістер басқармасында 98 қыз­меткер  еңбек етуде. Олардың елу пайыздан астамы отыз жылдан астам еңбек өтілі бар. Кәсіби білігі мен білімінің арқасында бюджеттің бүйірін толтыруға үлес қосып келе жатқан аға буын өкілдері А.Бегайдаров, Е.Арынов, Қ.Ысқақов, Г.Шамбилов, Г.Шилдыбаева, Г.Дастанова, Л.Ахметова, Э.Піржанова, Б.Кулкараев сияқты  қызметкерлеріміз өз тәжірибелерін жастарға үйретуде.

Қазір ұжымда жас мамандар қатары кө­бейіп келеді. Оларды тәрбиелеу, білмегенін үйре­ту – аға буынның міндеті. Біздің салада шәкірт тәрбиелеу дәстүрі жақсы қалыптасқан. Кәсі­би мереке қарсаңында әріптестерді құттық­тап, халыққа қызмет ету жолында әрдайым абы­рой биігінде болыңыздар деген тілектес­тігімді білдіремін.

– Сұхбатыңызға рахмет.

Сұхбаттасқан

Г.МАҒЛҰМҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: