Әр халықты өркениеттің шыңына шығаруда қоғамдық сана ғана емес, жеке тұлғаның ақыл-танымы да орасан маңызға ие. Тіпті бүкіләлемдік ұстаным мен ұғымды қалыптастырып, өз ақылын ғалам ойына айналдырған данышпандар да ұлт пен жеке адамды бөле жаруға болмайтынын дәлелдеді. Мәселен, Қазақстан десе, Күлтегін, Қорқыт,
Әл-Фараби секілді ғұламалар айтылатыны секілді, Шоқан Уәлиханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Сәкен Сейфуллин есімі қазақ ұғымымен біте қайнасып жатыр. Сондықтан әрбір тұлғаның таным көкжиегін терең зерделеу – ұлтты тануға тура жол.
Бүгінде Абай шығармашылығы мен жеке өмірін зерттеу ерекшелігі осы ұстанымға саяды. Саналы ғұмырында бар қазақтың көзін ашып, көкірегін оятуға талпынған хакімнің болмысын тану қаншалықты маңызды, бағалы болмағы ел келешегіне тікелей тәуелді. Ұзақ жыл солақай саясаттың салдарынан ақын шығармашылығының нақты бедері көмескіленіп, айтар ой толық екшелмей келді. Алайда тәуелсіздік жылдары хакімнің ой-таразысын бағамдау ісі ілгері басып, көптеген құнды дүние жарық көрді. Абайтанудың қарыштап дамуына ғалым, әдебиетшілердің іргелі еңбектерімен қатар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы да жаңа серпін сыйлағаны анық. Оған қоса Абай ілімінің қазақ санасындағы өткені мен бүгінін топшылау, ақын шығармашылығын насихаттау мақсатында 10 тамыз – Абай күні деп белгіленді. Міне, бүгінге дөп келген датаның мән-маңызын айшықтау үшін ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығына аз-кем шолу жасап көрелік.
Күткен үміт, таққан мін…
Ақын Мағжан Жұмабаевтың Абайдың болмыс-бітімін тап басуға талпынып : «Шын хакім, сөзің асыл баға жетпес, Бір сөзің мың жыл жүрсе, дәмі кетпес» деп толқи сөйлеуінен қазақтың қай кемеңгері болсын Абайдан өзін кем санағанын байғамдаймыз. Содан да болар, Абайдың көзі тірісінде де, өмірден өткен соң да шығармасын сақтап, ақынның айтқысы келген ойын талдауға талпынғандар саны көп болды. Бұл бағытта Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мекемтас Мырзахметұлы секілді тұлғалардың таразысы Абайтану саласындағы ауқымды еңбектерге жол ашты.
Осы орайда абайтанудағы іргелі еңбектердің авторы, ғалым Мекемтас Мырзахметұлы ақын шығармашылығы мен өмір жолын ғылыми тұрғыда тәпсірлей білген танымал тұлға қатарында. Ғалым Абай танымындағы «Толық адам», «Иманигүл» концепциясымен қатар, ислам өркениетінің әсерін де орнықты жеткізіп, негізгі мақсатын айқындай білген.
М.Мырзахметұлы кезекті зерттеу еңбегінде Абай шығармашылығы туралы мынадай тоқтамға келеді:
«Адам болу туралы ой танымын «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінде көп нәрсенің төркінінен хабар беруі себепті М.Әуезов ол өлеңді «Абайдың, әсіресе, көп ой қорытып айтқан мағыналы және програмдық бір өлеңі», – деп ерекше мән бере бағалауында үлкен сыр жатыр. Абайдың: «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол, Адам болам десеңіз» деп адам бойындағы, мінез-құлқындағы қарама-қарсы ұғымдардың сырын 7-қарасөзінде айтылатын «жанның тамағы» дейтін пәлсапалық мағынасы бар ұғыммен салыстыра отырып сырын ашсақ, көп мәселенің тамырын дөп басамыз. Осы өлеңде ерекше мән бере аталатын Шығыстың озық ойлы Ғұламаһи Дауанидің (XV ғ.) атақты шәкірті Жүсіп Қарабағи (XVIII ғ.) «Рисаласында» «жанның азығы» деген ұғымды еске (память) байланысты қарап талдайтыны бар. Автор «жанның азығы» (духовная пища) деген ұғымды екіге бөліп: бірінші жанның пайдалы азығы (шын сенім, жомарттық, ғылыми түсінік) екіншісі – жанның зиянды азығы (күншілдік, жалған сенім) деп атайды».
Расында, Абайдың бір өлеңінің өзі адамзаттың көпқырлы жан дүниесіндегі, мінез-құлқындағы қателікті тануға, түзетуге жол алшады. «Ғылым таппай мақтанба», «Интернатта оқып жүр» деген өлеңдері ұрпаққа өсиет, ғылымға баулуды мақсат тұтқандай. Хакімнің өлең бойында «ғылым» сөзді қайталауының сыры – ғылымның адам бойындағы басты жетістік, әрбір жастың талпынар арманына айналу керектігін ұғындыру.
«Ғылым таппай мақтанба!
Орын таппай баптанба!
Құмарланып шаттанба!
Ойнап босқа күлуге», – дейді ақын.
Хакім Абайдың қазақты түзету жолында, қатардан қалдырар қасиеті, қателігі турасында қалам тербеуі бүгінгі қоғамның дамуына, бірлікте тіршілік етуіне септескендей. Себебі әр қазақ келелі жиын мен маңызды ортада Абайдың нақылға айналған ақыл-сөзінен мысал келтіріп, дұрыс жолды нұсқауға әрекет етеді. Мәселен, ел арасына кең таралған Абайдың «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» өлеңінің өзі халықтың, қала берді адамзаттың ең осал тұсы – алауыздықты әшкерелейді емес пе?!. Өзі өмір сүрген ортадағы көріністі адамзат бойындағы кереғар болмыспен ұштастырып суреттеп, бірліктің құнын көрсетеді. Ел ұйытқысын бұзған, берекесін кетірген әкімсымақтарды сынап, билікқұмар қасиетті мінеп ызасын шығарған.
«Бас-басына би болған өңкей
қиқым,
Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын?
Өздеріңді түзелер дей алмаймын,
Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың», – деп күрсінеді, сынайды. Міне, осындай қоғамддық кемшілікті қозғаған ақын өлеңдері оқырманға ой салып, әділетті қоғам орнатудың алғышартына айнала білуде.
Тәржіма танымы
Хакім Абайдың аудармасы – қазақ әдебиеті тарихындағы елеулі қадам. Олай дейтініміз, жазба әдеби бағыттың жаңа сипатқа енуімен қатар келген аударма саласы кейінгі қаламгерлердің бет түзер бағытына айналып, мәдени кеңістікті жаңа арнаға бұруға сеп болды. Терең білім мен үздіксіз машықты игере білген қазақ ақын-жазушылары әлем халқының фольклорын, жанрішілік үрдістерді отандық айналымға енгізуге жол ашты. Сондықтан Абай шығармашылы сөз болғанда, ақын аудармасы туралы айтпай кету мүмкін емес.
Абай аудармасының негізгі ошағы – орыс әдебиеті, әсіресе, Лермонтов әлемі. Аударма арқылы қос елдің идеялық құндылықтары мен рухани мәдениетін бір арнаға тоғыстыруға дәнекер болып, тың образ, жаңа сөздік қор қалыптастыра білді. Бұрын соңды кезікпеген шығармашылық әдістерді қолданып, қазақ әдеби тілін түрлендіруге, дамытуға күш салды. Өз кезегінде тәржіма саласындағы ізденістер «Абай тілін» қалыптастыруға негіз болды десек, қате емес.
Шет тілдегі өлеңдерді қазақшалауға аңсары ауған Абайдың Лермонтов поэзиясына деген ықыласы ерекше еді. Ол орыс ақынын жанына жақын тұтып, рухани сырласы, мазмұндас әріптесі есепті қабылдады. Тіпті сол кезеңдегі орыс қоғамының ішкі наразылығын, психологиялық портретін де дөп басып тани білді. Лермонтовтың езгі көрген қауымның көңілін, қарсылығын танытатын өлеңдері Абай үшін өз халқының болмыс-бітімінің айнасына айналды. Сол себепті, ұлы ақын Лермонтов өлеңіне ден қойып, өзгеше үндестік табуға тырысты.
Абай орыс әдебиетін 1882 жылдан бастап аударған. Алғашқы аудармасы – М.Ю.Лермонтовтың «Бородино» атты патриоттық өлеңінен үзінді. Ақырғысы – Лермонтовтың «Вадим» атты ұзақ әңгімесінің желісіне құрылған поэма. Абай 70-80 жылдардан бастап орыс мәдениетіне түгелдей бет бұрғанымен, тәржімаға лайық көрген ақындар саны шектеулі болды. Көбіне Пушкин мен Лермонтовтың өлеңдерін өзінше саралауға, жаңаша түрлендіруге құмартқан ақын аударма болмысын барынша қазақы бояумен толықтыруға бел буды. Абайдың аудармасының негізгі мінез-құлқын аңғарсақ, дені адамгершілік, жаман қасиеттен тежелу, патриоттық сарын немесе терең ойлы шығармалар екенін байқауға болады. Мұнан шығармаларды талғап, талдап аударуға маңыз бергенін аңғару қиын емес.
Абайдың Лермонтов өлеңдерін дәлме-дәл, жуықтас мағынада аударуынан орыс ақынының ой-пікірі мен көзқарасы ақынға етене жақын екені сезіледі. Қазақ арасына кең таратқан Лермонтов шығармалары қатарында «Ой», «Қанжар», «Жартас», «Жалау», «Теректің сыйы», «Күнді уақыт итеріп», «Өзіңе сенбе жас ойшыл», «Асау той, тентек жиын, опыр-топыр», «Тұтқындағы батыр» секілді өлеңдер – қос ақынның шығармашылық толқынысының түйісер тұсы. Абай орыс ақынының өлең-жырларын ғана аударып қойған жоқ, сонымен бірге дастандарын, прозалық шығармаларына да баса көңіл бөлді. Бір айта кетерлігі, Абай орыс өлеңдеріне тән буын, өлшемдік тұрғысындағы қалыпты заңдылықтарды аудармаға қолдана бермейді. Буын саны мен ұйқастың қазақы әуез бен ырғаққа жақын болуын қадағалайды. Сол себепті көптеген тәржіма үлгілері 11 буындық қара өлең үлгісімен жеткізілді. Бұл да болса, ақынның ұлттың әдеби қуатын арттыруға жасаған еңбегі деуге болады.
Қорыта айтқанда, Лермонтов шығармалары топырағынан өрбіген Абай аудармасы қазақ әдебиетінің тынысын кеңейіп, қазақ поэзиясы мен аудармасына оң ықпал жасады.
Мысалы, Лермонтовтың:
«Горные вершины
Спят во тьме ночной,
Тихие долины
Полны свежей мглой.
Не пылит дорога,
Не дрожат листы;
Подожди немного –
Отдохнешь и ты!» – деген өлеңін хакім Абай өз тарзысына салып тәржімалайды. Абай орыс тіліндегі ойлы өлеңді қазақ тіліне жатық, ыңғайлы тәсілмен «Қараңғы түнде тау қалқып…» деп аудара білген.
Осылайша, атақты шығарма түпнұсқасмен сабақтасып, керемет үйлесе кеткені байқалады:
«Қараңғы түнде тау қалғып,
Ұйқыға кетер балбырап,
Даланы жым-жырт дел-сал ғып,
Түн басады салбырап.
Шаңдай алмас жол-дағы,
Сыбдырламас жапырақ.
Тыншығарсың сен-дағы…
Сабыр қылсаң азырақ».
Әке ізімен
Бүгінде хакім Абайдың шығармашылығы мен өмір салтына негізделген зерттеулер көптеп саналады. Алайда сол ізденістер арасында ақынның бел баласы, Тұрағұл Құнанбаевтың «Әкем Абай туралы» атты естелігі ерекше бағаға ие. Абайтанушы ғалымдар арасында құнды жәдігер санатындағы бұл шығармада әлеуметтік орта мен ақынның дүниетанымы туралы мол дерек қамтылған. Хакімнің күнделікті дағдысы, өмірлік ұстанымы, болмыс-бітімі перзентінің танымы арқылы суреттелген.
Шағын еңбектің кереметі сол, онда белгілі де белгісіз Абай болмысы анық ашылып, өлеңге әсер еткен оқиғалар легі жеткізілген. Ақынға әсер еткен жайттар, қызықты сәттер, қызығушылығы да қалыс қалмаған.
Автор биографиялық еңбектің ілкі сөзін неліктен бұл міндетті мойнына алғанын және әке мінезін ашуда қандай жауапкершілік арқалағанын сөз етеді. Қазақы әдеп пен жөн-жоралғыны бойына сіңіре білген асыл ұл «әкесінің әдет-ғұрпын баласы жазбағы, менің білуімше, солақай секілді» дегенді айта келе, ақынның замандастары мен көзін көрген ауылдас ағайындар қатарында қаламға жақыны, көрген білгенін қағазға түсіре білері аз болу себепті жазуға келіскенін жеткізеді.
Ұлы ақынның болмысын, көзқарасын шынайы, бүкпесіз тануға жол ашатын естелік өткен ғасырдың өзінде өз оқырманын тапқан еді. Әсіресе, Тұрағұлдың әке болмысы жайлы толқи жазған сәті оқырманға ерекше әсер ете білді:
«Мен әкемнің 32 жасында, жастықтың алғашқы ағыны басылып, жігіт ағасы болып қалған кезінде туғамын. Мен әкемді танығанда, әкемнің жүзі ашық, ажары сыртында, көзі өткір, ашуы да, қуануы да жылдам, ширақ жанды еді. Мәжілісі қызықты, сауықшыл, дастарханы аса мол еді. Бір іспен қызықтамай, жай салбырап, шаруасын істеп отырмаушы еді. Маған десе малай, малшы, қызметкер қатыннан да болса, бір тәуір мінезін, қылығын тауып жақсы көріп, ойнап, қалжыңдап отырар еді», – дейді еңбекте.
Сонымен қатар Абайдың мінез-құлқы, ниеті теріс адамға жуымайтын қасиетін де тілге тиек етеді. Осыдан хакімнің адамдермен қарым-қатынас үлгісінің бір сыры, өлеңіндегі сыни ойлау жүйесі өмірлік мақсатқа айналғанын аңғарамыз:
«Еш уақытта: іші сүймеген, сенбеген адаммен мәжілістес болып, ұзақ отыра алмаушы еді. Оңдай адамдармен бас қоспақ уақыт еріксіз кез келсе, ол уақыттың өзі абақтыдан кем көрінбеуші еді. Сыпайылық, сыйлық, әдейі реттеніп, аяғын басқанын аңдып, аузынан шыққан сөзін санап отыратын адамға ешуақытта риза емес еді. Жарқын сөзбен, ашық көңілмен қалтқысыз келетін адамды аңсап сағынып, ондай адам келгенде, баласы иә туған бауыры келген кісідей қуанып қалушы еді.
Менің бала кезімде, менің әкем қаңдайлық жылы шыраймен ойнап, қалжыңдап отырса да, көңілі қайтса, қытығына тисе ашуы да тез келгіштігінен, ауылдағылар да, бәйбішелері де айғырмен ойнаған ат секілді қорқынышы кеуделерінен кетпей қымсынып отырушы еді», – деп жазған екен.
P.S. Қазақтың бойында ақын сынаған мінез-құлық, теріс қасиет барда Абайдың таным биігі өз заманы мен кейінгі қоғамнан көш ілгері болары анық. Себебі хакім қазақ бойындағы өтпелі мінезді емес, адамзаттың жаралғалы күресіп келе жатқан болмысты сынға алды. Ашкөздік, қараңғылық, талапсыздық, еріншектік, көрсеқызарлық. Сол себепті Абайдың талабы мен талғамы қазақты ғана емес, адамзатты түзейтін, сабақ алатын алтын қазығына айналуы тиіс
Берен Шағыров
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!