Сенбі, 27 сәуiр, 08:10

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Архивтен екі мыңнан аса адамның ақталғанын оқыдым

09.11.2021

3339 0

Бақытжан АХМЕТБЕК,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқытушысы, Тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының академигі, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толықтай ақтау жөніндегі өңірлік комиссия мүшесі:

ХХ ғасырдағы қазақ халқының санасындағы қанқұйлы оқиғаның бірі – қуғын-сүргін. Сонау зұлмат жылдар мен саяси репрессияның нәтижесінде Қазақстан халқы үлкен шығынға ұшырады. Тәуелсіздік алғалы жазықсыз жаланың құрбаны болған азаматтарды ақтау жұмысы жүргізіліп келеді. Осы орайда біз қуғын-сүргінге ұшырағандарды толықтай ақтау үшін құрылған республикалық комиссияның Қызылорда өңіріндегі мүшесі, аға оқытушы Бақытжан Ахметбекпен сұхбаттасқан едік.

– Бақытжан  Мұқарамұлы, сөзіміздің басын ХХ ғасырдың басындағы саяси ахуалдан бастасақ…

– Ол кезең қазақ елі үшін ең ауыр кезең дер едім. Себебі нағыз ұлт зиялылары сол уақытта өмір сүрді. Қазақтың қазіргі сара жолын салып берген де солар. Бірақ соның бәрін жоюға не себеп болды деген сұрақ туады.

Жалпы өткен ғасырда халықтың ертеңін ойлаған ұлт қайраткерлерінен қорыққан тоталитарлық билік өкілдері келер қауіптің алдын алуға барын салды. Елдің ішінен суырылып шыққан ұлт зиялыларын түбі­рімен жоюға бағытталған бұл кезең 1925 жылы қыркүйекте Қазақстандағы басшылық қызметке Ф.Голощекин келген соң мүлдем ушығып кетті. Ол елде «Кіші қазан» төңкерісін жүргізу саясатын ұстанып, ұлттың зиялыларын жаппай қуғындады. Саяси қуғын-сүргін Қазақстанда 1928 жылдан яғни Алаш қозғалысына қатысқан қайраткерлерді тұтқындаудан бастау алды. Барлығына «буржуазияшыл-ұлтшыл» деген айып тағылды. Осылайша ұлттық автономия құру идеясын қолдағандардың бәрінің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Түрмеге отырды, асылды, атылды. Жазасы жеңілі жер аударылды. Олардың арасында ғалымдар, мәдениет және саясат пен ғылымда жүрген қайраткерлер де болды. Сонымен қатар түрлі саяси желеумен олардың жа­қындары лагерьлерге айда­лып, үлкен зардап шекті. Голощекин осылайша бар­лығын ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстады. Сол кезеңде қазақ жерінде 103 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырады, 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілді. Яғни 1930-1953 жылдары қазақтың 40 пайызы қаза тапты.

– Қуғын-сүргіннің саяси-әлеу­­меттік зардабы қаншалықты зерттелді?

– Ең бірінші, саяси ахуалға тоқталайық. Жалпы кеңестік кезеңде ешқандай ел қазақ сияқты көп зардап шеккен жоқ. Яғни мақсатты түрде бір елдің саяси элитасын құрту жоспары болмаған. Бұл саясат тек бізге ғана жасалды. Оның ішінде ұлт зиялылары, әр саланың үздіктері мен білімділері, идеясы мықты саясаткерлердің бәрі қуғын-сүргінге ұшырады. Былайынша айтқанда, қазақтың бетіндегі қаймағын қалқып алды. Екінші, сол кезеңдердегі әлеуметтік жағдайға бұл оқиғалар үлкен зардабын тигізді. Себебі ғылым-білім, мәдениет, саясат саласындағы білгірлердің атылып кетуі, бұл салалардың тұралап қалуына ықпал етті. Негізгі ұйымдастырушы, бастаушы күштер кеткен соң ел әр саладағы жұмыстарды жүйелі жүргізе алмады.

Алайда айта кететін бір жайт бар. Қаншама адам қырылып, ел іші дүрбелең болса да, қазақ шегінген емес.

– Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толықтай ақтау жөніндегі өңірлік ко­миссия мүшесісіз. Қазір нақты қай бағытта жұмыс істеп жатсыздар?

– Иә, ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың 2020 жылдың 24 қарашасындағы жаппай қуғынға ұшыраған саяси құрбандарын ақтау жөніндегі шешіміне байланысты биыл  Қызылорда облысында өңірлік комиссия құрылды. Өңірлік жұмысшы тобымыз Сыр бойында 1930-1953 жылдары репрессияға ұшыраған адамдардың іс­терімен айналысады. Осы жұмыс то­бында  жүріп мен 72 адамды ақтауға ұсындым.  Біз сонымен қатар 1941-45 жылдары Ұлы Отан соғысында  жау қолы­нан түскен жауынгерлердің істерін әрі «Түркістан легионы» құрамында болған сыр­бойылықтар ақталмағандардың істе­рін және Сыр бойынан жер аударыл­ғандардың, Қызылорда облысына өзге республикалардан жер аударылып  кел­гендердің істерін қараудамыз.

– Жалпы осы кезге дейін қанша азамат ақталды?

– Негізі 2020 жылға дейін екі мыңнан астам адамның ақталғаны туралы мәлі­меттерді архивтен кездестірдім. Ал ақ­талмағандары одан да екі есе көп. Өз басым ЦПСИ архивінде жер аударылып келгендердің істерін ақтар­ғанда осында келген неміс, корей, кавказ, орыс, украин және т.б. ақталмағандардың  санын көріп айтып отырмын.

– Репрессияға ұшырағандарды ақтау жұмыстары қалай жүргізілуде?

– Жұмыс барысында  өзінің алгоритмі бо­лады. Жасаған қылмысы не әрекетіне байланысты қараймыз. Ол заманды білесіз ғой.  «Сфабрикованное дело» деген түсінік бар емес пе.

– Алаш зиялыларының ішінде Қызылордадан ұсталып, ату жазасына кесілгендері бар ма?

– Жалпы ұлт зиялылары ұлттық мемлекеттілікті жаңғыртып, қалпына келтірмей – ұлттың тұтастығы мен бірегейлігін, болашағын сақтау мүмкін есместігін анық білген ғой.  Олардың бұл әрекетін байқаған патшалық билік ұлт зиялыларын сепаратистер ретінде қудалауға алды. Өкінішке қарай, патшалық биліктің бұл әрекетін кеңестік билік те жалғастырып, ұлт-азаттық қозғалысты біржолата тұншықтырды. Жазалау бары­сында Сыр өңірінен де қаншама адам тұтқындалды, атылды. Әйгілі Зарқұм Қуанышұлы, Қожбан батыр әрі хан Жұбанұлы (1870-1930) т.б. бар тізе берсең. Ал ірі мемлекеттік дәрежедегі тұлғалар сол кездегі астанамызда істері қаралды. Атылған жерлері де бөтен жерде.

– Алматы қаласына барып, сонда мемлекеттік архивтерді ақтарып қай­тыпсыз. Онда қуғын-сүргінге ұшыраған жерлестер туралы нақты деректер бар ма?

– Алматы архивінен гөрі құпиясы ашыл­маған өзіміздің архивімізде де деректер көп кездеседі. Алматы қаласында 1930 жылы наурыз айында Қармақшы ауданынан басталған Алтын көтерілісінің басшысы, кейін Қарақұмдағы Сарман (Сырман қожа) деген жерде хан дәрежесіне  көтерілген Алтын Жұмағазы молда Бәйімбетұлы (1879-1931)  атылған. Сүйегі қай жерде екені анықталуда.

– Қызылордадан кімдер ұсталып, атылған? Нақты мәліметтер бар ма?

– Репрессия заманында атылғандар туралы мәліметтер өте құпияда ұсталған. Қарапайым адамнан басшыларға дейін сот­талғандар  туралы істерін қарап, анықтап жатырмыз.  

– ХХ ғасырдың бірінші жартысында зорлық-зомбылықпен жүргізілген саяси науқандар мен қуғын-сүргін кезінде елден кетуге мәжбүр болған босқындар арасында қызылордалықтардың саны қанша?

– Ауыл шаруашылығын күштеп ұжым­дастыру, орташаларды, кейде тіпті ке­дейлерді де кулактар қатарына жатқызу, жұртты мал-мүліктерінен айырып және дінге тыйым салғандықтан, Сыр бойы халқы да кеңестік жүйеге қарсы көтеріліске шықты. Соның бірі – 1930 жылы  Қармақшы және Тереңөзек аудандарының жерінде молда Жұмағазы хан мен батыр Қожбан хан басқарған көтеріліс.  Көтерілісшілер осы жылы Қарақұмда жиылады.

Сонда 1930 жылы 13 сәуірде Аралға келген әскери округтік  комиссия Қарақұмға үкімет комиссиясын жіберуді ұсынды. Нәтижесінде ҚАЗОАК төрағасының орынбасары Әліби Жангелдин, жазушылар Сәкен Сейфуллин мен Ғабит Мүсірепов, т.б. бар мемлекеттік комиссия Қарақұмға аттанды. Бірнеше күнге созылған келіссөзден кейін, олар қаруы бар көтерілісшілердің қаруын тапсыруға көндірді.

Осыдан кейін Сыр бойында болған көтеріліске қатысқан халықты жазалау басталды.

Тергеу ісі бойынша 400-ден аса адам қамауға алынған. Алдын ала тергеу бары­сында 195 адам қылмыстық әрекеттері дәлелденбеген соң жауапкершіліктен босатылған. Қалған  220 адамға мем­лекетке қарсы қылмыстар жасағаны үшін айып тағылған. Тергеудің аяқталуына санаулы күн қалғанда процессуальдық тәртіпке сыймайтын жол­дармен қосымша тағы жеті адамды жауапқа тартқан. Барлығы 227 адам соттан тыс Біріккен Саяси Бас басқармасының Үштігімен 1930 жылы 19 қазанда жазаланған. Оның ішінде 118 адам ату жазасына кесілген, 108 адам бас бостандығынан айырылып, концлагерьлерге жіберілген. Жалпы осындай деректер көп.

Негізі Қызылордадан жер ауда­рылғандар саны мыңнан асуы ғажап емес. Ол кезеңдерде тіпті ру, ауыл болып көшкен ғой. Қазіргі кезде олардың ұрпақтары қайтадан көшіп келіп жатыр. Бұдан бөлек сонау зобалаң жылдарда Қазақстан аумағында орналасқан лагерлерге корейлер, поляктар, Еділ немістері, Қырым татарлары, Кавказ халқы және басқа да ұлт өкілдері қоныс аударған. Олар да біртіндеп туған жеріне қайтып жатыр.

– Соңғы сауал. Жазықсыз жапа шеккен азаматтарды ақтау әлі қанша уақытқа созылуы мүмкін? Оларды толықтай ақтау үшін тағы не істеу керек деп ойлайсыз?

– Бұл жұмысты 1-2 жылда бітіру мүмкін емес. Өйткені әлі қаралмаған, архив ішінде шаң басып жатқан істер көп. Ол бірталай уақыт алады. Әр папкаң ол адамның тағдыры, оны көріп, оқып, танысып алуың керек. Бір ісің 1-2 сағат уақытыңды алуы да ғажап емес. Ол адам ақтауға лайықты ма әлде лайықсыз ба дегендей. Соны түсінуіміз керек. Бізде адамбыз. Әр шешімімізге ертең жауап береміз, бірінші Алланың алдында, сосын халықтың алдында. Бұл оңай жұмыс емес. Психологиялық тұрғыдан да. Себебі әр адамның ісі мен тағдыр талайына қа­рап, олардың қым-қуыт кезеңде басынан өткергеніне және түсінік бергеніне қарап жүрегің ауырады.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Ақтілек БІТІМБАЙ,

Суретті түсірген

Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: