Заңның қатаңдығы – тәртіп кепілі болса, рақымшылық – әділдіктің бастауындай. Жазалаудан гөрі түзеу мен қайта тәрбиелеу нәтижелі екенін кез келген құқықтық мемлекеттің тәжірибесінен аңғаруға болады. Жаңа Конституция аясында биыл мыңдаған адам өмірді жаңа парақтан бастауға мүмкіндік алып отыр. Әсіресе, ел тарихында алғаш рет енгізілген әкімшілік рақымшылық бұған дейінгілерінен ерекшеленді. Бұл жолғысы тек темір тордағыларды ғана емес, миллионға жуық қарапайым азаматты әкімшілік айыппұл жүгінен арылтпақ. Мемлекет тарапынан жасалған бұл жеңілдік кімдерді қамтиды? Мәселеге тереңірек үңілесек.
Рақымшылық – құқықтық мемлекет тәжірибесінде бұрыннан қолданылып келе жатқан маңызды институттардың бірі. Тәуелсіздік алғаннан бері 11 рет рақымшылық жасалған екен. Ал Қасым-Жомарт Тоқаев Президент қызметіне кіріскеннен бастап барлығы 4 рет рақымшылық жарияланған. Соның бірі 2022 жылғы Қаңтар оқиғасына байланысты жаппай тәртіпсіздікке қатысқан, бірақ ауыр қылмыс жасамаған азаматтарға жасалған кешірім. Нәтижесінде мыңнан астам адамға рақымшылық қолданылып, олардың бір бөлігі қылмыстық жауапкершіліктен босатылса, енді бірінің жаза мерзімі қысқартылды. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай да рақымшылық жасалған. Сонымен бірге өткен жылы Конституцияның қабылданғанына 30 жыл толатынын орай сотталған азаматтарға рақымшылық жасау туралы бастама көтеріліп жазасын өтеп жатқан 15 мыңнан астам адамға амнистия жарияланды. Соның екі мыңнан астамы бостандыққа шығып қалғандарының жаза мерзімі қысқарады. Ізгі шараның бастауы ретінде жаңа конституцияның қабылдауға арналған салтанатты шарада Президент рақымшылықтың маңызына тоқталған еді. Ел Президенті былтыр қылмыстық жауапкершілікке тартылғандарға рақымшылық жасалғанын, енді азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндірмейтін, бірақ әкімшілік құқық бұзушылық жасаған жандарға да мүмкіндік беруіміз керегін мәлімдеді.
– Елімізде әкімшілік істер бойынша рақымшылық алғаш рет жасалатын болады. Парламент қазіргі сессияның соңына дейін тиісті заң қабылдауы керек. Бұл – негізгі заңдағы адамгершілік идеалдары мен прогрессивті құндылықтарды қоғамда орнықтыратын маңызды қадам, – деді Президент.
Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен отырыста «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдауға байланысты рақымшылық жасау туралы» заң жобасы мен оған ілеспе түзетулер екінші оқылымда қабылданды. Алдын ала жүргізілген есепке сәйкес, қылмыстық рақымшылық шаралары шамамен 16,5 мың адамға қатысты қолданылуы мүмкін. Ал әкімшілік рақымшылық Ішкі істер министрлігі бағыты бойынша шамамен 1 миллион айыппұлды қамтиды. Жалпы сомасы 21,1 миллиард теңге айыппұл есептен шығарылмақ. Депутат Абзал Құспанның айтуынша, заң жобасы қылмыстық саясатты ізгілендіруге, халықтың борыштық жүктемесін азайтуға бағытталған.
– Құжатқа сәйкес, қылмыстық теріс қылықтар мен онша ауыр емес қылмыстар жасаған, сондай-ақ залал келтіруге алып келмеген не оны толық өтеген орташа ауырлықтағы қылмыс жасаған адамдарға қылмыстық рақымшылық қолданылады. Сондай-ақ теріс мінез-құлқы болмаған жағдайда, келтірілген залалдың өтелуіне немесе өтелмеуіне қарамастан, орташа ауырлықтағы қылмыс жасаған және жазасын өтеу мерзімінің аяқталуына бір жылдан аспайтын уақыт қалған сотталушылар жазадан босатылуы мүмкін, – дейді депутат.
Заң жобасында рақымшылық қолданылмайтын қылмыстардың нақты тізімі белгіленген. Аса қауіпті қылмыс жасағандарға рақымшылық қолданылмайды. Яғни, сыбайлас жемқорлыққа, терроризмге, экстремизмге қатысты, кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы жасалған, қайталанған қылмыс және қауіпті қайталанған жағдайда жасалған, қоғамдық қаупі жоғары дәрежедегі қылмыстар, сондай-ақ азаптау және жақында қылмыстық жауаптылыққа енгізілген іс-әрекеттер қамтылмайды. Бұған қоса, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына сотталғандар және сырттай сотталған адамдарға амнистия жоқ.
Биылғы рақымшылықтың басты ерекшелігі – ел тарихында алғаш рет қылмыстық рақымшылықпен қатар әкімшілік рақымшылықтың да қатар жүргізілуі. Бұған дейін елімізде бірнеше рет қылмыстық рақымшылық жарияланғанымен, әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша мұндай тәжірибе болған емес. Сондықтан жаңа заң жобасы құқықтық жүйедегі маңызды жаңашылдық ретінде бағаланып отыр. Әкімшілік рақымшылық қайталанған құқықбұзушылықтарға және соттардың қарауындағы істерге қолданылмайды. Мәселен, мас күйінде немесе есірткіге масаң күйде көлік құралын басқару, қарсы қозғалыс жолағына шығу және жол жүрісі қағидаларын өзге де өрескел бұзу кешірілмейді. Президенттің бастамасымен қолға алынған бұл қадам қоғамдағы әлеуметтік шиеленісті азайтуға және азаматтарға «жаңа парақтан» бастауға мүмкіндік беруге бағытталған. Қауіпсіздік белдігін тақпау, жаяу жүргіншілердің қателігі, жол белгілерін байқамай қалу және көлік тізгінінде телефон пайдалану. Белгіленбеген жерде темекі шегу, тыныштықты бұзу және қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдік ішу сонымен бірге жеке кәсіпкерлер, жеке нотариустар, адвокаттар және жеке сот орындаушылары белгілі бір санаттағы әкімшілік айыппұлдардан толық босатылуы мүмкін.
Азаматтарға мемлекеттік органдарға барып, өтініш жазудың немесе кезекте тұрудың қажеті жоқ. Ақпараттық жүйе деректерді өзі өңдеп, айыппұлдың жойылғаны туралы хабарламаны қолданушының телефонына SMS немесе eGov хабарламасы арқылы жібереді. Талқылауда мәжіліс депутаты Ринайт Зайытов әлеуметтік желіде пікір жазғаны үшін жауапқа тартылғандарға да рақымшылық жасауды сұрады.
– Бізде бір өкінішті жағдай әлеуметтік желіде пікір жазғаны үшін сотталып жатқан адамдар бар. Мен осы жерде барлық әріптестерімнен жалынып тұрып сұраймын, жауапқа тартылған адамдарды рақымшылық жасауға, ықпал етуге ат салысыңыздаршы, – деді ол.
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов тілшілерге берген жауабында. Бұл қадам мыңдаған тағдырға үміт сыйлайтыны жеткізді.
– Рақымшылық аясында жалпы сомасы 17 миллиард теңгеден асатын айыппұлдар есептен шығарылады. Бұл қадамның ең басты мақсаты – азаматтарымызға түсетін қаржылық жүктемені азайту. Бүгінде халықтың мойнындағы берешек салмағын жеңілдету кезек күттірмейтін мәселе болғандықтан, бұл шара әлеуметтік қолдаудың маңызды құралына айналмақ, – деді Санжар Әділов.
Заң жобасына сәйкес, қылмыстық рақымшылық ең алдымен қылмыстық теріс қылықтар жасағандарға, сондай-ақ қоғамдық қауіптілігі төмен қылмыстар үшін жауапқа тартылған азаматтарға қолданылады. Сонымен бірге келтірілген залалды толық өтеген жағдайда орташа ауырлықтағы қылмыстар бойынша да рақымшылық қарастырылған.
– Қылмыстардың қайталануы кезінде, қоғамдық қауіптілігі жоғары деңгейдегі қылмыстар, жақында криминализацияланған іс-әрекеттер жасағандарға, сондай-ақ сырттай сотталған адамдарға қолданылмайды, – деді Абзал Құспан.
Заң жобасында түрмеден босатылатын азаматтарды қоғамға бейімдеу мәселесіне де ерекше назар аударылған. Жергілікті атқарушы органдарға әлеуметтік бейімдеу және қайта әлеуметтендіру жұмыстарын жүргізу міндеті жүктеледі. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері бірнеше рет рақымшылық жариялаған. Тәжірибе көрсеткендей, рақымшылыққа ілінген азаматтардың басым бөлігі қайта қылмыс жасамайды. Егер босатылған адамдар тұрақты жұмысқа орналасып, қоғамның толыққанды мүшесіне айналса, бұл қылмыстың қайталану қаупін едәуір төмендетеді. Бұрынғы рақымшылықтар кезінде босатылған адамдардың өте аз бөлігі ғана заң бұзушылыққа қайта барған. Айта кетейік, былтыр рақымшылыққа ілігіп, 2,3 мың адам жазасын өтеу орындарынан босатылды. Солардың арасынан 8 адам қайтадан қылмыс жасап, жауапкершілікке тартылды. Заң жобасының 3-бабына сәйкес, бұрын амнистия қолданылып, қайтадан қылмыс жасаған адамдарға қатысты тағы да рақымшылық жасау шектелді.
Құжатта жазадан толық босатумен қатар, жаза мерзімін қысқарту мәселесі де қарастырылған. Орташа ауырлықтағы қылмыстар үшін сотталғандардың өтелмеген жаза мерзімі екі есеге дейін қысқартылуы мүмкін. Сондай-ақ ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін сотталғандардың да жаза мерзімін белгілі бір мөлшерде қысқарту көзделген. Дегенмен мұндай жеңілдіктер автоматты түрде берілмейді. Әрбір жағдай сот арқылы жеке қаралады. Сот азаматтың жасаған қылмысының сипатын, келтірілген залалды өтеуін, жазасын өтеу кезіндегі тәртібін және түзелу деңгейін ескереді. Егер адамның түзелмегені анықталса немесе оның әрекеті қоғам үшін қауіп төндіреді деп танылса, рақымшылық қолданылмауы мүмкін.
Рақымшылық жаза басқандарға өмірін қайта бастауға мүмкіндік береді. Түзеу мекемелеріндегі адам санын азайтып, олардың әлеуметтік ортаға қайта қосылуына жол ашады. Кейбір азаматтар алғаш рет заң бұзып, кейін өз әрекетіне өкініп, қоғамға пайдалы өмір сүруге ұмтылып жатады.
Думан КЕҢШІЛІК
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!