Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ауыл – бәріміздің алтын бесігіміз. Қалада туып, өмір бойы қалада тұрған қазақтың да тамыры – ауылда. Халқымыздың салт-дәстүрі, тілі мен ділі, бәрі де ауылда сақталған. Жаһандану дәуірінде қазақты сақтау үшін, ең алдымен, ауылды сақтауымыз керек» деген сөзі жадымызда.
Шынында, Президенттің тапсырмасымен ауылды көркейтіп, экономикасы мен өркениетін көтеруге арналған мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асуда. Күннен күнге көркейген ауыл келбетіне қарап бағдарламаның әлеуеті зор екенін бағамдадық.
Бұл жолғы бағытымыз – Қызылөзек ауылы. Мақсатымыз – мемлекеттік бағдарлама игілігімен көркейіп жатқан ауылдың өткен шағы мен жаңарған келбетін көзбен көріп, көңілге түю, ауыл бейнесін оқырманға жеткізу, ауылда жүзеге асып жатқан мемлекеттік бағдарламаның аяқ алысын бағамдау, ауылдық округтің шежірелі тарихын елге жеткізіп, бүгінгі тыныс-тіршілігінен сыр шерту.
Инфрақұрылым игілігі
Қызылөзек ауылдық округінің құрамына Қараөзек, Айнакөл және Қараөзек темір жол бекеті (стансасы) елді мекендері кіреді. Үш мыңнан астам адамға құтты қоныс болған ауылдық округтің инфрақұрылымы ерекше дамып келеді. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында ауыл тұрғындарының өзекті мәселесінің бірі электр желісін қайта жаңғырту жұмысына қомақты қаржы қаралып, 624 темірбетон тірегі орнатылып, заманауи электр желісі жүргізілген.
– Облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға А.Құнанбаев және Қараөзек бекеті-4 көшелерінің жол құрылысын маусым-шілде айларында аяқтау жоспарлануда. 3 шақырымды құрайтын Д.Сариев, Ж.Жабаев көшелері күрделі жөндеуден өтті. Қалалық бюджеттен қаралған қаржыға Айнакөл-1 көшесіне жол салынып, «Қожақ» автомобиль көпірі жөнделді. Жергілікті бюджеттен үнемделген қаражатқа кіреберіске жол таңбасы сызылып, 22 көшеге жол белгісі жаңадан орнатылды. Ауылдық округтегі 21 көшенің 18-і жарықтандырылған. Көгілдір отынға қол жеткізер күн де жақын. 2025 жылы «Ауылдық округке қарасты 3 елді мекенді ілеспе газбен қамтудың» жоба-сметалық құжаты әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы шыққан болатын. Бүгінде қалалық құрылыс бөлімі тарапынан жобаны республикалық бюджеттен қаржыландыру жөнінде облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына бюджеттік ұсыным берілді, – дейді ауылдық округ әкімі Сәкен Әбдіжаппар.
Абаттандыруға да көңіл бөлінуде. Ауылдың көркін ашатын балалар ойын алаңы өткен жылы жергілікті бюджеттен қаралған 4 млн 348 мың теңге қаражатқа «Қараөзек» бекетінен салынса, биыл «Айнакөл» елді мекенінде салынбақ. Былтыр Қараөзек ауылындағы «Тағзым алаңы» жөнделіп, ауласы жаңарды.
Демеушілер есебінен Қараөзек ауылының кіре берісіне елді мекеннің атауы жазылған метал арка және бірнеше билборд тұғыры орнатылып, соғыс және еңбек ардагерлерінің баннерлері ілінгені – өткен тарихқа құрмет пен тағзымның белгісі.
Жолаушылар тасымалы да жолға қойылған. №29 «Қызылорда-Қараөзек» бағытындағы автобус күніне 4 мезгіл қатынап, тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуде. Қалада жұмыс істейтіндер мен студенттер үшін бұл қолайлы мүмкіндік.
Ауылдық округ аумағы Сырдария өзені деңгейінен биік орналасуына байланысты жаз маусымында аяқсу тапшылығы туындап отырады. Соған сәйкес ауыл әкімдігі меншігіндегі электр және дизельдік насостық қондырғылары «Сырдария» және «Қараөзек» арналарына орнатылып, 3 елді мекенге аяқсу беру мақсатында су заңнамасының талаптарына сәйкес насостық қондырғының құжаты мен жер телімін рәсімделуде.
Кәсіп көзін тапқан тұрғындар
Бүгінде ауылда 210 кәсіпкерлік нысан жұмыс істесе, жыл басында 5 жаңа жұмыс орны ашылған.
Кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламаның ауыл халқына жәрдемі көп екенін түсіне бастаған қызылөзектіктер жеке, қосалқы шаруашылықты дамытып, табысын арттыруда.
Мәселен, жыл басынан «Ауыл аманаты» жобасы аясында 1 азамат «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ арқылы арқылы 8 млн теңге несиеге асыл тұқымды сиыр алып, мал шаруашылығын дамытуды көздеп отыр. Бұған қоса, «Ауыл аманатына» құны 21,6 млн теңгені құрайтын 2 жоба ұсынылған.
Сонымен қатар «Сабыр» шаруа қожалығы «Сырдария» несие серіктестігі арқылы жеңілдетілген пайызбен 20 млн теңге несие алып, қой шаруашылығымен айналысуда.
Өткен жылы 2 тұрғын «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» 20 млн теңге несиеге қол жеткізсе, 3 ауыл тұрғыны 4 млн 716 мың теңге қайтарымсыз грант ұтып, өз кәсібін бастаған. «Ауыл аманаты» бойынша өткен жылы 1 жоба қолдау тауып, кәсіпкер тігін машина алып, тоқыма өнімін шығарып, 3 адамды жұмыспен қамтуда. Осылайша, өткен жылы қызылөзектік 6 азамат 26 млн 716 мың теңге қаражатқа қол жеткізіп, ауылдың әлеуетін көтеріп отыр.
«Жарасым» шаруа қожалығы қала халқын ең төмен бағада ет өнімдерімен қамтамасыз етуде. Шаруа қожалығы төрағасы Нариман Абсейтов – Қазаөзектің тумасы. Өзі туған мекенге демеушілік жасап, «Туған өлке» номинациясымен марапатталған. Көкпаршы, Қызылорда облыстық көкпар федерациясының президенті. Бүгінде қожалықта 100 бас жылқы, 100 бас сиыр бар. Жеке шаруашылық 20-ға жуық тұрғынды жұмысқа алған. Қаланың әлеуметтік мәселелерінің шешілуіне тұрақты атсалысып, қайырымдылық көрсетіп келеді. Ауылдастары қайырымды азаматын мақтан етеді.
«Әліп» шаруа қожалығы да 2018 жылдан бері мал шаруашылығымен айналысып келеді. Ауылдың әлеуетін көтеруге шаруа қожалығы төрағасы Әліп Рахымжан үлес қосуда. Бүгінде қожалық 58 бас сиыр, 16 бас жылқы өсіріп отыр.
Бұған қоса, жылы органикалық тыңайтқыш өндіру мақсатында «Сырдария-Көкшетау» несие серіктестігі арқылы 7 млн теңге жеңілдетілген несие алып, 1 МТЗ-82 тракторы мен жетегін сатып алды. Сол уақыттан бері мал шаруашылығымен қоса, «Калифорниялық шылаушын» өсіріп, органикалық тыңайтқыш «Биогумус» өндірумен айналысып келеді. Бастапқы уақытта 1 шаршы метр жерден бастаса, қазір өнім көлемі 100 шаршы метр аумақты қамтып отыр. Өндірген өнімін дихандар мен ағаш өсірумен айналысатын мекемелерге, негізгі бөлігін көкөніс өсіретін жеке тұрғындарға өткізуде.
– Калифорния шылаушыны тамақты көп талғамайды. Екі шаршы метрден жылына бір тонна биогумусқа дейін алуға болады. Жәшікті дайындағанда астына дренаж қызметін атқаратын құм салады. Мұнан соң 1-2 см топырақ, 3-5 см тамақ қалдықтары, қайтадан 1,2 см топырақ салады. Арасына жұмыртқа қабығының ұнтағын салу керек. Себебі құрттар қышқыл ортаны ұнатпайды. Қыста жылы жерде ұстап күн жылынған кезде бау-бақшаға жіберуге болады. Өсімдік қалдығының барлығымен қоректеніп, оны қара шіріндіге айналдырады. Шұбалшынның өнімі биогумус кез келген егін мен бау-бақшаны жайқалтып жібереді, диқан өнімді еселеп алады. Әсіресе жылыжай егіндері мен гүлге беру өте пайдалы. Мұндай тыңайтқыш берілген жер төрт жылға дейін өзінің жоғары құнарлылығын сақтайды, – дейді кәсіп иесі.
Жұмыссыздар азайған
Ауылдық округте жұмыссыздық деңгейі төмендеп, әлеуметтік аз қамтылған отбасылары мемлекет тарапынан жәрдемін тұрақты алып отыр. Жергілікті тұрғындардың 1-і жастар тәжірибесімен, 16-ы қоғамдық жұмыспен қамтылса, 7-і тұрақты жұмысқа орналасқан. Мемлекет тарапынан 9 отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалса, жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен әлеуметтік жағынан аз қамтылған 16 отбасына азық-түліктей және басқа да қолдау жасалған. Білім, денсаулық, мәдениет саласы бойынша ілгерілеушілік бар. Ауылдық округтегі үш орта мектепте 578 оқушы білім алуда. №39 мектепте 58 балаға арнайы автобуспен тасымал қызметі көрсетілсе, 306 бала ыстық тамақпен қамтылған. 2025-2026 оқу жылы мектеп бітіруші 37 оқушының 31-і ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысады. Мектеп бітіруші 10 түлектің 7-і Алтын белгіге, 3-і Үздік аттестатқа үміткер. Ауылда 2 медициналық пунктте 2 дәрігер және 10 медицина қызметкері тұрғындарға сапалы қызмет көрсетеді. Айнакөл және Қараөзек стансасындағы медициналық бекеттер 2011 жылы ашылса, Қараөзек ауылындағы жаңа дәрігерлік амбулатория мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 2020 жылы пайдалануға беріліп, жаңа жедел-жәрдем санитарлық автокөлігімен жабдықталған. Ауылдық округтегі клубта «Әжелер» ансамблі мерекелік шараларда ән мен жырдан шашу шашса, «Бозторғай», «Көркемсөз», «Жауқазын», «Шертпе», «Қолөнер», «Жасstar» үйірмелері жас буынның талантының шыңдалуына жәрдем беруде. Иә, «Қызылөзекте» қай жағынан қарасақ та алға адымдап өркендеу бар. Бұл мемлекеттік бағдарламаның игілігі екені сөзсіз.
Бетті дайындаған: Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
Суретті түсірген: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
