Сенбі, 06 маусым, 01:17

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№42 (2254)
06.06.2026
PDF мұрағаты

Балам әлсіз демеңіз …

06.06.2026

28 0

Сәби дүниеге келген сәттен бастап оның денсаулығы мен болашағы көбіне ананың қамқорлығына байланысты. Сол қамқорлықтың ең маңыздысы – ана сүті. Дәрігерлер ана сүтінің нәресте үшін таптырмас қорек екенін қанша айтқанымен, соңғы жылдары сәбиін емізуден ерте бас тартатын немесе мүлде емізгісі келмейтін аналардың қатары көбейіп барады. Неліктен?

Адам бойындағы барлық асыл қасиет атаулы әкенің қанымен, ана сүтімен даритыны анық. Ал алпыс екі тамырын идіртіп, мейірімінен төгілген қасиетті ана сүтінің орны тіптен бөлек.

Бүгінде жас аналар бала емізуді машақат көріп, жасанды сүт беруді оңай санайтынын көзіміз көріп жүр. Ал ғылыми зерттеулер сәбидің дені сау болып өсуі үшін екі жыл толық емізу керектігін дәлелдеп отыр.

Сәбиге ең қажет, ештеңемен алмастырмайтын ана сүті сан түрлі дәруменге толы. Айтар болсақ,  ана сүті ақуыз, май, түрлі дәрумендер, минералды тұздар мен өмірлік маңызы бар микроэлементтерге бай болып келеді. Сондай-ақ баланың интеллектін де қалыптастыра алады. Өз мезгіліне жете емген сәбиде дәрумендер молынан болары сөзсіз. Демек, жасына сай, дені сау болып өседі. Қазақтың «Ана сүті бой өсіреді, ана тілі ой өсіреді» деген қанатты сөзі бекер айтылмаса керек. 

   Осы мәселе төңірегінде №3 қалалық емхананың педиатр-дәрігері Ұлпан Ибраеваның  пікірін білген едік.

  –  Медицинада нәрестеге уыз берудің пайдасы зор екені дәлелденген. Сондықтан жарық дүние есігін ашқан шақалақты бірден анасының омырауына жатқызады. Анасына емізуді міндеттейді. Себебі ананың сүті жас нәрестені қоректендіріп, кез келген жұқпалы аурулардан сақтайды. Ол сәбидің ми жасушасының көбеюін және жүйке жүйесінің дамуын жеделтетін қоректік заттарға өте бай. Сондай-ақ аллергиялық аурулардың, диабеттің, артық салмақтың, қан аздықтың алдын алады. Ана сүтін толық емген баланың ақыл-ой зеректігі жоғары болады, әрі анаға жақын, бауырмал болып өседі. Ғалымдардың соңғы зерттеулері бала үшін ана сүтінің маңызды екенін күн сайын дәлелдей түсуде. Өйткені баланы омыраумен емізу бала мен ана өмірі үшін пайдалы. Омыраумен емізу нәрестені тамақтандырудың ең қауіпсіз тәсілі. Ана сүті – сәби үшін алғашқы вакцина. Бұл – ауруларға қарсы алғашқы және ең тиімді күрес. Ананың нәрестені туған сәтте бірден құшағына алуы сәбиді жылытады, иммундық жүйесін нығайтады, ана мен бала арасындағы сүйіспеншіліктің пайда болуына ықпал етеді, ананың сүтін молайтады. Ана сүті – балаға арналған тамақ ғана емес, сонымен қатар әр баланың қажеттіліктерін ескере отырып жасалған, түрлі аурулардың алдын алуға арналған күшті дәрі. Ему кезінде баланың бүкіл ағзасы жұмыс істейді. Бастағы қан айналымы жақсарып, жақ сүйектері мен ауыз, ерін бұлшық еттері тез жетіледі. Алғашқы сүт немесе ақ уыз нәрестені аурулар мен өлімнен қорғайтын элементтерге бай. Уыз құрамы сәбидің әл жинауына, тез ширауына қажетті дәрумендерге өте бай. Нәресте өскен сайын оның қажеттілігіне қарай әр әйелде ана сүті құрамындағы қоректік заттар да қоса өзгеріп отырады. Қазақтың әлсіз, әлжуаз балаларды көргенде «уызға жарымаған» деп жататыны осыдан. Сол себепті ана сүті – нәрестенің дұрыс өсуінің негізі. Ана сүті нәресте миының дұрыс дамуына, инфекциялардан қорғауға ықпал етеді, – дейді маман.

Рас, қазіргі таңда көп жас аналар баланы емізуден гөрі жасанды сүтті ыңғайлы көреді. Алайда, бұл баланың денсаулығына қауіп төндіріп жатқанын  біле бермейді. Зерттеулерге сүйенсек, соңғы жылдары түрлі себептерге байланысты кейбір аналар жасанды сүт беруді таңдап отыр. 

– Бұл жерде аналарды кінәлаудан бұрын, оларға дұрыс ақпарат беріп, психологиялық және медициналық қолдау көрсету маңызды.  Себебі бала емізу – тек тамақтандыру ғана емес, ана мен сәби арасындағы ерекше байланысты қалыптастырады. Маман ретінде айтарым, әрбір тамшы ана сүті баланың иммунитетін нығайтып, денсаулығына оң әсер етеді. Сондықтан болашақ ұрпақтың денсаулығын нығайтудың ең тиімді жолдарының бірі – ана сүтімен қоректендіру мәдениетін кеңінен насихаттау және жас аналарға жан-жақты қолдау көрсету. Алғашқы алты айда ана сүті баланың барлық қажеттілігін толық қамтамасыз етеді. Бұл кезеңде нәрестеге су, шай немесе басқа да тағамдар қажет емес. Дүниежүзілік денсаулық ұйымы алты айдан кейін қосымша тағам енгізіп, емізуді екі жасқа дейін және одан да ұзақ жасқа жалғастыруды ұсынады, – дейді Ұлпан Қазбекқызы.

  Иә, әлемдегі ең тәтті дәм – ананың сүтінде. Оның құнарлығы мен нәрлігіне күмән келтірмек түгілі, ерекше құпиясына ғылыми дәлелдеме қажет емес. Ана сүті таптырмайтын қорек, барлық ауру – індеттен қорғаушы адамзаттың теңдессіз әуелгі асыл тағамы. Осыны жадына ұстаған көпбалалы ана Толқын Жүнісбай баланы екі жасқа дейін емізуді жөн санайды.

 – Мен үшін баланың денсаулығы бәрінен маңызды. Бүгінде балалар аурушаң, әлсіз. Себебі, жас сәбиге түрлі қоспасы бар сүттерді береді. Олардың ешқайсысы ана сүтімен салыстыруға келмейді. Қазіргі уақытта жас аналар түрлі жағдайларға байланысты жұмысқа ерте шығып кетеді. Балалардың көп ауыратыны да  балаға көп көңіл бөлмеуден деп ойлаймын,   – дейді ол.

   Сондай-ақ  бала емізу ананың денсаулығы үшін де маңызды. Акушер мамандардың сөзіне сүйенсек, баланы емізу – сүт безінің қатерлі ісікке шалдығу қаупін он есеге, жатырдың қатерлі ісікке шалдығу қаупін екі есеге төмендетеді. Ал психологиялық тұрғыдан алғанда ана жүрегінің соғысы баланы тыныштандырса, баланың емуі анасының шаршағанын басады. Қай жағынан алып қарағанда да ана сүтінің орнын ешқандай тағам алмастыра алмайды.

    Қорыта келгенде, ана сүтінің бала денсаулығы үшін маңызы зор. Сол арқылы нәзік жандар ұрпағының  ширақ, денсаулығы мықты болуын қамтамасыз етеді. Дені сау – ұрпақ ертеңгі ұлт болашағы, келешектің тұтқасы. Қазіргі балалар аурушаң болуда. Сәбиі көп ауыратын аналар осы мәселенің шешімін таба алмай жүр. Демек, уызына жарымаған ұрпақ өсірмеу ананың өз қолында.

 Айтолқын  АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: