Сыр елі қара уылдырық жеп, бекіренің сорпасын ішетін күн жақын. Талсуаттық кәсіпкер бағалы балық түрін өсіруді қолға алған.
«Хан Бекіре – 11» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің иесі Ғалымжан Нағиев құқық қорғау органында талай жыл еңбек етіп, подполковник шенімен отставкіге шыққан. Алғашқыда Сыр өңіріне тән сазан, дөңмаңдай, амур балықтарын өсіріп жүріпті. Бекіре шаруашылығына ден қойғалы небәрі екі жыл. 60 жыл бұрын жоғалып кеткен бекіре Қызылорда климатына бейімделіп келеді.
– Біздің өңірде бекіре 1964 жылы ресми түрде жойылған екен. Бұрын Арал өңірінде, Қамбаш көлінде тіршілік еткен балық түрін неге қайтадан қолға алып өсірмеске деген ой келді. Алдымен бағалы балықты Сырдария суында өсіру қаншалықты нәтиже береді екен, химиялық құрамы балық ағзасына зиян болмай ма деп байқап көрдім. Нәтиже жаман болмады. Алғашқы тәжірибемді Түркістан облысы, Төлеби ауданының Леңгір қаласында өткіздім. Бұл өңірде су таудан келетіндіктен таза болып есептеледі. Қазір игі бастаманы туған өлкемде жалғастырып, Талсуаттан бекіре тұқымды балық өсіруді қолға алдым, – дейді кәсіпкер.
Осыған дейін өз қалтасынан 18 млн теңге қаржы жұмсаған кәсіп иесі «Amanat» партиясының «Ауыл аманаты» жобасына қатысып, мемлекет көмегін алды.
– Елдімекенде өткен жылы «Хан Бекіре – 11» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылып, бекіре өсірумен айналысуда. Су маржандары мұнда тереңдігі 50 метр болатын жерасты ұңғымасы арқылы тазарту сүзгісінен өткен суда өсіріледі. Жеке кәсіпкер Ғалымжан Нағиев шаруашылықтың құрылыс жұмысына және толық жабдықталуына «Ауыл аманаты» жобасымен 31, 4 млн теңге несие алған еді. Бұл ауылдағы балық шаруашылығын дамытуға бағытталған аса ауқымды жоба. Мұнда жылына 40000 тонна бекіре балығы өндірілмек. Кәсіп иесінің жоспары алдағы уақытта ауыл, қала, көршілес елдерге балық өнімінің түрлерін ұсынып, ел қажетін өтеу, – дейді ауылдық округ әкімі Ерлан Бейсенбаев.
Бұрын бекіре ауқаттылардың дастарханында, Каспии жағалауында болатын. Бүгінде асыл тұқымды балық жергілікті климатқа бейімделіп, Сыр суында еркін жүзіп жүр. Кәсіп иесі көңіл қуантатын нәтижеге жету үшін 2 жыл шетелде тәжірибе жинаған. Қазір аядай ғимаратта 5000-ға жуық балықты баптап отыр.
– Мақсатым – осы балықтарды біздің суға бейімдеу. Осы балықтан уылдырық шығарып, Қызылорда облысының балығы деп есептеп, дариямызға да, теңізге де жіберуімізге болады. Бекіренің табиғатта ұрық шашып, көбеюі қиындау. Өйткені асыл тұқымды балықтар тек бірнеше жылдан кейін ғана уылдырық шашып, көбейеді. Бұл балықтың ерекшелігі денесі құрт, микроб қабылдамайды. Керісінше балықта адам ағзасына пайдалы дәрумен өте көп. Басқа балықтардағыдай тікен болмайды, тек шеміршек бар. Бекіре – балықтың ішіндегі әлсізі. Салмағы 5 грамнан асқасын ғана иммунитеті көтеріледі. Балықтың жемін Иран, Қырғызстан, Германия, Алматыдан алдырамыз. Күніне 4 сағат сайын 6 рет жем беріледі, – дейді су маржанын өсіруші кәсіпкер.
Айта кетейік, бекірені әдетте «балықтың патшасы» деп атайды. Өте бағалы балық болғандықтан кәсіптік маңызы зор. Қара уылдырығы мен құнарлы, әрі сіңімді еті әлемдік деңгейде өте жоғары бағаланады. Қазіргі кезде кәдімгі бекіре бұрынғы таралу аумақтарында сирек кездесетіндіктен, әрі саны аз болғандықтан барлық мемлекеттердің қызыл кітабына енген. Еліміздің баға жетпес байлығы болып саналатын бекіре өсіруді қолға алған кәсіпкердің кәсібі берекелі болсын.
Бетті дайындаған: Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА
Суретті түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!