Жаздың алғашқы күні келіп, күн ысығанда жұртшылық су айдындарына асығатыны анық. Келушілердің демалыс қауіпсіздігі басты орында. Өкінішке орай, суға түсу кезінде жазатайым оқиғалар тіркеліп, адам өміріне қауіп төндіретін жағдайлар орын алып жатады. Осыған орай жаз маусымы басталған шақта Төтенше жағдай басқармасы мен БАҚ өкілдері қатысқан су айдындарындағы ахуалды анықтау үшін рейдтік іс-шара өтті.
«Қауіпсіздік ережесін қатаң сақтаңыздар! Ата-аналар балаларыңызға ие болыңыздар! Суға баспен секіруге болмайды» – бақылау іс шарасы төтенше жағдай басқармасының аға инженері Элдар Талғатұлының дабылды үнімен басталды. Қалада тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ауқымды шаралар өтуде. Қазіргі уақытта барлық қажетті құралдармен және кәсіби жабдықталып, шомылуға рұқсат етілген 2 жағажай жұмыс істеп тұр. Соның бірі – тұрғындар көп жиналатын Эдельвейс шағын ауданының маңындағы қалалық жағажай. Демалыс орны кәсіби құтқарушылар және қажетті құрал жабдықтармен жабдықталған. Тұрғындардың жайлылығы үшін пирс, ал кешкі уақытта қызылды-жасылды шамдармен көмкерілген.
– Суға түсу аймақтарындағы қауіпсіздік басты міндетіміз. Жазғы маусымға дайындық барысында келушілердің қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлдік. Қазіргі уақытта нысан техникалық қауіпсіздік талаптарына сай. Оқыс оқиғалардың алдын алып, балалардың терең аймаққа өтіп кетпеуі үшін арнайы қоршаулар орнатылған, – деді қалалық жағажай әкімшісі Фарида Искакова.
Нысанды аралау барысында, су бойындағы қауіп-қатердің алдын алуда кәсіби мамандардың қырағылығы қажет.
– Жағажайда қауіпсіздікті бақылау үшін барымызды саламыз. Жасөспірімдердің суға түсетін аумақтың белгіленбеген бөлігіне өтіп кетпеуін қадағалаймыз. Сонымен бірге әрбір келушіге арнайы су жилеттерін береміз, – дейді аға құтқарушы Ербол Нұралиев.
Мамандардың айтуынша бұл мәселеде құтқарушылардың жұмысына сеніп отыру жеткіліксіз. Себебі, бала қауіпсіздігіне бірінші кезекте ата-аналары тікелей жауапты. Балаларға бейтаныс әрі тереңдігі белгісіз жерлерге секірудің қауіпті екенін ескерту, ағысы қатты суға жақындамау қажеттігін ескерту қажет. Сонымен бірге «Суға түсуге тыйым салынады» деген ескерту белгілері орнатылған аймақтарға бармауын қадағалау керек.
Қайғылы жағдайдың алдын алу үшін суға түсуге белгіленбеген қауіпті аймақтарда құзырлы органдар тарапынан мониторинг жүргізілуде. Суға түсуге белгіленбеген жерде шомылу жағдайларын болдырмау үшін профилактикалық шаралар күшейтілді.
– Қала аумағында суға түсуге қауіпті 16 аймақ бар. Қазіргі таңда сол маңайлар тұрақты бақыланып, кешкі уақытқа дейін кезекшілік ұйымдастырылады. Сонымен қатар белгіленбеген орындарда суға түсу дерегі бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 412-бабымен жауапкершілік көзделгенін ескертеміз. Балаларды қараусыз қалдырмауын ата-аналарға ескертеміз, – деді төтенше жағдайлар басқармасының аға инженері Эльдар Есенгелдиев.
«Ақмешіт-ақпарат»
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!