Қызылорда облысында биылғы жылдың алғашқы үшемі дүниеге келді. Сырдария ауданының Бесарық ауылында тұратын Нұрсұлтан Берікбол мен Мөлдір Бекбаулының шаңырағында үш бірдей қыз бала дүниеге келіп, отбасы қуанышын еселей түсті.
Наурыз айында жүктіліктің 32 аптасында дүниеге келген сәбилерге Хадия, Дария және Жәния есімдері берілген. Нәрестелердің туған кездегі салмақтары 1210, 1470 және 980 грамм болған.
Шала туған шақалақтар облыстық ана мен бала орталығының жоғары тәуелділіктегі нәрестелерге арналған арнайы күтім бөлімшесінде екі ай бойы ем қабылдап, дәрігерлердің тұрақты бақылауында болды. Мамандардың кәсіби көмегі мен заманауи медициналық күтімнің нәтижесінде олардың жағдайы жақсарып, салмақтары айтарлықтай артқан. Яғни 2390, 3390 және 2060 граммға жеттi.
– УДЗ тексерісіне келгенде егіз немесе үшем күткен жоқпын. Дәрігерлер бұл жаңалықты айтқанда қатты таңғалып, алаңдадым. Кейінгі тексерулердің бірінде үшінші нәрестеге ауа жетіспей жатқаны анықталып, дәрігерлер шұғыл түрде кесір тілігі арқылы босандыру туралы шешім қабылдады. Мамандардың біліктілігінің арқасында ота сәтті өтіп, үш күн ішінде өз қалпыма келдім. Қазір балаларымның жағдайы жақсы, – дейді көпбалалы ана Мөлдір Бекбаулы.
Облыстық перинаталдық орталықта дүниеге келген үшемдерді арнайы құттықтауға облыстық денсаулық сақтау басқармасының ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің басшысы Айгүл Асылбекқызы барып, жас отбасыға басқарма атынан сый-сияпат табыс етті.
Бұл – өңір медицинасының мүмкіндігі мен дәрігерлердің кәсібилігінің нәтижесін көрсететін қуанышты оқиға. Ал үшем қыздардың өмірге келуі жас отбасы үшін ғана емес, барша сырбойылықтар үшін де ерекше сүйінші жаңалық болды.
Дильназ МАХАМЕДЖАНОВА,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 1 курс студенті
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!