Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрында Сырдың дарабоз ақыны Дүйсенбек Аяшұлының 60 жылдық мерейтойына арналған дүбірлі кеш өтті.
«Сырдың Қадыры» аталып кеткен жыр алыбының мерейтойын Сырдың сыршыл ақын қызы Толқын Қабылша жүргізді. Қарымды қаламгерді облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов құттықтап, облыс әкімінің Құттықтау хатын табыстады. Ізгі тілегін арнап, ақынның иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.
Алмас жырдың алдаспанына айналған, өмірін өлеңмен өрген, жүрегін жырмен табыстырған ақынды жазушы, драматург, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Жолтай Әлмаш, жыршы, этномузыкатанушы, фольклорист, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Берік Жүсіпов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Жарасқан Әбдірашев атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты Толыбай Абылаевтар арнайы келіп, құттықтап, өз ықыластарын білдіріп, жүрекжарды тілектерін жолдады.
Кеш барысында ғажап ғазал жырларымен оқырманын поэзияның інжу-маржанына малындыра білетін ақжүрек ақынның «Жұлдызым жоғары» кітабының тұсауы кесілді.
Алыстан ат терлетіп келген Елмұра Жаңабергенова да кеш сәнін кіргізіп, әдемі кешті әнмен әрледі. Руханияттың кешінде ақынның сөзіне жазылған «Жүрек сөзі», «Ғашығым», «Ана құдіреті», «Байқоңыр», «Шиелі», «Нұр-Астана» әндері шырқалды.
Дүйсенбек Аяшұлының «Дарияның өткелінде» өлеңіне қойылған бейнеқойылымда туған жер, өскен өлке алдындағы перзенттік қарыз бен парызды түйістірген Ботабайдағы балалық шағы көрсетілді. Ақыннын ардақтаған әлеумет мерейтой иесінің өлеңдерін көрермендер залына қойылған микрофондарға келіп, жатқа оқыды.
Шара соңында үлкен руханият кешіне негізгі себепкер болған мерейтой иесі Дүйсенбек Аяшұлы сөз алып, өз ризашылығын білдірді. Мерейтой Сыр өнерпаздарының орындауындағы «Нұр-Астана» әнімен өз мәресіне жетті.
А.БАЙ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!