Сенбі, 21 желтоқсан, 23:08

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Ақынның әдеби мұрасындағы айтыс өнері

30.10.2021

1609 0

Жер бетінде қанша ұлт болса, сонша ұлттық ерекшелік, дәстүр жүйесі бар. Әр халықтың туа бітті болмысына, өмір сүру жағдайына орайлас қалыптасқан осы дәстүрлердің тозығын уақыт өзі екшеп, озығын ел кәдесіне жаратып жатса, адамзат көшінің ілгері озуына септігін тигізбек. Ақындар айтысы туралы түйінді тұжырымдар ХІХ ғасырдың екінші жартысынан басталады. Айтыс жанрын қазақ ғылымында арнайы зерттеу А.Байтұрсынұлынан бастап М.Әуезов, С.Мұқанов, М.Ғабдуллин, Б.Кенжебаев, Е.Ысмайылов, Қ.Жұмалиев, Ә.Қоңыратбаев, М.Қаратаев, еңбектерінен кездестіреміз. Қазіргі кезеңде Р.Бердібай, Т.Кәкішұлы, Р.Нұрғали, С.Қасқабасов, М.Жолдасбеков, Х.Сүйіншіәлиев, С.Негимов секілді ғалымдар еңбектерінен жалғасын тауып келеді.

Қазақ әдебиетінде айтыс өнері, айтыс жанры туралы тың мәселе көтеріп, жинақтап пікір айтқан-жазушы, ғалым – Сәбит Мұқанов. Ол ақындар айтысын бес жүйеге бөліп, айтыстың ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті тарихындағы маңызына айрықша тоқталады.

Біздің зерттеу нысанымыздағы айтыс – халықтың рухани азығы, идеологиялық тәрбие құралы. Ал негізін салушылардың бірі Жамбыл бабамыздың айтыстарының тақырыптық, көркемдік ерекшеліктерін көрсету арқылы жас ұрпаққа тәрбие беру, сөз өнерінің құдіретін түсіндіруді мақсат еттік.

Жақсылық-жамандықты тексереді,

Кім жүйрік, кім шабаны екшеледі.

Елімнің ерлігімен мақтанамын,

Сырт дұшпан көрген бізді сескенеді, – дейді Жамбыл Жабаев.

Иә, Жамбыл айтысы тақырыбының ауқымы кең. Оның айтыстарында заман, қоғам, адам туралы бүгінгі күннің шындығы молынан қамтылған. Ол сонысымен де айтыс өнерінің саяси, әлеуметтік, идеологиялық және тәрбиелік мәнін аша түседі.

Қай ұлтты алып қарасақ та, оның мәдени танымы, жан дүниесі ұрпақтан-ұрпаққа тілі арқылы жетеді. Айтыстың – ата-баба мұрасы болғандықтан да, қазіргі көпшіліктің сұранымына ие болып отырғандықтан да өміршең бола бермек. Кешегі мен бүгінгі айтысты қай жағынан алып салыстырсақ та бағасы төмендемегеніне халықтың көзі жетеді.

Жамбыл мен Құлмамбет арасында болған айтыстың болған уақыты мен өткен жеріне байланысты зерттеушілер арасында кереғар пікірлер мен тұжырымдардың бары рас. Ж.Жабаевтың 1946 жылы шыққан жинағында 1881 жылы болды десе, енді бір зерттеушілер 1897 жылы Сүйінбай ауырып, хәл үстінде жатқанда болған дейді. Жамбыл ақынның өзі осы айтыс туралы: «-Ойбой, оны мен жеңгенім жоқ, атамыз Қарасай мен ақиық ақын Сүйінбайдың әруағы жеңдірген. Әйтпесе, Құлмамбет дегендерің ол кезде аузымен құс тістеп, шүйлігіп тұрған кезі еді. Болмаса үш дуан бас қосқан сол топта он бір ақынды жеңіп, домбырасын керегеге байлап қоя ма?» – деген екен. Міне, осы айтыстан соң Жамбыл есімі айтыс өнері тарихында өзіндік қолтаңбасын қалдырды десек болады.

Түлен түртіп отырма, таз Құлмамбет,

Керіқұл мен Сақаудан аз Құлмамбет.

Алақандай басыңның бір қылы жоқ,

Боласың неменеге мәз, Құлмамбет.

Құлмамбет, мен білемін, түбің Уақ,

Арқадан кісі өлтіріп келдің шұбап.

Басыңды осы арада кесіп алсам,

Кісі жоқ қылмысыңнан алар ақтап, – деген жолдардан ойды жеткізудегі өткірлігін көреміз.

Айтыста қарсыласты қайтсем жеңем деп емес, жұртқа өтімді сөз айтсам деген мақсат тұруы тиіс. Бұл туралы сыншы ғалым: Рахманқұл Бердібаев былай деп жазады.

«Айтыс сөз тапқырлығының ғана жарысы емес, ол халықтың теңдесі жоқ тамашаға кенелетін орны. Қалың елдің көз алдында жеке де, қоғамдық та мәселенің неше алуанын батыл да, айқын да көтеретін мүмкіндік тек айтыста ғана бар. Жазба ақындардың туындысы оқушысын тапқанынша, бағасын алғанынша біраз уақыт керек, ал айтыс ақынының әрбір сөзі елдің алдында бірден айтылып, әлеуметтік те, эстетикалық та міндетін орындап отырады. Ал ақынға айтқан сөзі халықтың көкейіне қонып, санасына ұялағанын көруден артық мұрат бар ма? Ендеше жазба туындыдан түр жағынан ұтылатын айтыс өлеңі өзінің пәрменділігі жағынан анағұрлым жоғары тұрады. Фольклор бір жағынан

«ескіргендеу» болып көрінгенмен, онда ешбір жазба шығарма айта алмаған көркем әсіреулер, мәңгілік мәнін жоймас бейнелер бар», – деп жазады.

Жамбыл айтыстарынан қыз бен жігіт айтысының да озық үлгілерін көреміз:

Жамбыл:

Айкүміс, асықпауға шамам бар ма?

Жасшылық ұрындырды талай жарға.

Сен үшін жатсам, тұрсам арманым көп,

Жем болып кете ме деп жамандарға, – десе

Айкүміс:

Біле ме пенде шіркін өз кемісін,

Ел кезіп, есер мінез сен де жүрсің.

Жаралған жат жұрттыққа ұрғашымыз,

Жарқыным, өкінбеші сен мен үшін! – деп өткір жауап береді.

Жамбыл ақын да өз кезегінде:

Барарсың бір жаманға өзің қор боп,

Отырсың қарқарадай әзір зор боп.

Көзіңе көк шыбынды үймелетер,

Көргенің өле-өлгенше ылғи сор боп, – деп өз ойын түйіндейді.

Айтыс әрі қарай да осындай өткір әзілдерге ұласады.

Жамбыл көзі көріп, көңілі сезіп тұрған шындықты өткір айта алған ақын. Бөлтіріктің адуынын бағалай тұра, намысты қолдан бермеу керектігін біліп, жігерін жани сөйлейді.

Дала демократиясының жүзі қайтпас қаруына айналған ақындар айтысы ақиқат айтудан айныған емес. Осылай тәрбиеленген халық «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген мінезді мақалды ойлап тауып, оны ұлттық моральдық кодексінің темір қазығына айналдырған. Ақындардың шымырлатып шындықты айтқан шумақтары қашан да халықтың рухын асқақтатты. Сонау Қазтуған, Шалкиіз заманынан бері ақиқатты айнымай айта алатын ақындық дәстүр желісі жалғасып келеді.

Мұхтар Әуезов өзінің «Жамбылдың айтыстағы өнері» атты мақаласында айтысқа шеберлік жалпы ақындық өнерінің, тіпті барлық әдебиет өнерінің өзгеше биік сатысы екендігін айта келіп, «Сұраншы», «Саурық», «Өтеген батыр» секілді дастандар тудырған Жамбыл жырларына кеңінен тоқталып өтеді.

Жазушы Ғабит Мүсірепов әлеуметтік өткір мазмұнымен танылған айтыс өнерінің аяғынан нық тұруына үлес қосқан Жамбылдың өнерін жоғары бағалаған. Ұлтымыздың көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Мұстафа Шоқай: «Ұлттық құндылықтардан жұрдай рухта тәрбиеленген ұрпақтан халқымыздың қажеті мен мүддесін жоқтайтын азамат шықпайды. Ұлттық мұрамыз бен өзіндік ерекшелігімізді айқын көрсететін айтыс өнері арқылы жас буынды рухани-тәрбие құнарымен сусындатып өсірсек нәтижесі мол болады», – деп атап өткен еді.

Қорытындылай келе айтарым, өркениетке құлаш ұратын елдің өрісі қашанда білікті де, саналы ұрпақпен кеңеймек. Бүгін де материалдық құндылыққа көбірек мән беретін жастардың қатары көбейіп келе жатқаны көңілге қуаныш ұялатады. Бұл Жамбыл салған сара жолдың жалғасы деп білеміз.

Базаркүл ЖАЙШЫЛЫҚҚЫЗЫ,

Е.Әуелбеков атындағы №4 облыстық дарынды балаларға арналған

мектеп-интернатының тәрбиешісі

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: