Жексенбі, 06 қазан, 23:59

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№79-2089
05.10.2024
PDF мұрағаты

Балалар әдебиетінің бүгінгі ахуалы

26.02.2022

2620 0

Бүгінгі өскелең ұрпақ – еліміздің ертеңгі тұтқасын ұстайтын тұлғалар. Ал өз кезегінде оларға ата-ана мен білім ошақтарынан өзге ұлттық тәрбиені ұлықтайтын тағы бір тың дүние, ол балалар әдебиеті һәм осы тақырыпта қалам тартатын қаламгерлер. Ел аузындағы аңыз әңгімелер мен бүгінгі қазақы салт-сананы ұштастырып, оны бүлдіршіндерге лайықтап жазу оңай шаруа емес. Баланың түсінік-танымына ыңғайлап, санасына ауырлық салмайтындай етіп жазу да біраз тер төгуді қажет етеді. Ересек адамға қарағанда, жан-жағын енді танып жатқан бала психологиясына талдау жасап, әр шығарманы лайықтап жазу көптің қолынан келмейтіні тағы бар. Содан болар, әйтеуір, қазіргі таңда осы бір қызығы мен қиындығы бірге жүретін балалар әдебиетінің зерттелуі біраз кенжелеп қалды. Осы орайда балалар әдебиетінің халін сараптап көрдік.

Бүгінді айтпай тұрып, әуелі өткенге көз жүгіртіп алайық. Жалпы ХІХ-ХХ ғасырда бөлек сала ретінде қарастырыла бастаған балалар әдебиеті небір керемет туындылармен толықты. Алаштың зиялы қауымы ғасырға бергісіз үлкен шы-ғармалар жазып қалдырды. Бүгінгі оқулығыңыздағы 80 процент шығарма солардың еншісінде. Хош. Кеңес одағының кезінде ереже мен талаптар қатты бақыланғандықтан аса бір еркіндеу болды деу қиын. Ал енді тәуелсіздік алғалы балалар әдебиеті біраз өзгерді. Өйткені бұрындары рұқсат етілмеген түрлі тақырыптарға тосқауыл жасалмады. Сондықтан тың бағыттағы шығармалар мен кейіпкерлер саны артты. Бүгінде кеңестік үкіметтің «сарабдал» саясатын көрсетуге бағытталған кейіпкерлердің орнына ұлтын сүйетін «шынайы» кейіпкерлер келді. Бұл өз кезегінде балалар әдебиетінің «бұрынғыдан өзгерек» биікке шығуы еді. Дегенмен, өткен мен бүгінді сараптап қарасақ, барлық шығарма ата жолының жалғасып, бабаларымыздың бала тәрбиелеу әдісін негізге алып отырғанын байқаймыз. Қазақ елі өз алдына дербес мемлекет болуы балалар әдебиетіне де өзгеше леп алып келгеннін айта кету керек.

Кеңестік кезеңде тақырыптарға айтарлықтай бақылау болғанын мақала басында айттық. Ол кезде үкімет не десе, шығармалар да соның шеңберінен аса қоймаған. Соның әсерінен ұлттық дүниелерге аса мән берілмеген. Бұл жайт балалар әдебиетіне де кесірін тигізді. Қазынамыз деп білетін фольклор жанрындағы зерттеу жұмыстары кенжелеп қалды. Сондықтан қазір осы олқылықтың орнын толтыру керегі көрініп тұр.

Жалпы қазақ балалар әдебиетінің зерттелу жайы сөз болғанда, ғылыми еңбектерге тоқталмай өте алмаймыз. Бүл-діршіндерге арналған түрлі әдебиеттерге ізденіс жұмыстары өткен ғасырдың екінші жартысынан бастап зерттеле бас-тады. Қадыр Мырза Әлі, Серік Қирабай секілді тұлғалардың еңбектері әлі күнге маңызын жоймаған. Олар еңбектерінде балалар прозасы, поэзиясы жайында толымды ойлармен, өткен мен бүгінді саралап, тың идеяларымен бөліскен. Бұдан өзгеде әдебиет жанашырлары балалар әдебиетіндегі маңызды мәселелерді көтеріп, сыни мақалалар жариялады. Олар газет беттерінде жиі-жиі жарық көріп тұрған. Ахмет Байтұрсынов, Мәлік Ғабдуллиндер халық ауыз әдебиетінің бүлдіршіндерге әсері жайында еңбектер жазған. Әрине, бұл жұмыстар өткен кезеңде балалар әдебиетінің сарап-талғанын байқатады. Әйткенмен жаңа заманда бұл үлкен мәселе болып тұр. Заманауи балалар әдебиетінің зерттелмеген кемшін тұстары әлі де бар. Кітаптар мен ақпараттарды ақтарып отырып түйгеніміз осы.

Болашақ жастардың қолында десек, олардың білікті һәм білімді болып өсуі үшін поэзияның орны ерекше. Тәуелсіздікке алғалы әдебиет те біршама өзгеріс орын алды дедік. Соның ішінде балаларға арналған әзіл-өлеңдердің орны бөлек. Бүлдіршін бойындағы ұнамсыз қылықтарды сынап, сол арқылы өз мінін өзіне көрсету әдісін жазушылар өте жақсы қолдана білген. Мәселен, Ә.Ысқақтың «Кино көргіш Шонай» және Қ.Баянбаевтың «Байлаулы бала» соның дәлеліндей. Бұлардың сюжетін ұзын сонар жазғанымыз артық болар.

Жалпы әдебиет, оның ішінде балалар әдебиеті – айтар ойы басқаша пікірде берілетін бөлек сала. Ата-бабадан қалған бар жақсыны бойға сіңіруде өлең, ертегі, дастан, жаңылтпаш, мақал, жұмбақ пен әңгімелердің алар орны зор. Оның пайдасы көп болды. Қазақтың бүгінде «бұзылмай» жетуіне бұлар үлкен рөл атқарды. Алайда баяғы батыр, баяғы бимен бүгінгі баланы таңғалдыру қиын. Сондықтан қазір балалар әдебиетінде бұларды жаңа кейіпкерлердің бейнесімен береді. Оның ішінде «Супермен», «Бэтман» «Халк» тағы басқа заманауи персонаждар бар. Міне, солай. Жалпы балаларға арналған әдебиет өткен ғасырдың 30 жылдарында әдебиеттің жаңа саласы болып қалыптасты дегенмен, негізгі түбі ата-баба ілімінде жатқаны түсінікті шығар. Сол себепті зерттелу жайы қозғалғанда халықтық педагогиканы атап өту керек. Балдырғандар поэзиясы мен прозасы

бүгінде біршама өзгеріске ұшыраған. Шығармалардың стилі, сюжеті, идеясы бәрі-бәрі өзгерген. Балдырғандар әдебиетіне үлкен еңбек сіңіріп, қалам тартқан Абай Құнанбаев пен Ыбырай Алтынсарин бастаған ақын-жазушыларды айтуға болады. Олардың туындылары қазіргі оқулықтарда және кітаптарда көп. Бір өкініштісі сол, қазір өткен ғасырда өмірге келген туындыларды жаңа авторлардың еңбегі баса алмай жатыр. Көп сөйлеп созбай, бір-ақ мысал келтірейікші. Ел ішінде бүгінге дейін балалар әдебиетіне арналған қаншама байқау өтті. Бірақ лайықты деп танылғандардың ішінде жаңа авторлардың еңбегі некен-саяқ. Хош. Өткен ғасырдың соңында балалар әдебиеті қызықты-қызықты сюжетпен жазылған үлкен шығармалармен толықты. Бұл уақыт балалар әдебиетінің кең қанат жайған уақыты болатын. Мәселен, Сейдахмет Бердіқұлов, Әкім Таразидің еңбектері әлі күнге дейін маңызын жоғалтпаған, қызығып оқитын туындылар қатарында. Сол кезеңдерде шыққан өзге де шығармалар кішкентай оқырманды адалдық, адамгершілік, еңбекқорлық, сыпайылыққа тәрбиелейтін әдіске айналды. Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа» және «Балалық шаққа саяхат» повесінің өзі неге тұрады?! Осынау шығармалардың астарына үңілсек, көп дүниені байқауға болады емес пе? Шығарманы былай қойғанда оның жазылу стилі, бала санасына ыңғайлап берілуінің өзі өзгеше шеберлік.

Айтпақшы, өткен ғасырдың басындағы балалар тағдырын Сапарғали Бегалин, Сәбит Мұқанов сияқты тұлғалардың да туындыларынан көруге болады. Бүгінде балалар әдебиетінің дамуына өз үлесін қосып жүрген ақын-жазушылар бар. Кеңес Оразұлы, Байбота Қошым-Ноғай, Есей Жеңісұлы, Сұлтан Қалиұлы сияқты қаламгерлер қазіргі балалар әдебиетінің дамуына айтарлықтай еңбек сіңіріп келеді. Балалар прозасына Аягүл Мантай, Бейбіт Сарыбай секілді қаламгерлер жаңа леп әкелді десек қате айтпаймыз. Бірақ жастар арасында тәуір жазатындары, ел білетіні саусақпен санарлық.

Қазақ бала тәрбиесіне ерекше мән берген. Жас буынды тәрбиелеуде ата-ананың, яғни отбасының орны айырықша. Бүгін шыққан ақпарат ертең көнеріп қалып жатқан жаһандану заманында бала тәрбиесі біршама қиындағаны белгілі. Өкінішке қарай, әке-шешенің таңның атысы, кештің батысы тірлік қамымен жүруі бала тәрбиесін тек тәрбиелеуші мен ұстазға артып қойды. Қазір бұрынғыдай шамның жарығымен кітап оқитын бала, не ертегі мен өлең айтатын қариялардың да қатары сиреді. Бала электронды ақпаратпен күн кешуде. Бұл да қазір балалар әдебиетіне әсер ететін көлеңкелі тұс болып тұр.

Ұрпақ тәрбиесі ұлт мойнында екені белгілі. Көбіне тәрбие беріп, үлкен өмірге бағыт-бағдар беретін ұстаздар қауымы. Дегенмен балалар тәрбиесінде көнені дәріптейтін, өткенін өскелең ұрпақтың есіне салып отыратын ата-ана мен ұстаздан кейін ол – әрине, балалар әдебиеті. Тәуелсіздік балалар әдебиеті де заманауи тұрғыда дамып келеді. Жаңа персонаждар соның бір бөлігі. Одан бөлек, идеясы мен берілу стилінде де өзгешелік бар. Қазіргі таңда балдырғандарға арналған басылымдар, түрлі көркем суреттері бар еңбектер жарыққа шығуда. Әйткенмен, ол әдебиеттердің сапасы баланың жасы мен таным-түсінігіне лайықты болуы, сапалық тұсы туындының балдырғанды қызықтыра алатындай болуы қадағалауды қажет ететіндей.

Жолтай ЖҰМАТ-ӘЛМАШҰЛЫ, жазушы:

– Жалпы, балалар әдебиеті туралы айтар болсақ, кешегі кеңестік дәуірдегі балалар әдебиеті мен жаңа ғасырдағы балалар әдебиетін салыстыра алмайсыз. Бүгінгі жеткіншектерде мүмкіндік көп. Ғаламтор арқылы кез келген елдің көркем әдебиетімен танысады. Әлемдік деңгейдегі балалар әдебиеті де 180 градусқа өзгерген. Олардың бағыты өзгеше өріс алды. Абстракциялық, фантастикалық секілді неше түрлі әдеби элементтерді қолдану арқылы тосын оқиғалар табу, шытырман жағдайларға бару көбірек кездеседі. Бір жағынан, бұл дұрыс шығар. Екінші мәселе, әлемдік деңгейдегі балалар әдебиеті тек қана көркем шығарма түрінде қалмай, кино тіліне айналып жатыр. Қазір Гарри Поттерді білмейтін бала жоқ. Бұл туралы кітап жазылды, кино түсірілді. Сосын дүние жүзіне тез таралды. Бізде де осы жанрда жазылған тәуір туындылар жетерлік. Солар әлемдік деңгейдегідей киноға немесе драма тіліне айналса дейміз. Осындай түрлі әдістерге барып, жеткіншектерге жеткізу жағын ойластырған жөн. Ең бастысы, көркем әдебиет балаларды адамгершілікке тәрбиелеуге, имандылыққа баулуға бағытталу керек. Бала – біздің болашағымыз. Олар жақсы азамат болып өссе, онда елдің келешегі бар. Сондықтан балалар әдебиетіне ерекше көңіл бөлу керек, – дейді жазушы.

Ғалымдардың айтуынша, балдырғандарға арналған шығармаларды жазғанда, оқығанының барлығына сеніп, көңіліне кірбің түсіретіндей ақпарат кездеспеуі қажет. Кез келген нәрсе көңілінен шығатындай тап-таза, тұнық дүние ұсыну керек. Ал енді үлкендерге еліктеп, көп нәрсеге қызығушылық танытатын жасөспірімдерге өмірлік маңызы бар ақыл-кеңестерді тауып алатындай, кейіпкер басынан өткен қызықты оқиғасынан сабақ алатындай шығармалармен қамтамасыз еткен дұрыс. Үлкен адамдарға арналған түрлі әдеби туындыларды оқуға балдырғандардың төзімі мен ойлау қабілеті жетпейтіні белгілі. Қабылдауына ауыр болады. Ойына да күш түседі. Балалардың бүгінгі жайына мән бермесек, болашақта оның зардабы болары даусыз. Сондықтан дамыған елдер секілді болғымыз келсе, балалардың сауатты, білікті болуына жағдай жасау керек. Ең әуелі бүлдіршіндерге арналған поэзия, проза жанрларына әлі де зерттеу жүргізіп, кемшін тұстарды жөндеу қажет. Қазіргі оқулықтарға жаңа заман авторларының енбеуінің бір себебі осы болып тұр. Бұдан бөлек, айта кететін тағы бір жайт бар. Ол – қарымды ақын-жазушылардың шығармаларының қолжетімсіздігі. Сондықтан қазіргі таңда көп қаламгер балалар тақырыбындағы барлық туындыларды жинақтап, толық жинақ шығару керек деп санайды. Қаржылық қолдау әдебиетте өте маңызды. Бұл да балалар әдебиетіндегі бүгінгі бір мәселе.

Сенатор Нұртөре Жүсіптің депутаттық сауалында:

«Елімізде жыл сайын әлеуметтік бағдарланған мемлекеттік тапсырыс бойынша миллиондаған қаржы бөлінеді. Әдебиетке де. Шығатын кітаптардың ішінде балалар әдебиетінің үлес салмағы өте төмен. Таралымы да, сапалық жағы да көңіл көншітпейді. Кейбір авторлар кітаптарды өз қаражатына шығарады. Баспа ісі, журналдар балаларға арналған материалдарды қызықты етіп жеткізудің жан-жақты жолын қарастыру керек», – дейді.

Осының өзі біраз жайттан хабар бергендей. Жалпы келешегі кемел ел ұрпақ тәрбиелеуде ақын-жазушыларға, әсіресе, балалар тақырыбында қалам тербейтін қаламгерлерге үлкен жүк артылары анық. Бұрыннан солай болған, қазір де солай. Қаламгерлердің сыналатын тұсы да осы. Бізді алаңдататыны – қазіргі балалар әдебиетінің хал-ахуалы. Өйткені бүгінгі заман басқа. Басқаша форма керек. Туындылар заманауи тұрғыда түрлену қажет. Себебі балалар прозасы да, поэзиясы да болашақ бала тәрбиесінде маңызды рөл атқарады. Келешегіне селсоқ қарамайтын кез келген ел балалар әдебиетіне көңіл бөледі. Жаңа заманда жас оқырманының қиялына қанат бітіріп, түрлі ғажайыпқа жетелейтін туындылар көп болса, алда ештеңеден ұтылмасымыз анық. Біздің айтқымыз келгені осы ғана.

Ақтілек БЕРДІБАЙҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: