Жексенбі, 08 желтоқсан, 13:30

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№97-2107
07.12.2024
PDF мұрағаты

Қызылордада ағаш өспейді деп кім айтты?!

21.03.2023

998 0

Бағбандық туралы әңгіме қозғалса, бірден Бектай Сүлейменов атамыз ойға оралады. Расында да, Бектай ақсақалдың өзін де, бағын да білмейтіндер некен-саяқ. Оның шаһарға шырай сыйлаған алқабының әдемілігіне сүйсінбеу мүмкін емес. Наурыз мерекесі  қарсаңында еңбекті жанына серік еткен бағбанмен жолығудың сәті түсті.

Бір қызығы, бұл кейіпкер туралы осыдан 15 жыл бұрын бағына келіп, жазған екенмін. Сенесіз бе, Бектай атаға барып, сәлемдесіп тұрған сәтте, «қызым, есімің кім?», – деп сұрады. 

– Ата, есімім – Ақтолқын, – дегенім сол еді, «Ақтолқын, сен осы мен туралы жазуға келген жоқсың ба?», – деді. Шыны керек, мен оны ұмытып қалған шығар деп ойладым. Жоқ, ақсақалымыз ұмыта қоймапты. Он бес жыл бұрынғы бақтың аумағы кеңейіп, ағаштар саны да, көшеттер түрі де көбейген. Тіпті күн әлі салқын болса да, туя, арша, қарағай секілді ағаштары жап-жасыл болып жайқалып тұр. Осы уақытқа дейін ол 2 миллионнан астам көшет отырғызып, мол сауапқа кенеліп келеді.

Біз бақты аралап…

Бір байқағанымыз, биыл мамыр айында сексен үшке қадам басатын қарияның қайраты қайтпаған. Әлі де ширақ қимылдайды. Жүзі жылы, өзі газеттерді оқи береді. Қарапайым келген еңбек иесі күннің салқындығына қарамай, ауласында қызу жұмыс істеп жүр. Содан ес білгеннен бері бағбандыққа бет бұрған  ақсақалмен  әңгімеміз осы саланың қыр-сыры жайында өрбіді.

– Жақында ғана Сарыағаш жақтан келдім. Бақта жүзімнің үш түрі бар. Бірақ көп жылдардан бері «Бычий глаз» жүзімінің сортын іздеп жүріп, Сарыағаштан тауып, әкелдім. Бұл Өзбекстанда жақсы өсетін жүзім. Енді менің бағымда да өсетін болды, – деген ақсақалдың өз ісіне деген ықыласының ерекше екенін сездік. Бір көшетті отырғызуды көздесе, сол мақсатына жетпей қоймайтын қасиеті бар.

Қызылордада қысы-жазы жел ұйытқып тұрады, ауасы құрғақ, топырағы тұзды. Сондықтан «Сыр бойында қара ағаштан басқа тал өспейді» деген түсінік қалыптасқан. Бірақ Бектай ақсақалдың бағына келсеңіз, бұл ойдың бекер екеніне бек сенесіз. Мұнда өңірге таңсық қылқан жапырақты ағаштардың түр-түрі бар. Тіпті, жасыл аршаның өзі жайқалып өсіп тұр. Бағбан бабын тапсаң, барлық ағаш түрін өсіруге болатынын айтты.

– Есімді білгелі көшет егіп келе жатырмын. Негізі ең бірінші шейін шөп өсіруден бастадым. Ал қаланың сырт жағында 1990 жылдан бері тұрып жатырмыз. Жалпы 25 гектар жердің 5 гектарын баққа арнадым. Басында қиын болды. Бірақ тынбай тіршілік еткеннің арқасында бейнеттің зейнетін көріп отырмын.

Қызылордада өсіп тұрған ағаштардың 60 пайызын мен өсірдім. Түрлі ағаштың тұқымын егеміз. Теректің бірнеше түрі, арша, жергілікті қарағай бар. Барлығын қосқанда 20-дан астам түрі бар. Бойы 1,5-2 метр болған кезде қопарып алып, жұртқа бере бастаймыз, – деді бағбан Бектай Сүлейменов. Сексеннің сеңгіріне шыққан қария шаруаның бәрін өзі баптайды. Соның өзінде айнала жайнап тұр. Осылай басталған әрбір іс берекелі әрі оның соңы жемісті болатынына күмән жоқ.

Бағбанның хоббиі

– Жарты ғасырдан астам ғұмырымды орман шаруашылығына арнадым. Жылына 5-6 мың көшетті баптап шығарамын. Жеміс және сәндік ағаштарды өсіруді хобби әрі жұмыс санаймын. Сағат таңғы бесте тұрамын. Күнделікті жұмысым бауды аралаудан басталады. Таң сәріден кеш батқанға дейін ермегім алқаптағы ағаштар. Наурыз бен сәуір мен үшін қызу жұмысқа толы, яғни көшеттерді сатамын. Баудағы жайқалған ағаштар бейнеттің берекесі деп білемін, Ал жаздың соңы мен күздің кезі жеміс-жидектерді жинау сәті. Сондықтан бос уақыт жоқ, өмірім өзіме ұнайтын еңбекпен өтуде, – дейді бағбан.

Қызылордада өспейтін ағаш жоқ

Тіршілікпен етене болғандықтан бағбан әлі тың. 5 гектар аумақтың шаруасын бір өзі дөңгелентіп жүр. Мұнда сәндік ағаштармен қатар, жеміс ағашының 10-нан аса түрі бар. Тәжірибе жасаудың арқасында бағбан тек жылы жақта өсетін анар ағашын да осында жерсіндірген екен.

– Анарды өсіріп, жемісін жедік. Шындап келгенде, жемістің кез-келген түрін өсіруге болады. Тек оған ынта мен еңбек керек. Барлық ағаш өседі. Мысалға, арша бұрын өспейтін. Мен осы жерге келгелі бірнеше жыл болды, аршаны өсірдім. Қарағай өспейді деген, қазір қарағай жайқалып өсіп тұр.  «Қызылордада ағаш еккенмен өліп қалады» деген нағыз жалқау адамның сөзі, – деді бағбан Бектай Сүлейменов.

Дәрігүл әжеміздің дайындағаны бал татиды

Бектай атамыз сыртта бақтың сәнін кіргізсе, үйдің шуағын келтіріп, ошақтың басында Дәрігүл әжеміз отыр. Екеуінің шаңырақ көтергеніне биыл 63 жыл болады. Алты баладан немере-шөбере сүйіп отырған жайы бар. Дәрігүл әжеміз Бектай ақсақалдың баптаған өнімін суыққа қалдырмай жинап алудың қамымен жүреді. Оның айтуынша,  айва жемісінен шырын жасасаң, дәмі бал татиды.

– Үйге іліп қойса, иісі жақсы. Тосап жасауға болады. Өзбектер палауға салады. Жаздайғы еңбек қысқа азық. Бірақ көпшілік мұндай еңбектен қашады. Біз қалада тұрғымыз келмейді. Себебі мұнда қаншама еңбек тұр. Атаңның байлығы – бұл. Жазда жақсылап қарасаң, жыл бойы тамағың тоқ болады. Жинап аласың, балаларың да, өзің де риза боласың», – деді зейнеткер Дәрігүл Әбуова.

Көшет іздегендер көп

Бектай атаның бауы үлкен саябақ іспеттес. Қала тұрғындары да  бағбаннан 5-6 мың түп ағашты сатып алатын көрінеді.

– Еңбекпен ғана табысқа жетуге болады. Қай іске де бел буып, ынтамен кіріссеңіз, оның жемісін бермеуі мүмкін емес. Сол үшін де  жеміс бағын күні-түні еңбек алаңына айналдырып келемін. Шүкір, пайдасы жоқ емес. Мысалы, қазір сұранысқа ие аршаны, туяны 7 мың теңгеден өткіземін. Ал жеміс ағаштарының саудасы 600-700 теңгеден басталады. Біздегі базар оңтүстіктің көшетіне толы. Енді қараңыз. Сырттан келген көшеттердің бізге келем дегенше бойындағы су тартатын өте нәзік, жіңішке тамырлары бар, солар кеуіп кетеді, жолда бүлінеді. Екінші жағынан, бұлар жылыжайда өскен. Ал енді анығын айту керек, жылыжайда өскен көшеттердің ғұмыры тым қысқа, – деп ақыл қосты ақсақал.

Әңгіме арасында көшет алушылардың қатары көбейді. Бір сәт сатып алушылардың пікіріне үңілдік.

– Көктем келсе, Бектай ақсақалды іздейміз. Қарағай, арша, жиде, өрік, алма секілді көшеттерді сатып аламын. Бағасы да қалтаға қонымды. Ең маңыздысы, көшеттер жер талғамай, бірден көгеріп шыға келеді. Өткенде базардан бір көшет ала салып, үй жаққа отырғызғанмын. Ақыры, өліп қалды. Жерсінбеді, – деді қала тұрғыны Махмуд Есенгелдиев.

Бектай атаның айтары бар

Кейіпкеріміз тек өз ауласымен шектеліп қана қоймай, аймақты көркейтуге үлес қосып жүр. Тұңғыш Президент саябағымен қатар әуежайға апарар жолдың қос қапталын жайқалту жауапкершілігі Бектай Сүлейменовке артылған.

– Махамбетов ауылына бара жатқан жолда канал бар. Әуежаймен екі аралықты жалғайды. Қайбір жылы аймақ басшысының өтінішіне сәйкес, аталған каналдың жағалай қос қапталына 3 қатар ағаш отырғыздым. Ұзындығы – 11 шақырым. Қос қапталдағы 3 қатарды есепке алсаңыз, 66 шақырым. Бейнеттің нәтижесінде сол көшеттер қазір саялы баққа айналды, – дейді бағбан. Әңгіме барысында тағы бір ойын айтты.

– Негізі бұл ұсынысты көтергеніме бірнеше жыл болды. Біз де облыстық туберкулезге қарсы диспансері бар. Соның аумағына қарағай ағашын өсірсе деп едім. Неге десеңіз, қарағай туберкулез дертіне бірден-бір ем. Одан бөлінетін оттегі адам денсаулығына жақсы әсер етеді, – деді Бектай ата.

Атаның жақсы көретін ағашы

Әрине, өз қолымен көшетті жас баладай баптап, үлкен ағаш етіп өсірген әрбір өнімі ақсақалға қымбат. Бірақ соның ішінде аршаға деген көзқарасы бөлек. Аршаға сұраныс жоғары. Оның әсемдігі де бір бөлек. Бұл ағаштың тағы қандай артықшылығы бар деп сұрау салдық.

– Аршаны өзім жақсы көремін. Сондықтан алқаптың тең жартысы аршаға тиесілі. «Арша – ағаштың анасы» деген теңеуде қаншама ұлағатты ұғым жатыр. Ертеде небір асыл азаматтарымыз тағдыр тәлкегімен елден жырақ кеткенде бойтұмар ретінде арша ағашының жаңқасын өзімен бірге алып жүріп, елді, туған жерді сағынған кезде ауық-ауық мейірлене иіскеп мауқын басатын болған. Бір жағынан арша – фармацевт. Одан бөлінетін фитоноцидтер денсаулыққа ем. Көп деректерді ақтардым. Сонда оқығаным, арша жылына орта есеппен 1 тоннадан аса шаңды жұтып, айналасына 1,5 мың литр оттегі бөліп шығарады екен. Міне, бұл ағаштың осындай қасиеті бар, – деді ақсақал. Міне, қарияның денсаулығының мықтылығы осында шығар деген ойда қалдық.

Бағбан кеңесі

Ерте жастан тал егуді мұрат тұтқан ақсақал қаладағы көшет отырғызу мәдениеті қалыптаспағанын да айтып қалды.

– Қызылордада ағаш егу мәдениеті қалыптасса, шаһар жасыл желекке оранар еді. Тым науқаншылмыз. Тек наурыз мерекесінде көшет егеміз. Көшетті отырғызуын отырғызамыз, бірақ суландыру жүйесіне мән бермейміз, дұрыс күтіп баптамаймыз. Әрбір ағаштың жайқалып өсуінде үлкен еңбек жатыр. Ынта болса, кез-келген өнім өседі, – деді бағбан.

Тілші түйіні:

Бақ іші де, ауасы да керемет. Қазыналы қария жеміс ағаштарының бабын келтіріп жүр. Бағбан әр ағашпен сырласып, тіпті еркелете сөйлеседі.

– Әрқайсысы менің байлығым ғой. Бұларға да жақсы бап керек. Бабын тапсаң, бағыңа айналады, –  дейді қария. Иә, бақтың көз тоймас көрінісіне сырттай қарап сүйсіндік.

Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ

Суреттерді түсірген

Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: