Бейсенбі, 25 сәуiр, 13:13

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Өңірде өндіріс өркендеп келеді

31.07.2022

791 0

Өз өніміңді өндірудің маңыздылығын 2020 жылы әлемді жайлаған пандемия түсіндіріп берді. Транзиттік жол тоқтамаса да кеденде кедергі туындаған тұста тапшылық күн тәртібінен түспеді. Қазірдің өзінде Ресей мен Украина арасындағы соғыстың кесірінен әлемді қымбатшылық жайлады. Сондықтан мемлекет өндіріс орындарын көптеп ашуды ұсынып, жәрдем етуге жағдай жасады. Мемлекеттік қолдау, аз пайыздық несие – осының барлығы кәсіпкерлердің санын арттыруға бағытталған.

Индустрияны дамыту бағдарламасына сай аймақта да үлкенді-кішілі өнім шығаратын кәсіпорындар саны көбейіп келеді. Оның ішінде облыс орталығында да өз өнімін нарыққа ұсынушылар саны артты. Міне, осындай өндіріс орындарының бірқатарын өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған баспасөз турында бағдарладық. Алдымен Әбдіхалық Ділмановтің бастамасымен ашылған құрғақ қоспа шығаратын өндіріс жұмысымен таныстық.

Жоба жалпы құны 103 млн теңгені құраған құрылысқа қажетті қоспа шығаратын «Вега-Пром» ЖШС 2015 жылы жұмысын бастаған. Қазіргі таңда мұнда өнімнің 10-нан астам түрі шығарылады.

− «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы Белкөл кентінен 2,9 гектар жер алдық. Бүгінде күніне 75 тоннадан асатын өнім шығарамыз. Олардың барлығы ішкі нарыққа, облыс аймағында саудаланады. Дегенмен соңғы уақытта республика көлемінде сұраныс көбейді. Сондықтан цехты ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Жобаның екінші кезеңіне мемлекеттен тағы 2 гектар жер алдық. Қазіргі кезде екі цехтың және әкімшілік ғимараттың жабын жұмыстары, цех аймағын қоршау жұмыстары жүргізілуде. Шамамен 2 айда жұмысқа кірісеміз. Сонда біздің цех 50 адамды жұмыспен қамти алады, − дейді «Вега-Пром» серіктестігінің құрылтайшысы Әбдіхалық Төребайұлы.

Бұл өндіріс орнының тағы бір ерекшелігі құрылғыны өздері жасап шығаратындығында болып тұр. Құрғақ қоспаларды дайындайтын құрылғыны шетелден немесе Қазақстанның өзге аймағынан алып келмейді. Өздері жасап шығарады. Бүгінгі күні аппаратқа да сұраныс бар. Қазірдің өзінде Қызылордадан шыққан құрғақ қоспа жасау құрылғысы бірнеше облысқа сатылған.

Ал өндіріс аймағын кеңейту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар аяқталуға жақын. Инженерлік инфрақұрылым, яғни электрэнергия, газ жеткізу үшін жоба-сметалық құжаттары жасалған. Одан бөлек «Қазақстан темір жолымен» де теміржол тұйығын жеткізу үшін келіссөздер жүргізілуде.

Қаладағы тағы бір өнеркәсіп иесі – Исатай Нұржанов. Оның карантин кезінде тапшылық белден қысқан тұста бастаған кәсібі бүгінде мол пайда әкелуде. Жеке қаражат есебінен қаладан темір тор шығаратын цех ашқан. 2020 жылы ашылған кәсіп бүгінде күніне 1500 шаршы метр өнім шығаруда.

− Пандемия жайлаған тұста қаржы саласындағы кәсібім тоқтап қалды. «Жеке банкроттан» шығу мақсатында ең алғашқы станокты алып, үйден өнім шығара бастадым. Жалпы бізде мұндай өнімге сұраныс көп. Ол кезде халық көбіне Шымкент, Түркістаннан алып келетін. Өнім өзімізден шықса арзан әрі сұраныс көп болатыны анық. Цехтан шығатын тор қоршауларды жергілікті 10-15 құрылыс компаниясына келісімшарт арқылы сатамыз. Аудандарға да жөнелтеміз. Сондай-ақ қала тұрғындары да сатып алады. Цехті кеңейту жоспарда жоқ емес, − дейді «Әділханова» ЖК директоры Исатай Шалқарұлы.

Тор шығаратын цех бүгінде 8 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Алдағы уақытта автоматтандыру жүйесіне көшу де жоспарда бар. Бұл өз кезегінде еңбек өнімділігін арттыруға септігін тигізбек. Шикізат Шымкент қаласынан келеді. Айына 30-35 тонна өнім шығаратын цехті ұлғайту үшін басшысы алдағы уақытта мемлекеттен қаржылай қолдау немесе төмен пайызды несие алмақ. Бұл тағы 20-30 қызылордалықты жұмыспен қамтуға септігін тигізеді.

Аслан НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: