Бейсенбі, 25 сәуiр, 00:11

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Тоқшылық бастауында күз тұрады

21.09.2021

717 0

Сенбі күні қала орталығында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова мен қала әкімі Ғанибек Қазантаев азық-түлік жәрмеңкесін аралап, тұрғындармен тілдесіп, шаруалармен жүздесті.

«Тағзым алаңы» маңына орналастырылған қала шаруаларының жеңілдетілген бағамен ұсынған жәрмеңкесіне жергілікті тұрғындар көптеп келіп, өздеріне қажетті өнім түрлерін сатып алып жатты. Қала әкімі аймақ басшысына әлеуметтік маңызы бар өнімдердің тұрғындарға нарықтағы бағадан 15-20 процент төмендетілген бағамен сатылып жатқанын жеткізіп, облыс орталығында әр сенбі сайын желтоқсан айына дейін ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесі жалғасатынын айтты.

Облыс әкімі мен шаһар басшысы ауылдардан жеткізілген өнімдердің сапасы мен бағасын бағамдап, жауаптыларға бағаның негізсіз көтерілмеуін қадағалауды тапсырды.

Қалаға қарасты кент пен ауылдық округтер, қаланың ауыл шаруашылығы құрылымдары, қала кәсіпкерлері және «Байқоңыр» ӘКК» ҰҚ» АҚ тарапынан тұрақтандыру қоры арқылы алынған азық-түлік өнімдері төмендетілген бағада сатылды. Жәрмеңкеге күріштен бастап көкөніс, бақша дақылдары, ет, балық, сүт өнімдері мен мал азығы секілді 40-тан аса өнім түрі әкелінген.

Жәрмеңкеге 60-тан аса автокөлікпен барлығы 116 тонна азық-түлік тауарлары жеткізілді. Атап айтқанда 16,5 тонна картоп, 9,6 тонна сәбіз, 7,5 тонна жуа, 3,1 тонна қырыққабат, 2,5 тонна қызылша, 20,0 тонна ақ күріш, 800 келі нан және нан өнімдері, 0,5 тонна макарон өнімдері 4,3 тонна сиыр еті, 500 келі қой еті, 1,1 тонна жылқы еті, 200 келі шұжық, 4,4 тонна балық және тағы да басқа өнімдерден бөлек 40 бас қой қала тұрғындарына базар нарығынан 15-20 процент төмен бағада ұсынылды.

Сондай-ақ Астана даңғылы бойында Шиелі ауданының ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне 22 ауылдық округтен және Шиелі кентінен жинақталған 47 көлік өнім келді. Жәрмеңкеде 36 тонна ақ күріш, 63 тонна көкөніс, 73 тонна бақша өнімдері, 61 тонна картоп, 1 тонна балық және басқа да өнім түрлері төмен бағамен ұсынылды.

Жоғарыда атап өткеніміздей, жыл соңына дейін әр сенбі сайын азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру мақсатында Қызылорда қаласы мен аудандардың қатысуымен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өткізілетін болады. Күз – егін біткен пісіп, қамбаға құйылатын мезгіл. Сол себепті де күзді тоқшылықтың бастауы деуге болады.

М.ЖӨКЕБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: