Парижде әлемге әйгілі Лувр мұражайын тонап кетті. Оқиға 19 қазан күні таңертең болған, зардап шеккендер жоқ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Euronews басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Мәліметке сәйкес, қарақшылар қылмыс орнына скутермен келген. Олар сыртқы жүк лифті арқылы терезелерге көтеріліп, әйнектерді сындырған. Мұражайға кірген соң, Наполеон мен Жозефина патщайымға тиесілі асыл тастарды ұрлап, ізін суытқан.
Le Parisienбасылымының мәліметінше, барлығы тоғыз зергерлік бұйым ұрланған. Оның екеуі, соның ішінде патшайымның тәжi кейін табылған. Ал әйгілі “Регент” (140 караттан астам) және “Санси” алмастары қолды болмаған.
Францияның ішкі істер министрі Лоран Нуньес ұрланған заттарды елдің мәдени және “баға жетпес мұрасы” деп атады. Оның айтуынша, ұрлық бар-жоғы жеті минутта жүзеге асқан. Ал қылмысты “өте тәжірибелі” топ алдын ала зерттеп, жоспарлы түрде орындаған.
Лувр әкімшілігі мұражайдың бір күнге жабылатынын мәлімдеді.
Франциядағы оңшыл саясаткер Жордан Барделла бұл оқиғаны “ұлт үшін төзгісіз масқара” деп атады.
“Лувр мәдениетіміздің бір бөлігі әрі бүкіл әлемге әйгілі символ. Француз тәжінің зергерлік бұйымдарының ұрлануы еліміз үшін ауыр қорлық. Мемлекеттің әлсіреуі қай шекке дейін жетеді?” — деп жазды ол X (бұрынғы Twitter) желісінде.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!