Гаитидің астанасындағы ең кедей аудандардың бірінде демалыс күндері 110 адам өлтірілді, деп хабарлайды Alash.kz.
Бұл қырғынды жергілікті банда басшысының жеке кек алу әрекетімен байланыстырып отыр, деп мәлімдеді жетекші құқық қорғау ұйымы.
Жексенбі күні адам құқықтарын қорғау жөніндегі ұлттық желі (RNDDH) Уорф Жереми Монель «Микано» Феликс атты банда жетекшісі Порт-о-Пренстегі ауқымды кедей аудан Сите-Солейде қырғын жасауға бұйрық бергенін мәлімдеді.
Мұндай шешім ол өз баласының науқастанып, қайтыс болғаннан кейін қабылданған.
Мәліметтерге сүйенсек, Феликс вуду діни қызметкерінен кеңес алып, ол баланың сырқатына аймақтағы қарияларды дуалау арқылы себепші болды деп айыптаған. Баласы қаза тапқан соң, бұзақылар жұма күні 60 адамды, ал сенбі күні тағы 50 адамды пышақтап өлтірген.
Құқық қорғау ұйымының мәліметінше, барлық құрбандардың жасы 60-тан асқан.
Халық тығыз орналасқан Сите-Солей ауданы Гаитидің ең кедей және ең қауіпті аймақтарының бірі болып табылады.
Ұялы телефондарды пайдалануға қатаң шектеу қойған бұзақылар аудандағы тұрғындардың қырғын туралы ақпарат тарату мүмкіндігін шектеп отыр.
Біріккен Ұлттар Ұйымының қазан айындағы мәліметіне сәйкес, Феликс басқаратын бұзақылар тобында шамамен 300 адам болған және олар жақын маңдағы Форт-Диманш пен Ла-Салин аудандарында әрекет еткен.
2018 жылдың қарашасында Ла-Салинде кемінде 71 бейбіт тұрғын өлтіріліп, жүздеген үй өртелген болатын.
Саяси қақтығыстардан әлсіреген үкімет қарулы бұзақылардың астанада және оның төңірегінде күшейіп бара жатқан билігін бақылауда ұстауда үлкен қиындыққа тап болып отыр.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!