Германияның Майндағы Франкфурт қаласында әлемдегі ең ірі кітап жәрмеңкелерінің бірі – 77-ші “Frankfurter Buchmesse 2025” халықаралық кітап көрмесі ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
Биылғы жәрмеңкеге 30-дан астам қазақстандық баспа мен әдебиет саласының өкілдері қатысуда. Олардың қатарында «Мектеп», «Алматыкітап», «Атамұра», «ARMAN-PV», «Steppe & World Publishing», «Эверо», «Kazformoms», «AmalBooks» секілді ірі баспалар бар.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұлттық стенд ұйымдастырылып, онда 350-ге жуық отандық кітап пен жаңа басылымдар қойылды. Экспозиция заманауи қазақ әдебиеті мен баспа ісінің даму бағыттарын, жаңа авторлардың шығармаларын қамтиды.
Қазақстан Республикасының Майндағы Франкфурт қаласындағы Бас консулы көрменің алғашқы күнінде ұлттық стендке арнайы келіп, қазақстандық делегацияға қолдау көрсетті.
Көрме барысында Канада, Қытай, Түркия, Әзербайжан, Дания, Германия және Ұлыбритания елдерінің баспагерлері Қазақстан стендімен танысып, ынтымақтастық жөнінде келіссөздер жүргізді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!