Қытайлық автокомпаниялар жылына миллиондаған көлік шығарып, экспортқа белсенді шығып жатыр. Бұдан бөлек, баға саясаты арқылы еуропалық өндірушілерге айтарлықтай бәсеке тудыра бастады. Дегенмен саланың өз ішінде жағдайға байыпты әрі шынайы баға берілуде. Great Wall Motor компаниясының басшысы Вэй Цзяньцзюнь Қытай автосекторы әлі де әлемдік алпауыттардан айтарлықтай артта екенін мойындап отыр, – деп хабарлайды kursiv.media
Тәжірибе мен технология деңгейі әлі де өсу керек
ТCarNewsChina басылымына берген сұхбатында, топ-менеджер қытайлық брендтер соңғы жылдары үлкен серпіліс жасағанын айтады. Алайда Toyota–ның және Германия, АҚШ, Оңтүстік Кореяның ірі өндірушілері деңгейіне әлі жете қоймағанын да ашық мойындады.
Мәселе тек сатылым көлемінде емес. Ең бастысы – инженерлік мектептің тереңдігі, сапаны бақылау жүйесі, тұтынушылар сенімі және ондаған жылдар бойы қалыптасатын бедел.
Вэй Цзяньцзюнь мысал ретінде Toyota компаниясын келтірді. Оның айтуынша, бұл компания ірі көлемде көліктерін кері қайтаруға мәжбүр болған жағдайлардың өзінде де мәселені жасырмай, тұтынушыларға ашық ақпарат беріп, олармен тұрақты байланыс орнату арқылы сенімді жоғалтпайды.
GWM-нің қаржылық және өндірістік көрсеткіштері жоғары
Сондай-ақ Great Wall Motor компаниясының қаржылық және өндірістік көрсеткіштері айтарлықтай жоғары. 2025 жылы компания 1,3 млн автокөлік сатқан.
Оның 403,7 мыңы – жаңа энергия көздерін пайдаланатын көліктер (электромобильдер мен гибридтер). Экспорт көлемі 506,1 мың автокөлікті құрады.
Компанияның жалпы табысы 222,8 млрд юаньға жетсе, таза пайдасы 9,9 млрд юань болды.
Яғни өндіріс пен сатылым көлемі жағынан нәтиже өте жоғары. Алайда компания басшысы атап өткендей, сандық өсім әрдайым сапаның жақсы екенін білдірмейді.
Баға саясаты мен сауда соғысының қаупі
Great Wall Motor басшысы Қытайдың ішкі нарығында баға бәсекесінің тым күшеюі қауіп төндіруі мүмкін екенін ескертті. Көптеген бренд нарықтағы үлесін арттыру үшін бағасын төмендетіп жатыр. Алайда ұзақ мерзімде мұндай қадам компаниялардың қаржылық тұрақтылығына кері әсер етуі ықтимал.
Қытайлық көліктер қолжетімді бола түсіп, шетелдік нарықтарға жылдам шығып жатыр. Бірақ жаһандық көшбасшы мәртебесін нығайту үшін арзан баға ұсыну жеткіліксіз.
Мойындаудың өзі ерлік…
Қытай өндіріс көлемі бойынша әлемдегі ең ірі автокөлік өндіруші елге айналғаны ақиқат. Дегенмен нарық ойыншыларының өздері жаһандық алпауыттар деңгейіне жету үшін әлі де көп жұмыс қажет екенін ашық мойындайды.
Қытай көліктерінің сапасы деген тақырып – ең көп талқыланатын мәселе. Темір тұлпар тізгініндегілердің пікірлері мен форумдардан алынған ақпарат бойынша, 2-3 жылдан кейін кейбір машиналарда: аспа элементтері, электрондық блоктар немесе салонының жабындысы жиі жөндеуді қажет етеді. Экобылғары тозады, басында жарқ-жұрқ етіп көздің жауын алған түрлі элементтер, мысалы мультимедиа істен шығады.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
