12 желтоқсан күні Өзбекстанның Самарқанд қаласында 23 жастағы бьюти-блогер және косметолог Гузаля Махматқұлова өз-өзіне қол жұмсап, көпқабатты үйдің терезесінен секіріп кетті. Бұл ақпаратты Өзбекстан Бас прокуратурасының баспасөз хатшысы Хаёт Шамсутдинов растады. Бұл туралы Nemolchi.uz жазды, деп хабарлайды Alash.kz.
«Қайғылы оқиға 12 желтоқсанға қараған түні болған. Қазіргі уақытта Самарқанд қалалық прокуратурасы істің мән-жайын анықтау үшін тексеріс жүргізіп жатыр. Оқиға орнында жедел тергеу тобы жұмыс істеп, куәгерлерден жауап алды. Қайтыс болу себебін анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалды», — деп жазылған хабарламада.
Nemolchi.uz жобасы марқұмның құрбыларымен жазысқан хат-хабарларын жариялады. Онда Гузаля күйеуі мен енесінің қорлығы туралы айтып, «Өлсем, бәрі жеңілдейтін сияқты» деп жазған. Ұйымның хабарлауынша, Гузаля отбасылық зорлық-зомбылық құрбаны болуы мүмкін және бұл жағдай оның өз-өзіне қол жұмсауына себеп болуы ықтимал.
Бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды. Белгілі әнші Муниса Ризаева Instagram-да: «Бүкіл Өзбекстан қайғырып жатыр! Бір адам өз еркімен сегізінші қабаттан секіруі мүмкін емес. Ол қандай жағдайға жеткізілді? Әлде оны итеріп жіберді ме?» деп пікір білдірді. Блогер Urikguli өзінің Instagram парақшасында марқұмның жазған хаттарын бөлісіп, оның некеде қандай қиындық көргені диалогтардан айқын байқалатынын жазды.
Қазіргі уақытта Самарқанд прокуратурасы марқұмның өз-өзіне қол жұмсауына себеп болған жағдайларды мұқият зерттеп жатыр. Бұл оқиға қоғамдағы отбасылық зорлық-зомбылық мәселесін қайта көтеріп, құқық қорғау органдары мен азаматтық қоғамның назарын аудартты.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!