Сурет ашық дереккөзден
Ең сұлу, киелі жануар қандай десеңіз, әрине, киік алдымен ойға оралады. Даланың еркесі, сәні, тамылжыған табиғаттың көркіне көрік қосар сұлуы, мөлт-мөлт еткен көздерімен еріксіз әрбір жанды баурап алады. Қазақ оны киелі деп санайды.
Табиғаттың сыйы – сұлу бөкенге Сәкен Сейфуллин өлең арнады, жерлесіміз Әлмырза Ноғайбаев әнмен әрледі. «Жезкиік, біздің жаққа қалай келдің?» деп Кәкімбек Салықов жырлады. Жазық даланың осындай көркем келбетін, тамаша көрінісін бүгінде қанға бояп, дәрменсіз киікті қырып жүрген қаныпезерлер де жоқ емес. Бұрын да болған, қазір де жалғасып келеді. Осындай да Мұқағали Мақатаев амалсыздан тілсіз жануарға:
–Киіктер, мұнда жүрмеңдер,
Бас бұғып отыр сұр мерген.
Боласың ғайып, байғұстар,
Қоштасып сайран күндермен.
Тасада отыр сұр мерген,
Кетіңдер аулақ бұл жерден, – деп өлең жолымен ескерткен еді. Аталған үш өлеңде де тақырып біреу – байғұс киіктің амандығы, Алланың жануардан артық етіп сана берген адамдарының қатыгездігі.
Былтыр киіктердің санын реттеу мәселесі көтерілген. Биыл да тағы көтерілді, айтылып та жатыр. Өткен жылы экс-министр Серікқали Брекешовтің 80 мың киікті жою керек деген бастамасы жұртшылықтың наразылығын туғызып, қоғамда қызу талқыға түскен. Ол аздай, салаға жауапты шенділер Мемлекет басшысынан қатаң сөгіс естіп, ескерту алғаны есімізде. Президент сондағы сөзінде бұл мәселені кәсіби мамандармен ақылдасып, басқалай шешу қажет екенін тапсырған еді. Одан кейін бұл мәселеге нүкте қойылғандай болды. Алайда тағы да айналып кеп киіктерді ату жайлы айтылып, нақты қолға алынды.
Біле білсек, Қазақстанда тас дәуірінен бері тіршілік ететін жануар – ақбөкен. Басына сан мәрте зобалаң туса да, жылдар бойы жойылмай, құдіреттің күшімен көп болмаса да, кейде қуаң даладан қылаң беріп, жүйткіп өтеді.
Соңғы санақ бойынша еліміздегі ақбөкен саны 2 миллионға жетіп жығылған. Әсіресе батыс аймақтардағы шаруалардың егістігін отап, берекесін алғаннан кейін Президент жауапты ведомстваға тиісті шешім шығаруды тапсырған-ды. Одан бері салаға жауапты министр бірнеше рет ауысып үлгерді. Экология министрлігі шетелден ғалымдар алдырып, талқылаймыз дегенше, биыл облыс шаруаларына киіктен келген залал 8 миллиард теңгеге жуықтаған көрінеді.
Министр мәлімдеді
WhatsApp және мессенджер әлеуметтік желілерінде киіктерді атуға рұқсат берілгені туралы хабар тарады. Осыған байланысты орталық коммуникациялар қызметінде өткен жиында ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев жауап берді.
Алғашқыда Үкімет киіктің қарал тәсілімен қоршауға алып сою арқылы азайтылатынын мәлімдеген болатын. Бірақ Оралда ақбөкенді атуға рұқсат 4200 теңгеге сатылып жатыр деген ақпарат тарады. Министр бұл тәсілдің соңғы уақытта жаңбыр жиі жауып, ауа- райының қолайсыздығына байланысты қарал тәсілін жүзеге асыру қиындап кеткендіктен енгізілгенін айтты.
– Жалпы осы науқанды дайындаған кезде екі тәсіл қарастырылды. Біріншісі – қарал тәсілімен тор құру арқылы ұсталып, бауыздалып, комбинаттарға жеткізіледі. Екіншісі – түн ішінде ату тәсілі. Біз алғашқыда қарал тәсілімен азайту науқанын бастаған болатынбыз. Бірақ соңғы екі аптада жаңбыр көбейіп, бұл тәсілді қолдануда біраз қиыншылық туындады. Сол себепті биологиялық негіздемеде көрсетілген екінші тәсілді де қолдануға шешім қабылдадық. Бүгінде бұл жұмыстар тоқтап тұр. Өйткені оған біраз дайындық қажет болып жатыр. Киік аңшылыққа арналған жануар, – деді.
Нысанбаев Кеңес дәуірінде мемлекет жылына 300-350 мыңға дейін ақбөкен етін әзірлеп отырғанын, бірақ саны тым азайып кетуіне байланысты бұл тәсіл тоқтатылғанын айтты. Алайда бүгінде оның популяциясы тарихи санынан асып кеткеніне байланысты реттеуді талап ететінін жеткізді. Министр айтқан екі тәсілмен 115 киік ауланған екен.
– 2003 жылы киік саны бар-жоғы 21 мың болып қалған. Мемлекет қыруар ақша салып, ақбөкен санын 1 млн 950 мың басқа жеткізді. Киік – өсімтал мал. Орал өңірі 300 мың киікті ғана қамти алады. Одан үлкенге жайылымдық жер жетпейді. Ал қазіргі уақытта Орал популяциясы 1 млн 150 мың. Бетпақдаланыкі 800 мыңға жуық. Біз оның 337 мыңын азайтуды жоспарлап отырмыз. Қазіргі күні қарал тәсілі арқылы 91 бас киік сойылды, екінші тәсілмен 14 бас киік ауланды. Біз бұл қадамға дихандардың егінін сақтау үшін барып отырмыз, – деді министр.
Ол жабайы табиғат аясында бұл жануарлардың саны табиғи жолмен реттеліп отырғанын, бірақ бұл табиғи реттеу жүйесі елімізде дұрыс жүрмейтінін айтты. Сол себепті қолдану азайту ең оңтайлы шешім деп танылған.
– Негізі киік санын қасқыр, жұт, індет реттейтін. Бүгінгі күні біз табиғаттың реттеуін күтіп отыра алмаймыз. Егер дәл осылай жалғаса берсе, жұт болуы әбден мүмкін. Сол себептен біз оларды тиімді қолдануды көздеп отырмыз, – деді министр.
Шаруалар шығыны
Экология министрі Ерлан Нысанбаев дала кезген жануарларды тек тор арқылы аулау өте қиын екенін айтты. Осы күнге дейін ресми түрде 24 ақбөкен атып алынған.
Биологиялық негіздемеге сәйкес, киік санын реттеудің екі әдісі таңдалған. Біріншісі, торға қамап ұстау. Онда охотзоопром қызметкерлері ұзындығы 2 шақырым болатын тор құрып, қолға түсірген киіктерді сойып, етін комбинатқа өткізеді. Екіншісі, ақбөкендерді түнгі уақытта ату. Осы екі тәсілді пайдалану арқылы бүгінде 100-ден астам киік ауланған.
Министрліктің мәліметінше, 337 мың ақбөкенді ату немесе торға түсіру жоспарланған.
– Қазіргі күні киіктердің саны тарихи көрсеткіштен асып кетті. Яғни екі миллионға жуық ақбөкен бар. Олар жыл сайын диқандардың егінін таптап, шығын келтіріп жатыр. Қазірдің өзінде шаруалардың шығыны 12 миллиард теңгені құрады. Олардың санын қысқартпасақ, көбейе береді, – деді ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі.
«Өзім атуға қарсымын»
Бұл – журналист әрі эколог жазушысы Сайлаубай Жұбатырұлының сөзі.
– Тарихта өткен ғасырда деп айтсақ, біздің Қазақстанның жерінде жайылып жүретін ақбөкен еді. Сол кезде біз бұл жарықтықтар біреудің егін алқабына, жайлауына зиянын тигізіпті дегенді естімейтінбіз. Негізінде миллиондаған жылдардан бері тұқымын жоғалтпай келе жатқан киелі, қасиетті жануар болып есептеледі.
Әлі есімде 1984 жылы Алматыда өткен пленумда 500 мың киіктің лағы бір аурумен қырылып қалған деп айтып қалып, соңы әжептеуір мәселеге ушығып кеткені белгілі. Бірақ сондай мәлімет тауып алғанмын. Осындай да жағдайды бастан кешіріп келдік емес пе… Өзім ойлаймын, бұл сол кездегі космодромның кесірі болды ма деген. Солардың бәрінен аман өтіп келе жатқан киік еді, енді соңғы кездегі мәліметтерге сүйенсек, адам киікке шағым айтатын заман болғаны ма деп қаласың…
«Малымызды таптап, егінімізді жайпап кетті» деп жатыр шаруашылықтар. Ойланып қарасақ, адам таңғалатындай жағдай ғой. Осы мәселеге орай мен бір мысал келтіре кетейін, Астралия деген жерді ағылшындықтар бірінші ашқанында өте керемет континент болды. Жағасының бәрі жасыл, құнарлы. Бірақ негізінде ол жер шөлейтті жерге жататын. Сол жасыл жағалауға олар өздерінің жақсы көретін өсімдіктерін еккені сондай қаптап кетті. Содан оны құрту үшін қояндарды жіберген. Себебі ол шөптерді қоян ұнатып жейді екен. Қоян көбейіп кеткен соң оған қарсы түлкілерді жібереді. Түлкілер қоянды құртып болып, көршілес орналасқан құс фермаларының тауықтарына шабуыл жасайды. Одан кейін кезек Динго деген жабайы иттерге келеді. Ол иттер қоянды құртып, түлкінің тасталқанын шығарып, фермерлердің қойларына шабатын болған. Бұл туралы тіпті «Жабайы ит Динго» деген кино да шықты-ау деймін.
Неге бұл мысалды келтірдім? Адам табиғаттың тепе- теңдігін ойсыз бүлдіреді. Ал табиғат өзін-өзі емдеуге тырысады. Бірақ адам араласа берген соң соңы дұрыс б о л м а й д ы . А с т р а л и я д а ғ ы жайтта адамнан кеткен қателіктен экологияны бүлдіру дегенге саяды. Міне, бізде де сондай көзқарас. «Шаруалықты қалай дамытамыз?» деп экология деген ортақ үйімізге қиянатымыз көбейіп кеткен болуы керек. Айналып келгенде соның бәрін киіктің көптігінен көруде. Әйтпесе ол жарықтық осы кезге дейін адам жүрген жерге жоламайтын. Адамнан қашып, үркіп жүретін жануарды шаруалардың жеріне кесірі тиді деп айтуға сену қиын.
Енді қазақтың осы киелі киігін ату керек деген Үкіметтің саясаты шығып отыр. Бірақ өзім адамзат ретінде, табиғаттың жанашыры ретінде түбегейлі қарсымын. Ал егер расымен шаруалардың егініне, жеріне зақым келген болса, ол кезде атпа деп айтпаймын. Өйткені ол жерде адамның күнкөрісі бар. Соны да ойлау керек. Дейтұрғанмен ондай жағдайда ату керек екен деп те айтуға аузым бармайды. Жалпы өзім киікті атуға қарсымын.
Себебі киікті ату деген обал. Киесі бар жануар екенін бәріміз де білеміз. Түптеп келгенде киіктің киесіне қалмауды ойлау қажет. Сондықтан жоғарыда отырған азаматтар әлі де ойланып шешім қабылдауы керек. Біздің даламызды, шаруашылықтарымызды зерттеп отырған үлген ғылыми күштер бар, ғылыми институттар бар, бәрі бірлесіп, басқаша реттеуге болмас па деп ойлаймын.
Егер мал, егін шаруашылығына қауіп төндіріп тұрған болса ғылыми институттардың мамандары киіктің популяциясын шектеп, өзінің мекен еткен Бетпақдала деген жері, Сарыарқа деген өрістері бар. Міне, соған бейімдеп, солай қарай таратса деген жолды қарастыру керек секілді. Әрине, «киік көбейді, бәрін құртты, ату керек» деп шешім қабылдай салған оңайырақ шығар. Кім білсін? Оның астарында киікті атып қана қоймай оның мүйізін де пайдалануы мүмкін. Өйткені ол өте қымбат тұрады. Мына абыр-дабырдың арқасында сол мүйізді де сатуы ықтимал. Сондықтан бұл – күрделі мәселе.
О заманда, бұ заман, өз басым «киік егінге шапты» дегенді мүлдем естіген емеспін. Киікті кемітпеу керек, керісінше өсіру керек. Ол – біздің байлығымыз, алтын қорымыз, табиғаттың төл перзенті. Мен солай бағалаймын. Нақты шешім қабылдамас бұрын әлі де жан-жақты зерттеу қажет. Дүрбелеңге салынып, киікті жоғалтып алдық деген трагедияға тап болып қалмайық.
Мен жазушы ретінде өз көзқарасымды осылай білдіріп отырмын. Ал бұған тиісті сала мамандарының пікірін де білу қажет секілді, – деді Сайлаубай аға.
Эколог жазушысы айтқандай, бізде тиісті сала мамандарына хабарластық. Алайда облыстық орман шаруашылығы департаментінің баспасөз хатшысынан «комитет рұқсат етпей біздегі мамандар жауап бере алмайды. Телевидениеге де рұқсат берілмеді» деген жауап алдық, өкінішке қарай…
Киіктің киесі
Бір кездері киікті аямай атқандар көп. Тіпті оның етіне, мүйізіне қызыққандары қаншама. Өйткені олар атқан киік етін сол жерге қалдырып, тек мүйіздерін кесіп алғандары кездесті. Браконьерлер мүйіз үшін даланы жазықсыз жануардың қанына бөктіріп кеткен оқиға жиі орын алғаны да белгілі. Қытайда дәстүрлі медицина үшін оның мүйізі дәрілік шикізат ретінде аса сұранысқа ие. Міне, мүйізге қызығушылықтың себебі осында.
Тіпті осындай жолды кәсіп еткендері де бар. Құныққандары соншалықты көздері жәутеңдеген киіктердің қанға боялғанын көрмейтін, елемейтін, аямайтын еді. Осындайда үлкендеріміз жиі айтатын: «Жер бетінде қыбырлаған, кеудесінде жаны бардың әрқайсысында кие бар. Соның ішінде киіктің киесі қатты болады» деп.
Қарап отырсақ, көпті көрген көнекөздеріміз дәл айтқан. Бір отбасы болды. Әп-әдемі ұйып отырған шаңыраққа көбі таңғалатын. Себебі жұмыс істемесе де, ауылдағы табысы мол жандардың бірі еді. Ал оларға осыншама ақша қалай келіп жатты? Сөйтсе, сұлу жануарды алаңсыз атып, етін, мүйізін сатып, әжептеуір байып, мол қаржы жинап үлгеріпті. «Әке көрген оқ жонар» демекші, сол үй иесінің кәсібін көріп өскен балалары да осы жолда жүрді.
Бірақ соңы жақсы болмады. Байлық та, береке де ұзаққа бармады. Көп ұзамай әкесі айықпас сырқатқа ұшырады. Ұлдары аяқ астынан ажал құшты. Бір отбасындағы мұндай келеңсіздіктің бірінен соң бірі орын алғанын сол кездері үлкендер «Киіктің киесі ұрды» деп болжады. Себебі ағайыны мұның дұрыс еместігін айтып, бірнеше рет ескерткен еді. Әйткенмен байлыққа көзі тоймаған, қанағат тұтпаған отбасы құлақ та аспапты. Қайта керісінше, ағайынның айтқанын көре алмаушылыққа балады. Міне, өмірдегі бір дәлел.
Ақбөкеннің тағы бір қасиеті
Киіктің киесі мен қасиеті жайлы мынадай әпсана бар. Адам ата жерге түскен соң барлық жан-жануар Хақ тағаланың орынбасарын көруге ынтық болыпты. Сол кезде ең алғаш Адам атаны көрген ақбөкен екен деседі. Ол «Алланың халифасы жерге түсті» дегенді естігенде қазақ даласынан Жидда тауына қарай желіп отырыпты. Ол кезде Адам ата мен Хауа ана Жидда тауының етегінде үй салып, тіршілік кешіп жатыр екен.
Ақбөкен ұзақ жол жүріп, шаршап-шалдығып, Адам атаның тұрағына жеткенде құлап түседі. Адам оны көтеріп алып, үйіне әкеледі де, оған інжірдің жапырағын беріп асырайды. Адам ата мейірленіп, оның тұмсығынан сипағанды жақсы көреді екен. Пайғамбардың қолы тигендіктен, ақбөкеннің тұмсығы өзге аңдардан ерекше сұлу болып бітіпті. Арқасынан сипағанда, денесінен хош иіс шығыпты. Аяғынан сипағанда, тұяғы қасиетті болып, мың бір ауруға ем болыпты. Қуса жеткізбейтін жүйрік жануарға айналыпты. Көзінен өпкенде жанарына көрік бітіп, сұлу жануарға айналып шыға келіпті. Мүйізінен ұстағанда, оған да шипалық қасиет дарыған екен. Пайғамбардың алақаны беліне тигенде, буаз кезінде іштегі елігінің жынысын қалауына қарай өзгерте алатын болыпты.
Ақбөкеннің арнайы келісіне риза болған Адам ата:
– Жануарым, мен саған ризамын. Бұйымтайың болса айт. Мейірімді Алладан дұға етіп, бір мұқтажыңды өтейін, – дейді. Сонда ақбөкен:
– Төлдегенде құралайым шыбын-шіркейге жем болады. Одан қалса, қасқыр шабады. Даланың шөбі төлдерге ауырлық етіп, қоң жинай алмайды. Осы қиындықтан құтқарсаңыз, – депті.
Адам ата Тәңірісіне ақбөкеннің арызын жеткізіп, қиындықтан құтқарыпты. Содан бастап құдайдың әмірімен киіктер төлдейтін кезде Бетпақдалада шыбын- шіркейді шығартпайтын суық болады екен. Мұны қазақта «құралайдың салқыны» деп атайды. Ұлық Алла сол уақытта қасқырдың киікке деген тәбетін тыяды. Құралайлар көшке ілескенше қасқырлар оларға жақындай алмайды. Жас киікке арнап даладан түйетабан деген шөп шығарады. Ол тек ақбөкен төлдейтін кезде көгеріп, көктеп, лақтарға азық болады екен.
Ақбөкен Тәңірдің халифасын көріп, қолынан жем жеп, мақсаты орындалған соң Бетпақдалаға қайтпақшы болады. Сол кезде Адам ата оған:
– Сахараға сән болып,
Құт пен кие, мән қонып,
Өсіп-өнсін нәсілің,
Бір құдайым жар болып,
Аллам өзі қолдасын,
Бар бәледен қорғасын.
Саған зауал келтірген
Ешқашан да оңбасын.
Сайын түзден тап мекен,
Басқа орнасын бақ бекем.
Қу медиен түздерге
Ырыс дарыт, ақбөкен, – деп батасын береді.
Содан бастап киікке кие бітіп, қасиетті аң саналыпты. Оны нақақ өлтіргендер Адам атаның қарғысына ұшырайды деген түсінік бар.
Тілші түйіні
Мамандардың мәліметі бойынша, киіктер санында өсім бары байқалады. Бірақ «Қызыл кітапқа» енген даланың ерке жануарын жауыздықпен қыру оқиғалары жалғасуда. Араша сұрап қараған киіктің жәудіреген көзіне, оның киесіне, «Қызыл кітап» та, шенеуніктер қабылдаған шешім де кедергі болмай тұрғаны өкінішті-ақ…
«Не істесең де ескертіп істе, обал болады» дейтін дала заңы. Ақбөкенді Алла адамның несібесі қылып жаратқанмен, біз кие мен обал барын ескерген қазақ емеспіз бе? Шаруалар шығыны деп киіктің киесін де естен шығармайық, ағайын!
Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!