Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен Қазалы ауданында кадрлық өзгерістерге байланысты актив отырысы өтті. Оған жауапты сала, құқық қорғау органдарының басшылары, облыстық сайлау комиссиясының төрағасы, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Аймақ басшысы бұрын аудан әкімі қызметінде болған Шермағанбет Мейрамбек Зинабдинұлына алғыс білдіріп, жаңа қызметке сайланған Есмаханов Алмасбек Әбілқасымұлына сәттілік тіледі.
«Бұған дейін Қазалы ауданының әкімі қызметін атқарған Шермағанбет Мейрамбек Зинабдинұлы Президент Әкімшілігінің келісімі негізінде облыс әкімінің орынбасары ретінде қызметін жалғастыруда.
Мейрамбек Зинабдинұлы Қазалы ауданында 2 жылға жуық қызмет жасап, ауданның дамуына сүбелі үлес қосты.
Сайлау жүйесін демократияландыру – Президент реформаларының негізгі міндеттерінің бірі.
Өңірімізде аудан әкімдерін сайлау 2023 жылы пилоттық негізде өткізіліп, Шиелі мен Сырдария аудандарының әкімдері сайланды.
Күні кеше өткен саяси науқанда Қазалы ауданының тұрғындары жоғары белсенділік танытты. Бекем бірлік пен тату тірліктің үлгісін көрсетіп, ауданның жарқын болашағы үшін өз таңдауларын жасады.
Алмасбек Әбілқасымұлы – басшылық қызметтегі ұйымдастырушылық қабілеті мен тәжірибесі мол, өз жұмысын жоғары кәсіби деңгейде атқаратын әлеуеті жоғары кадр.
Президентіміздің, Үкіметтің алдымызға қойған міндеттері мен тапсырмаларын сапалы орындап, Өздеріңізбен бірге Қазалы ауданын одан әрі дамытуға, көркейтуге аянбай жұмыс жасайды деп сенеміз. Жаңадан сайланған аудан әкіміне Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлының реформалары мен бастамаларын жүзеге асыру бойынша нақты әрі жүйелі жұмыстар жүргізуді тапсырамын.
Аудан халқы үгіт-насихат кезеңіндегі Сіздің уәделеріңізге сеніп, қолдап дауыс берді. Сол себепті сайлауалды бағдарламаңызда көрсетілген әрбір мәселенің оңтайлы, мерзімінде шешілуін қамтамасыз етіңіз. Біз, аудан халқы әрдайым жан-жақты қолдау көрсетеміз.
Алдыңызда дамудың барлық макроэкономикалық көрсеткіші бойынша оң параметрлерге қол жеткізу міндеті тұр. Ауданға инвестиция тарту, салық базасын ұлғайту, қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтау, жаңа жұмыс орындарын ашу мен кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға бағытталған нақты жұмыс жүргізу қажет.
Президентіміздің инвестиция тарту тапсырмасын орындау үшін инвесторлармен тиісті бағытты айқындау керек. Аудан әкімінің жұмысы инвестиция тарту индикаторының орындалуымен бағаланады. Қазіргі жағдайда бюджеттің әрбір тиыны маңызды.
Бұған дейін де басшылық лауазымдарда мол тәжірибе жинаған қызметкер ретінде аудандағы ресурстарды барынша қолданып, бюджет қаражатын толық әрі мерзімінде игеріп, жобалардың сапалы жүзеге асуын қамтамасыз етіңіз.
Құқық қорғау органдарының басшыларына аудан әкімімен бірлесіп, жұмыс жасауды қатаң тапсырамын!», – деді Н.Нәлібаев.

Есмаханов Алмасбек Әбілқасымұлы 1982 жылы дүниеге келген. Қызылорда гуманитарлық университетінде экономист, Қазтұтыну одағының Қарағанды экономикалық университетінде заңгер мамандықтары бойынша білім алған.
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша магистр дәрежесін иеленген.
Әр жылдары Қарауылтөбе ауылдық округінің әкімі, Қызылорда қаласы әкімі аппаратының, қалалық бірнеше бөлімнің басшысы, облыс әкімі аппаратында бөлім басшысы, Шиелі ауданы әкімінің орынбасары, облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары, басқарма басшысы лауазымдарында нәтижелі қызмет етті.
2024 жылдың шілде айынан бастап «АМАНАТ» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы қызметін атқарып келді.
Айта кетейік, 28 қыркүйекте өткен Қазалы ауданы әкімі сайлауының қорытындысын облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Әділбек Ерсұлтанов жариялап, жаңадан сайланған аудан әкіміне куәлігін табыстады.
Актив отырысынан соң, аймақ басшысы аудан тұрғындарымен кездесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму бағдары, алдағы жоспарлар туралы ой бөлісті. Қазалылықтар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ұсыныстарын жеткізді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!