Мәжіліс жер телімін АҚШ-қа жалға беру туралы заң жобасын жұмысқа алды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қазақстан мен Америка Құрама Штаттарының үкіметі арасындағы келісімге сәйкес, АҚШ Алматыда консулдық ғимарат салу үшін жер телімін жалға алмақ.
Депутат Айгүл Құспанның айтуынша, сөз болып отырған келісімге былтыр 27 қыркүйекте Нью-Йоркте қол қойылған.
«Қарастырылып отырған келісім былтыр 27 қыркүйекте Нью-Йоркте жасалды. Келісімнің мақсаты – АҚШ үкіметіне Алматы қаласындағы АҚШ консулдық мекемесінің үй-жайларын салу және пайдалану үшін 49 жыл мерзімге ауданы 70 мың шаршы метрден асатын жер учаскесін жалға беру. Келісімде жер учаскесін беру тәртібі мен шарттары айқындалған. Комитет осы заң жобасын жұмысқа алуға және қорытынды дайындауға әзір», деді мәжіліс депутаты Айгүл Құспан.
Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті заң жобасы бойынша қорытынды дайындайды. Құжат келесі мәжіліс отырысында қаралады.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!