Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 21:24

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Ас атасы – нан

15.10.2024

432 0

16 қазан – халықаралық нан күні. Атаулы мереке 2006 жылы халықаралық наубайшылар мен кондитер-наубайшылар одағының бастамасымен құрылды. Осы күнді таңдаудың да өз себебі бар. 1945 жылы 16 қазанда БҰҰ Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымы құрылған. Нан – әлемде көпшілік тұтынатын тағамдардың бірі. Зерттеу бойынша әлемде күн сайын шамамен 9 миллион бөлке нан тұтынады екен. Ал жылына адамдар шамамен 140 миллион тонна нан өнімдерін жейді. Бүгінде нанның түрі көп. Наубайханада пісірілетін әр түрлі нандармен қатар мерекелік дастарханға арналған тәтті тоқаштар, диеталық нан түрлері өте көп.

«Кәсібіне қарай – нәсібі» демекші, аймағымызда наубайхана ашып, шағын бизнесін дөңгелетіп отырғандар саны күннен-күнге артып келеді. Қызылордалық Бахытбек Ербошаев – өз өндірісін өрге жүздірген табысты кәсіпкердің бірі. Бүгінде жаңа технологиямен жұмыс істейтін наубайханада тәулік сайын 2-3 мыңнан аса нан өнімдерін пісіреді.

– Наубайхана өз жұмысын 2013 жылдың 2 тамызында бастады. Алғаш кәсіпорын екі айналмалы роторлы пеш сатып алып, нан өнімін өндіруді бастады. Нан өнімдеріне сұраныс артып, тағы төрт пеш сатып алу үшін 2021 жылы өңірлік инвестициялық орталығына несиеге өтінім бердік. Кәсібімнің көкжиегі артып, нан көлемін өндіруді ұлғайта алдық. Алғашында тұтынушылар қатары аз еді, кейін оның саны бірнеше есе артып, қала тұрғындарын нан өнімдерімен қамтамасыз етудеміз – дейді наубайхана басшысы Бахытбек Ербошаев.

Наубайхана иесінің айтуынша, дәстүрлі нан түрлерімен қатар, наубайхана француз круассандарын, түрлі салмасы бар тоқаштарды және түрлі тәттілерді шығарады. Еш қоспасы жоқ, экологиялық таза. Нәтижесінде өнімдері өте танымал және үлкен сұранысқа ие.


– Күн сайын 2-3 мыңға жуық бөлке нан және нан өнімдерін шығарамыз. Жақында біздің наубайхана батыстық технологияларды меңгеріп, еуропалық сападағы көптеген нан түрлерін пісіре бастадық. Соңғы жылдары жаңа өнімдерді халыққа ұсындық. Ашытқысыз пайдалы нандар, эстон және литва нандары, сондай-ақ ерекше айран қосылған нан түрі тұтынушылар көңілінен шықты. Біз тек табиғи қоспаларды және заманауи бақылау әдістерін пайдалана отырып, өнімдеріміздің сапасы мен қауіпсіздігіне ерекше назар аударамыз. Біздің мақсатымыз – әркім өз талғамына сай өнімді таба алатындай өнім түрлерін одан әрі кеңейту. Қызметкерлер әр жаңа өнім ең жоғары стандарттарға сай болуы үшін технологияларын жетілдіру бойынша үнемі ізденісте. Мен өз жұмысына жанын салып, жоғары нәтижеге ұмтылған мамандардың кәсібилігін мақтан тұтамын, – дейді Бахытбек Сәндібекұлы.

Кәсіпкердің айтуынша, наубайханашылар сапалы өнім шығаруға ұмтылады. Наубайхана тек сапа мен дәмге ғана емес, өнімдердің қолжетімділігіне, олардың әдемі қапталуына және дүкен сөрелеріне жылдам жеткізілуіне де мән береді.

– Өнімдеріміздің сақтау мерзімі үш күнге дейін, бұл олардың балғындығы мен табиғилығына кепілдік береді.Томат қосылған нан, десертті нан және жүгері наны сияқты түрлері кем дегенде жеті күн бойы дәмін сақтайды. Жарамдылық мерзімі өткеннен кейін де, жоғары сапалы ашытқы арқасында олар балғын және жұмсақ болып қала береді. Біз Қазақстандағы нан өнімдерін өндіруде жаңа технологияларды енгізіп жатқан бірнеше компаниямен бірлесе жұмыс істейміз. Біз олардан үйренеміз, тәжірибесін игереміз, соның арқасында бізде жаңа сапалы өнімдер бар. Кез келген бизнесте табысқа жету үшін өз ісіңізді жақсы көруіңіз керек. Дәмі тіл үйірер нан пісіру үшін наубайханашылар күн-түн демей еңбек етеді. Сондықтан олардың жұмысы өте жауапты. Өткен аптада ғана біздің наубайхана жаңа өнім – «солдат» нанын шығардық. Бұл нан тұтынушыларымыздың сүйікті тағамына айналды. «Солдат» наны ұзақ уақыт бойы дәмі мен балғындығын сақтайтындықтан, алыс сапарларға өте ыңғайлы. Наубайханада халықтың талғамына сай түрлі нан пісіреміз. Мәселен, кеңес дәуіріндегі стандарт бойынша пісірілген нанға үйреніп қалған қарт адамдарға әлі де сол бөлке нан ұнайды. Ал жастар жаңа дәмдегі өнімдерді ұнатады. Бізде белсенді адамдарға арналған «спорттық» нан, жасөспірімдерге арналған «витаминді» нан және глютенге аллергиясы барларға «глютенсіз» нан бар. Осылайша, біз әркім өз талғамы мен қажеттіліктеріне сай нан таба алатындай өнімдердің алуан түрін ұсынып келеміз. Алдағы уақытта сұранысты қанағаттандыру үшін жаңа технологияларды енгізіп, өндіріс қуатын кеңейтуді жоспарлап отырмыз, – дейді наубайхана басшысы.

Наубайханада 4 жылдан астам жұмыс істеп келе жатқан наубайханашы маман бар. Есімі – Мөлдір Құрмашева. Ол нан пісірумен 8 жылдан астам уақыт айналысып келеді. Осы кезге дейін табиғи ашытқы қосылған нан, әрі тіл үйірер түрлі тәттілер дайындап келеді.

– Нан пісіру оңай шаруа емес. Нан пісіру процесі жұмыс орнын дайындаудан басталады. Наубайшылардың жұмыс күні түнде, барлық адамдар ұйықтап жатқанда басталады. Таңертең қызылордалықтар жаңа піскен наннан дәм татуы үшін таба нан, тоқаш және басқа да өнімдерді түнде пісіреміз. Нан пісіру кезінде ең маңызды нәрсе – ұйымдастыру. Алдымен қамыр иленеді, содан кейін бірнеше уақыт көтерілгенше күтеміз. Кейін қамыр кесіліп, салмағына қарай қажетті пішіндерге келтіріледі. Содан кейін нан өңделеді, пісіріледі, салқындатылады және оралады. Салқындағаннан кейін өнімдерге шығарылған күні жазылған этикеткалар жабысып, таңертең қызылордалықтар үшін сөреге жіберіледі, – дейді наубайханашы.

Оның айтуынша, нанның сапасы ұнның сапасына тікелей байланысты. Егер ұн жоғары стандарттарға сәйкес келмесе, нан сапасына кері әсер етеді.

– Біздің наубайхана арзан ұнды пайдаланбайды. Біз нан өнімдерін жоғары сапалы ұннан жасаймыз. «Цесна» және «Пионер» сияқты ұн өндірушілерімен ынтымақтастықтамыз, жоғары сапалы ұнмен қамтамасыз етіп, өнімдерді халыққа тиімді бағамен пісіріп ұсынамыз, – дейді Мөлдір Құрмашаева.

Наубайшы күн сайын тұтынушыларды алуан түрлі өнім түрлерімен қуанту үшін жаңа тәжірибеден қорықпайтынын айтады.

– Менің мақсатым – нанды дәмді етіп пісіру. Тұтыну­шыларымызға нанның дәстүрлі түрлерін ғана емес, бірегей рецептерді ұсынамыз. Жұмыс барысында ұнды таңдаудан бастап, пісіру температурасына дейін барлық бөлшектерге назар аударамын. Бұл тамаша нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Наубайшының жұмысы тек шеберлікті ғана емес, өз ісіне деген сүйіспеншілікті де қажет етеді. Жұмысым өзіме ұнайды, өйткені біз пісіретін нан әрбір отбасының дастарханында қойылып, қуаныш сыйлайды. Алдағы уақытта өз мамандығым бойынша жаңа технологияларды меңгеріп, біліктілігімді шыңдауды жоспарлап отырмын. Менің мақсатым – өз ісімнің нағыз шебері болып, халыққа сапалы нан өнімдерін ұсынып, ел алғысына бөлену. «Еңбек түбі – береке» деген осы болса керек, – дейді наубайшы.

София Хайруллақызы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: