Жексенбі, 22 желтоқсан, 20:25

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Асыраушы саланың әлеуеті

26.12.2023

547 0

Фото: Н.Нұржаубай

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында: «Ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор. Бірақ біз қолда бар мүмкіндіктерді әлі де толық пайдаланбай отырмыз. Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар. Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы. Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет. Онсыз болмайды. Біз алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70%-ға жеткізуіміз керек», – деген болатын.

Ауыл шаруашылығы қашаннан асыраушы сала екені бесенеден белгілі. Егін шаруашылығы мен мал шаруашылығы тұрақты дамып отырмаса, мемлекеттің де өркен жаюы неғайбыл. Асыраушы сала саналғандықтан азықтүлік қауіпсіздігі де бар. Егіншінің несібесін еселейтін де, ауыл халқының мерейін үстем ететін де аграрлы сала. Қызылорда – елдегі аграрлы аймақтың бірі. Бұл сөзімізге республиканы күрішпен қамтамасыз етіп отырғанымызды дәлел етсек те болады. Жыл аяқталар тұста Сырдағы ауыл шаруашылығы саласында атқарылған жұмыстарға тоқталғанды жөн көрдік. Деректі алыстан емес, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың Астанада берген брифингінен алғанды құп санадық.

 – Ауыл шаруашылығы – өңір экономикасының негізгі саласы. Бұл салаға тартылған инвестиция көлемі өткен жылмен салыстырғанда 9,4 млрд теңгені құрап, 36,6 пайызға артты. Аймақтың табиғи-климаттық және топырақ ерекшеліктеріне сай ауыл шаруашылығы саласы толығымен суармалы егіншілікке, оның ішінде күріш егісіне бейімделген. Егін науқанының қорытындысымен әр гектардан 56,5 центнерден өнім алынып, қамбаға 503 мың тонна күріш жиналды. Су тапшылығына қарамастан, күріш өнімділігі бойынша өткен жылғы деңгейді сақтап қалдық, – деді аймақ басшысы.

Асыраушы саланың әлеуеті

Тағы бір айта кететін жәйт, облыстың ауыл шаруашылығы саласының экспорттық әлеуеті артып, өткізу нарығы кеңеюде. Соңғы екі жылдың өзінде 84 млн АҚШ долларының өнімі экспортталған. Мамандар экспортталған өнімнің 96 пайызы өңделген өнім екенін алға тартуда. Жаз мезгілінде Қызылордада Сырдария суы төмендеп, диқандарға қиындық туғызып жүргені жасырын емес. Бұл мәселені шешудің бірденбір жолы суды үнемдеу, өзендегі суды тиімді пайдалану болып табылады. Суды үнемдеп пайдалану үшін тамшылатып, жаңбырлатып суару әдістерінің қолдану аясын кеңейтуге басымдық беріліп жатқанын да айта кеткен жөн.

– Осы жылы су үнемдеу технологиясымен 872 гектарға дақылдар егілді. Бұл тенденцияны жыл сайын 1000 гектарға арттырамыз. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында: «Агроғылымды дамыту және ең бастысы, оны ауыл шаруашылығында іс жүзінде қолдану үшін шаралар қабылдау қажет» деген болатын. Аймақта күріштің, өзге де дақылдардың жаңа сорттарын шығарып, өнім сапасын арттыру үшін Ыбырай Жақаев атындағы қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының қызметіне басымдық берудеміз. Жақында Ауыл шаруашылығы ғылым академиясымен агроөнеркәсіптік кешенді ғылыми және инновациялық дамыту саласындағы ынтымақтастық келісіміне қол қойылды, – деді облыс әкімі.

Жаз мезгілінде Сырдариядағы судың көлемі азайып кететінін атап өттік. Бұл мәселе аймақ жұртын кәдімгідей алаңдатып отыр.

– Су тапшылығы аймақ халқын алаңдатуда. Оны Президентке де жеткізіп, баяндадым. Су ресурстары және ирригация министрлігімен бірге «Қызылорда облысындағы суармалы жүйелерді қалпына келтірудің жол картасын» әзірледік. Ол бойынша тасқын суды жинақтау, суармалы суды бөлу мен есепке алу процестерін автоматтандыру арқылы ирригациялық инфрақұрылымды қайта құру, жаңғырту шаралары атқарылуда. Суды бөлу мен есепке алудың заманауи жүйелерін енгізу үшін халықаралық компанияларды тарттық, – деді аймақ басшысы.

Айта кетейік, соңғы 12 жылда Солтүстік Арал теңізінің суы 6,8 млрд текше метрге азайып кетті. Тұтас өңірдің тағдырына байланысты мәселе Парламентте, Үкіметте үнемі көтерілуде. Өткен жылдан бері 4,6 млрд теңгеге «Көкарал бөгетін сақтап қалу» жобасы іске асырылуда. 2024 жылы зақымданған бөгет қалпына келтіріліп, Қарашалаң көлі арқылы теңізге 2 арна және Тұщы көлі арқылы бір арна қазылады. Мамандар бұл істің нәтижесінде теңізде су айналымы қалыптасып, тұздылығы төмендейді деп отыр. Аймақтың ауыл шаруашылығы саласында жаңалыққа бетбұрыс байқалады. Алдағы уақытта өнімділігі жоғары, өсу мерзімі қысқа күріштің жаңа сорттарын өндіріске енгізу көзделіп отыр. Ғалымдар бірнеше жаңа сортты сынақтан өткізуде. Нәтижесінде пилоттық жобадағы сорттар 10 центнерден жоғары өнім беріп, 10- 15 күн ерте пісті. Келесі жылы да оң көрсеткіш сақталса, 2025 жылдан бастап жаңа сорттар қолданысқа енгізілмек. Егіс алқабын әртараптандыру алдағы уақытта да жалғасын таппақ. 2025 жылға қарай күріш алқабы 89 мың гектардан 80 мың гектарға дейін қысқартылады. Оның орнына суды аз қажет ететін дақылдардың егіс көлемі 8,7 мың гектарға ұлғайтылады. Атап айтқанда, майлы дақылдар алқабы 13 пайызға, мал азықтық дақылдар алқабы 8 пайызға, картоп, көкөніс, бақша дақылдары алқабы 0,5 пайызға, басқа дәнді дақылдар егісі 21 пайызға артады.

 А.АҚЫЛБЕК

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: