Аустралиялық фермер Колин Деверо ұзындығы 3,2 метрлік қолтырауынның шабуылынан кейін ауруханада бір ай жатты, деп хабарлайды BBC.
Оқиға Солтүстік аймақта болған.
Ферма иесі АВС-ге берген сұхбатында өлімші шайқаста аман қалуға тырысып, қолтырауынның қабағынан өзі тістеп алғанын айтты.
Девероның айтуынша, басынан өткен оқиға өткен айда Финнис өзені бойына қоршау салуға барғанында болған.
Ол өзен жағасына келіп, судың таяз жерінен жүзіп бара жатқан балықты байқады. Кетіп бара жатқанында, оң аяғынан қолтырауын тістеп, ер адамды суға сүйреді.
Фермер бауырымен жорғалаушыны екінші аяғымен тебуге тырысып, содан кейін оны өзі тістеп жіберді.
«Мен сондай ыңғайсыз күйде болдым… бірақ бір сәтте тісім оның қабағына тиді. Ол былғары сияқты өте қалың еді, бірақ мен оның қабағын тісімен тартып қалғанда, ол мені жіберді. Мен артқа секіріп, көлігім тұрған жерге тезірек жетуге тырыстым. Қолтырауын артымнан төрт метрдей қуып, кейін тоқтап қалды», – деді ер адам.
Ол аяғындағы қанды тоқтату үшін сүлгі мен арқан қолдануға мәжбүр болды. Кейін ағасы оны солтүстікке, Корольдік Дарвин ауруханасына жеткізді.
«Бұл – істеп жатқан ісімді өзгерту керек деген белгі. Қоршауларды жөндеймін деп, бұл батпақты елді ұзақ уақыт аралап өмір сүрдім. Осы оқиға көзімді ашқандай болды», – деді Девере.
Жергілікті үкіметтің мәліметінше, Солтүстік аймақтағы қолтырауындар заңмен қорғалады. Олар осы жерге туристерді көптеп тартады.
Қолтырауынның адамға жасаған соңғы шабуылы осы жылдың сәуір айында Кейп-Йорк түбегіндегі Кеннеди өзенінде болған.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!