Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 02:25

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Басты мақсат – тұрақтылық

05.07.2024

338 0

Шанхай ынтымақтастық ұйымы Еуразиядағы өңірлік қауіпсіздік, экономикалық ынтымақтастық және саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуде әлеуетті рөл атқаратын маңызды халықаралық ұйым болып табылады. ШЫҰ-ның халықаралық қызметтік міндеті әскери блок немесе ашық түрдегі тұрақты қауіпсіздік кеңесі еместігімен құнды. Ұйымның негізгі мақсаттарына мүше-мемлекеттерді біріктіретін кең аумақта тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту, терроризм, сепаратизм, экстремизм, есірткі бизнесімен күресу, экономикалық ынтымақтастық, энергетикалық әріптестік, ғылыми және мәдени өзара іс-қимылды дамыту жатады.
Бейсенбіде өткен саммитте мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымының халықаралық аренадағы ерекше рөліне тоқталды. «Шанхай ынтымақтастық ұйымы өзінің беделін, елеулі экономикалық және адами ресурстарын ескере отырып, тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу және заманауи сын-қатерлерді еңсеру үшін тиімді шешімдер әзірлеуге қабілетті. Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалығының «Көпжақты диалогты нығайту – тұрақты бейбітшілік пен дамуға ұмтылу» ұраны біздің ортақ миссиямыздың рухын қысқаша көрсетеді», – деді мемлекет басшысы. Мүше-мемлекеттер арасындағы диалог пен ынтымақтастықтың маңыздылығына тоқталған осы ұранда жаһандық мәселелерді шешуге ұжымдық көзқарас қажеттілігі байқалады. Мемлекетіміздің тұрақты бейбітшілік пен дамуға назар аударуы ШЫҰ-ның барлық мүше-мемлекеттерінің ұзақмерзімді тұрақтылығы, өркендеуі мен әл-ауқатының сақталуына ұмтылысын көрсетеді.
Мемлекет басшысы бейбіт және үйлесімді даму күн тәртібін ілгерілетуді ШЫҰ аясындағы көпжақты ынтымақтастықтың басты міндеті ретінде көрсетті. Бейбіт және үйлесімді дамудың негізгі аспектілерінің бірі диалог пен дипломатия арқылы шиеленістерді шешуге болады. Сондықтан ШЫҰ мүше-мемлекеттерге даулар мен шиеленістерді бейбіт жолмен шешу, қарулы қақтығыстар қаупін азайту және тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін платформа ұсынады. Бейбітшілікті сақтау үшін қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығы жоғары. Ұйымның терроризм, сепаратизм және экстремизмге қарсы бірлескен күш-жігері дамуға қолайлы қауіпсіз ортаны құруға көмектеседі. Сонымен қатар, ШЫҰ-на мүше-мемлекеттердің түрлі мәдениеттері арасындағы өзара түсіністік пен құрметке жәрдемдесу елдердің үйлесімді дамуына ықпал жасайды. Мәдени, ғылыми алмасу бағдарламалары мен бастамалары бірлік сезімін дамытуға үлес қосады.
Мемлекет басшысының пайымдауынша, мүше-мемлекеттердің алдында ШЫҰ қызметін одан әрі жетілдірудің өзекті міндеті тұр. Президенттің осы жетілдіруге шақыруы тұрақты эволюция мен бейімделу қажеттілігін көрсетеді. Расында да, ШЫҰ-ның ұйымдастырушылық құрылымын нығайту шешімдерді қабылдау және іске асыру тиімділігін арттыру процестерін жетілдіреді. Бұл бастама институционалды нығайту, кеңейтілген ынтымақтастық тетіктері, экономикалық интеграция, қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық, тұрақты даму және мәдени алмасуға назар аудару арқылы ШЫҰ мүше-мемлекеттердің алдында тұрған міндеттер мен мүмкіндіктерді тиімдірек шеше алады. Бұл стратегияларды жүзеге асыру ШЫҰ-ның халықаралық аренада серпінді және ықпалды ұйым болуын жалғастыруға мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысының саммитте басымдық берілген көпжақты диалогты нығайту, тұрақты бейбітшілік пен дамуға ұмтылуға бағытталған пікірлері тек еліміздің көзқарасы ғана емес, Шанхай ынтымақтастық ұйымы миссиясының негізгі бөлігі саналады деп ойлаймыз. Президент өз сөзінде көтерген мәселелер барлық мүше-мемлекеттердің бейбітшілік пен даму болашағын қамтамасыз ету жолындағы ұжымдық күш-жігердің маңыздылығын білдіреді.

Мұрат НАСИМОВ,

Саяси ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: