Сенбі, 04 мамыр, 07:21

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

Нәтижені халық қазір көруі тиіс

19.09.2023

314 0

Премьер-министр Әлихан Смайылов­тың төрағалығымен инвес­тициялық штаб отырысы өтті. Жиында биылғы 8 айда негізгі капиталға тартылған инвестиция индикаторының орындалуы және инвестиция тарту, инвестициялық жобаларды іске асыру барысы талқыланды.

Үкімет басшысының баспасөз қызме­тінің ақпаратында Әлихан Смайылов инвестиция тартудағы кемшіліктерге қа­тыс­ты мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің жұмысын сынға алғаны айтылған.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров есепті кезеңде негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 9,6 трлн теңгені құрағанын, бұл өткен жылдың қаңтар-тамыз айларына қарағанда 12,2%-ға артық екенін баян­дады. Оның айтуынша, қаражаттың басым бөлігі тау-кен өнеркәсібіне, жылжымайтын мүлік секторына, көлік және қоймалауға, өңдеу өнеркәсібіне тартылған. 20 өңірдің 13-і межелі міндетті асыра орындады, оның ішінде Маңғыстау, Ақмола, Қызылорда, Түркістан, Қара­ғанды облыстары, Шымкент қаласы және басқа да өңірлер бар.

Премьер-Министр жыл соңына дейін негізгі капиталға ең кемі 18,5 трлн теңге инвестиция тарту қажеттігін атап өтті. Алайда 8 айдың қорытындысына сәйкес жылдық жоспар небәрі 52%-ға орындалған. Осыған байланысты жоспарды орындау үшін кейбір өңірлер мен мемлекеттік органдар өткен айларға қарағанда өте ауқымды көлемде инвестиция тартуы қажет. Үкімет басшысы негізгі капиталға салынған инвестициялар бойынша ең төмен көрсеткіш тіркелген, яғни есепті кезеңде белгіленген жоспардың небәрі 54%-ын орындаған Ұлытау облысын мысал ретінде келтірді.

– Бізге жоспардың келесі жылы емес, биыл орындалғаны қажет. Егер инвес­тициялар биыл тартылатын болса, онда біз нәтижесін келесі жылы көреміз. Ал мәселе келер жылы шешілсе, жоба тек 2 жылдан кейін ғана нәтиже береді. Оны күтіп оты­ратын уақыт жоқ. Нәтижені халық қазір көруі тиіс. Жұмыс орындары қазір керек, – деп сынға алды Премьер-министр.

Ол кейбір инфрақұрылымдық аяқталмауына байланысты жалпы құны 11 млрд теңге болатын қара мыс концентраттарын гидрометаллургиялық өңдеу зауытын іске қосу кешіктіріліп жатқанын айтты. Бұл өз кезегінде аймақтың экономикалық дамуына кедергі келтіріп отыр.

– Бұл мәселе осыдан 2-3 жыл бұрын белгілі болды. Берік Әбдіғалиұлы (Ұлытау облысының әкімі), бұл басқа мемлекеттік органдардың құзыретіне жатса да сіздің тарапыңыздан тиісті үйлестіру жұмыстары жүргізілуі керек еді. Инвестициялық штабтың әрбір отырысында инвестициялар тарту жұмыстарын күшейту туралы айтып келеміз. Алайда жұмыс қарқыны өте баяу. Жоспарланған жобаларды іске асыру бойынша нақты нәтиже жоқ. Сіздің тарапыңыздан белсенді іс-қимыл көрінбейді. Жұмысқа деген көзқарасыңызды дұрыстаңыз, адамдарды нақты проблемаларды шешуге ұйымдастырыңыз, – деді Премьер-министр.

Оның айтуынша, Алматыда да бірқатар инвестициялық жобаларды жүзеге асыру тоқтап қалған. Жалпы биыл жоспар орындалмай, қаланың нақты экономикасына 200 млрд теңгеден астам қаржы салынбаған. Аталған мәселе бойынша қала әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров баяндама жасады, алайда ұсынылған ақпарат Үкімет басшысын қанағаттандырмады.

– Сіз мәселенің тігісін жатқызып, әдемі баяндайды екенсіз, бірақ фактілер мен сандар басқаша «сөйлеп» тұр. Сіздің мәлімдеуіңізше инвестициялар бойынша нақты көлем индексі 100,1%-ды құрайды, ал, іс жүзінде өткен жылдың деңгейінде тұр. Бұл әлі күнге алға жылжу жоқтығын білдіреді, яғни өткен жылмен салыстырғанда өсім жоқ. Жұмысты күшейтіңіз. Сіздерде бірқатар инвестициялық жобалар тоқтап тұр. Оларды іске асыруды жеделдетіп, пайдалануға беріңіздер. Келесі жылды күтпей, биыл нәтиже көрсетуіміз керек, – деді Әлихан Смайылов.

Мұнан соң Инвестициялық штаб отырысында бірқатар ірі инвестициялық жобалардың іске асырылу барысы қаралды. Олардың қатарында Алматы облысындағы тамақ өнімдерін шығаратын зауыт, Астанадағы 4 мың орындық халықаралық мектеп және биотехнологиялық препараттар шығаратын кәсіпорын бар. Премьер-Министр осы маңызды жобалардың әрқайсысы бойынша келісу рәсімдері мен басқа да өзекті мәселелерді шешу кешіктіріліп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, министрліктер мен әкімдіктер шетелдік инвесторлардың мәселелерін шешуге жеткілікті көңіл бөлмей отыр.

– Жаңа жұмыс орындарын ашуға және азаматтарымыздың әл-ауқатын жақсартуға қатысты инвес­тициялық жобаларды жүзеге асыру мәселесін рет­ке келтіру керек, — деді Үкімет басшысы.

Жиын соңында Үкімет басшысы СІМ-нің Қазақстанға ірі инвесторларды тартудағы үйлестіруші рөлін күшейтуді, Kazakh Invest ұлттық компаниясы мен республиканың шет елдегі мекемелерінің жұмысын жандандыруды, сондай-ақ министрліктер мен әкімдіктер деңгейінде қажетті шешімдерді жедел қабылдауды талап етті.

Инвестиция

тартуды жандандыру қажет

Қызылорда облысы 8 айдың қорытындысымен инвестиция тарту бойынша республикада 3-шi орында. Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратты негізге алсақ, аймақта өткен жылы да  бұл көрсеткіш жоспардағыдан артық  орындалған болатын.

2022 жылы жоспар 373 млрд теңге болса, 409 млрд теңге инвестиция тартылып, 109%-ға артығымен орындалды. Үкімет отырысынан кейін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Жолдауда көрсетілген міндеттерді орындау бойынша арнайы мәжіліс өткізді.

– Өздеріңізге мәлім, өткен жылы аймаққа 413 млрд теңге инвестиция тартылды. Биылға 472 млрд теңге инвестиция тарту межеленді, қала және аудан әкімдіктерінің жоспары бекітілді. Биылғы 8 айдың қорытындысымен өңірге 258,8 млрд теңге инвестиция құйылған. Жоспар 61%-ға орындалды. Арал, Қазалы, Жалағаш және Жаңақорған аудан­дарында жоспардың орындалу деңгейі 50%-дан төмен. Ал Қызылорда қаласы, Шиелі, Сырдария және Қармақшы аудандарында  жоспардың орындалуы 50%-дан асқан.  Инвестиция тартуда жақсы нәтижеге жеткен аудандар тәжірибесі ескерілуі керек. Тағы бір маңызды мәселе,  аудандарға инвестиция тарту межесін жасағанда халық санын, мүмкіндіктерін есепке алғаны жөн. Құрметті әріптестер, жыл аяқталуына 4 айдан аз уақыт қалды. Қала және аудан әкімдіктеріне инвестиция тарту бағытындағы жұмыстарды жандандыру қажет. Жыл соңына дейін бекітілген индикатордың орындалуын қамтамасыз етуді тапсырамын, – деді аймақ басшысы.

Жиында облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, мәдениет және спорт, білім, денсаулық сақтау басқармаларына өздеріне қарасты нысандарды сүйемелдеу, жеке инвестициялардың тартылуын бақылауға алу міндеті жүктелді. Барлық бюджеттік бағдарлама әкімшілеріне бюджет қаражаты есебінен салынған нысандарға бөлінген қаражатты толығымен игеру керектігі ескертілді.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзір­ленген Жалпыұлттық жобалар пулы аясында биыл Сыр өңірінде құны 14,3 млрд теңгені құрайтын 13 жобаның іске қосылуы  жоспарланған. Бірақ қазір бұл жобалардың 3-і ғана іске қосылған. Осы ретте Қызылорда қаласы мен аудан әкімдері, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы  әр жобаның мәселесін қолданыстағы заңнама аясында шешуі керек. Ал іске асырылу сатысындағы жобаны «қолмен басқаруға» алу міндеттелді. Басталған істі аяғына дейін жеткізіп, түйткілдерін шешу және сүйемелдеу тұрақты жүргізілуі тиіс.

А.АҚЫЛБЕК

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: