Жұма, 14 маусым, 16:35

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№46-2056
11.06.2024
PDF мұрағаты

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын-алу шаралары жүргізілуде

03.05.2024

270 0

Бүгінде Қызылорда облысында конго-қырым геморрагиялық қызбасының эпидемиологиялық ахуалы тұрақсыз деп бағалануда. Сәйкесінше, жыл басынан бері 108 адам кене шағу жағдайымен медициналық көмекке жүгінген. Оның ішінде конго-қырым геморрагиялық қызбасына 2 күдікті жағдай анықталып, 1 дерек зертханалық жолмен нақтыланды. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әлия Мүтәліпқызы хабарлады.

-Еліміздің оңтүстік бөлігінде орналасқан 4 аймақ Конго-Қырым геморрагиялық қызбасынан табиғи ошағы болып саналады. Бұған аталған өңірлердің климаттық жағдайы кененің көбеюіне қолайлы болуы. Қазіргі таңда кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде. Бұдан бөлек, наурыз айынан бастап зоопаразитологиялық топпен бірге кене жинау шаралары басталған болатын. Тиісінше, бүгінгі күнге дейін 11 979 дана кене жиналып, оның 1331-не сынама жасалды. Нәтижесінде, 13 кенеден оң нәтиже анықталды. Сондықтан облыс тұрғындары далалық аймақтарда, мал қорлары жанында жүргенде барынша сақтық шараларын сақтау қажет. Ал, конго-қырым геморрагиялық қызбасының ауру белгілері анықталған жағдайда дереу медициналық көмекке жүгінген абзал, – деді Әлия Мүтәліпқызы.

-Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының жасырын кезеңі – 2-14 күн аралығында. Негізгі клиникалық белгілері: адамның дене қызуы 39-40 градусқа дейін көтеріліп, қатты бас ауруы, көздің қызаруы болады. Сондай-ақ, мойын, арқа, бел ауруы, жүрек айну немесе құсу, іштің ауруы сынды белгілер орын алады. Жалпы былтыр 1332 адам кене шағу дерегімен медициналық көмекке жүгінсе, биыл 108 жағдай тіркелді. Аталған аурудың алдын алу мақсатында арнайы вирусқа қарсы иммундық плазма кеңінен қолданылады. Осы медициналық ем арқылы ауруды жеңуге мүмкіндік болады, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жаныл Исаева.

Биыл аймақта 115 елді мекен қолайсыз деп танылды. Осыған сәйкес, 9 сәуірден бастап кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстарының бірінші кезеңі Шиелі, Жаңақорған, Қызылорда қаласында жүргізілді. – Өңірде кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары 9 сәуір мен 8 маусым аралығында жүргізіледі. Сондай-ақ, арнайы «ЦИПЭК-10%» препараты қолданылатын болады. Қазіргі таңда Сырдария ауданында залалсыздандыру жұмыстары жалғасуда. Бұдан бөлек, кенеге қарсы залалсыздандыру шараларының сапасы мен тиімділігін бақылайтын арнайы жұмыс топтары құрылды. Барлық жағдай тікелей бақылауда, – деді облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Марат Ердәулетұлы.

-Қолайсыз деп танылған елді мекендерде 763 мың бас ауыл шаруашылығы жануарлары бар. Ал қора, суат, шаңлақтардың жалпы көлемі – 2,9 млн шаршы метр. Жалпы аурудың алдын алудың негізгі жолы – уақ малдарды тоғыту болып табылады. Бүгінде облыс бойынша барлығы 85 мал тоғыту ваннасы болса, оның 54-і типтік үлгіде болса, қалған 31-і қарапайым түрде. Қазір 60 ванна мал тоғытуға дайын, – деді облыстық ветеринария басқармасының бөлім басшысы Ерік Қылышбаев.

Өңірлік коммуникациялар қызметі

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: