Бейсенбі, 26 желтоқсан, 17:01

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Газ тапшылығын баға шеше ме?

04.11.2023

914 0

Газ тапшылығы бүгінгі күннің тақырыбына айналды. Қазан айының соңғы апталарында газ құю бекеттерінде кезек көбейіп, жүргізушілер сұйық отын іздеп сабылды.

Аймақтағы газ тапшылығының себебін сол мезетте облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов түсіндірді. Яғни «Қазгермұнай» компаниясының газ қондырғысындағы ақауға байланысты. Алайда көптің көкейін­дегі сұрақ газ бағасына байланысты. Жалпы нарықта қандай өнімнің тапшылығы туындаса, баға құбылатынын қарапайым халық жақсы біледі. Газ қалай қымбаттар екен деп алаңдаған жұрт күн сайын бағасын бақылап отыр десек, артық айтқандық емес.

Жалпы газ тапшылығының туындауы қондырғыдағы ақауда ғана емес екен. Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, операторлар тапшылық туын­даған кезде газды қымбат бағаға сатуды көздеп, пайда көрмек болған.

«Үкімет халық үшін арзан бағамен газ береді. Ал сіздер сол газдан пайда табу үшін сыртқа сатасыздар. Жол салушы компаниялардың жанар-жағармай шығыны жобасында қаралған. Оларды газбен қамтамасыз етуге міндетті емес­сіздер. Біз ондай уәде берген жоқпыз! Арзандатылған газды халықтың аузынан жырып, қымбатқа сатуға жол бермеймін!» – деді аймақ басшысы.

Мәжілісте газбен қамтамасыз ететін оператор меке­мелер басшылары қазіргі жағдайды баяндады.

Бүгінде облыс орталығы мен аудандарда әлеуметтік бағамен сатылатын газды тұрғындарға босату бойынша комиссия құрылып, оның ашық және әділ таратылуын қадағалайтын болады. Мұнан бөлек, облыстың Түркістан, Ақтөбе, Жезқазғанмен шекарасына арнайы бекеттер қойылып, әлеуметтік газды тасымалдау қатаң бақылауға алынбақ.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төраға­сының 2022 жылғы 5 шілдедегі №16 бұйрығымен Қызылорда облысының аумағындағы автогаз құю стан­цияларында сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізудің шекті бағалары бекітілген.

Энергетика министрлігінің жеткізу жоспары бойынша Қызылорда облысына айына орташа есеппен 6-7 мың тоннаға жуық газ бөлініп келеді. Жеткізу жоспарына сәйкес қазан айында 6791 тонна газ бөлінді («Қазгермұнай» – 5427 тонна, «ПКОП» – 1364 тонна). Алайда «Қазгермұнай» компаниясының газ қондырғысындағы жоспардан тыс жұмыстарға байланысты бекітілген көлем 529 тоннаға қысқарып, жаңа жоспар бойынша 4898 тоннаны құрады. Осыған орай Қызылорда облысына 6262 тонна газ бөлінді.

«ПКОП» компаниясынан 1364 тонна газ толық көлемде әкелінді. Сонымен қатар қазан айында министрлік «СНПС Ақтөбемұнайгаз» компаниясынан 504 тонна (14 вагон) қосымша көлем бөлді. Оның ішінде, 288 тоннасы (8 вагон) облысқа келді. Тағы 144 тоннасы (4 вагон) жөнелтіліп, облысқа 1 қарашада келеді деп жоспарлануда, қалғаны 72 тонна.

Орын алған жағдайға байланысты «Саутс Ойл» компаниясымен келіссөздер жүргізіліп, компания 104 тонна газ бөлді.

Облыстан тыс жерлерге газды әкетудің алдын алу мақсатында жұмыс тобы құрылды. Бұл топ газды тиеп-жөнелту пунктінен бастап, автожанармай құю станцияларын толтыруға және одан әрі тұтынушыға сатуға дейінгі процесске бақылау жүргізуде.

Бүгінгі күні облыста сұйытылған мұнай газы бойынша қалдық қоры – 221 тонна. Одан бөлек, 27 қазанда облысқа 224 тонна қосымша көлем бөлінді. Комиссия отырысы сол күні өткізіліп, өңірлік операторларға бөлініс жасалды.

Айта кету қажет, қараша айына 7458 тонна газ қарастырылған. Оның ішінде, «Қазгермұнай» компа­ниясынан 4740 тонна бөлініп, бірінші онкүндікте 1840 тоннасы жоспарға сәйкес жеткізіледі.

Мәжіліс қорытындысында аймақ басшысы барлық операторға газды сатуға қатысты шектеулерді алып тастауды тапсырды.

«Бизнес – үнемі табыс табу деген сөз емес. Арзан газды сатып, газ тапшы кезде еш әрекет етпей, қол қусырып отыруға болмайды» – деп ескертті облыс әкімі.

Елімізде сұйытылған отынның қымбаттайтыны бүгін айтылған жаңалық емес. Бүгінгі күнге дейін Үкімет тарапынан бағаны қымбаттатпау шаралары жасалып келгенмен, оны тұрақты ұстап тұру мүмкін емес екені де айтыла бастады. Сондай-ақ сұйытылған мұнай газын автокөлікпен экспорттауға 3 жылға, ал теміржол көлігімен әкетуге 6 айға тыйым салынды. Бұған дейін де 2020 жылы үш жыл мерзімге сұйытылған отынды автокөлікпен тасымалдауға үш жыл мерзімге тыйым салынса, бұл биыл тағы да ұзартылды. Алайда бұл шаралардың барлығы бағаға бұғау болмайтыны белгілі. Себебі сұйытылған газ отынын тұтыну көлемі жоспардан асып кеткен. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев қазақстандықтарға көліктерін сұйытылған газға ауыстырмауға кеңес берді. Министр қазан айындағы көрсеткішті мысал етіп, елімізде газ тұтыну көлемі артқанын атап өтті.

– Жыл басында біз 124 мың тонна сұйытылған мұнай газын өндіріп, ішкі нарыққа жеткізуді жоспарлаған едік, алайда қазан айында тұтыну көлемі 144 мың тоннаны құрады. Бұл – жоспарлағанымыздан 20 мың тоннаға артық. Жеткізуді жүзеге асыру үшін «Теңізшевройл» ком­па­ниясымен күрделі келіссөз жүргізуге тура келді, – деді ол.

Министрдің айтуынша, сұйытылған мұнай газының бағасы нарықтағы бағаға сай емес, шығыны көп, бұл өндіріс көлемінің аз болуына әсер етеді.

– Қазақстанда ең төменгі баға, мұны ұзақ созбау керек. Біз барлық автокөлік жүргізушісіне көліктерін сұйытылған мұнай газына ауыстырмауға кеңес береміз, өйткені бағаның өсетіні сөзсіз. Министрлік бағаның күрт өсуіне жол бермейді, бірақ экспорт тапшылығы байқалған жағдайда автогаз бағасы экспорттық бағаға сай болады,  – деді министр.

Сұйытылған отынның арзан болмайтынын ескертіп келе жатқан энергетика министрі қарашаның алғашқы күні газдың бағасы біршама қымбаттайтынын хабарлады.

– Біз кенеттен сұраныстың артуына дайын болу үшін экспортқа кететін газды ел ішінде жұмсаймыз. Бірақ бұл ресурстардың шектеулі екенін білеміз. Біз бірден қымбатшылық болмауы үшін бағаларды болжап, кезең кезеңімен өсіріп, сұйытылған газ бағасын өз құнын өтегенге дейін көтереміз. Осылайша нарықтағы өндірушілер шығынға батпайды. Қазіргі баға 50-80 теңге аралығында, ал газдың өз құны 110 теңге. Бірақ біз бірден бұл бағаны қоймаймыз, бәрі ретімен болады, – деді.

Министр бағаны кем дегенде жанармайдың өз бағасы, яғни литріне 110 теңгеге дейін бірнеше кезеңмен өсіру жоспарланып отырғанын жеткізді. Ол қазіргі баға әсерінен сұйытылған газ өндірушілер шығынға батып, өндірісті кемітіп жатқанын атап айтты.

Энергетика министрлігінің ақпаратына сүйенсек, 2022 жылы Қазақстанда сұйытылған мұнай газының өндірісі 2021 жылмен салыстырғанда 400000 тоннаға немесе 10 пайызға төмендеді.

Өндірістің төмендеуінің негізгі себебінің бірі – инвестициялық тартымдылықтың болмауы. Өндіруші зауыттар сұйытылған мұнай газын өзіндік құнынан төмен сатқан. Бір сөзбен айтқанда, сұйытылған газ бағасын нарық заңына қарсы шығып, ұстап тұру мүмкін емес сияқты.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: