Жексенбі, 05 мамыр, 00:10

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№35 — 2045
04.05.2024
PDF мұрағаты

Ғасыр жүгін көтерген кітапхана

18.10.2023

571 0

«Кітап – ақылына ақы сұрамайтын алтын қазына» деген екен ұлы ойшыл Әлішер Науаи. Біз кітап арқылы білімге ғана жол ашпаймыз, жаңа идеяларға кілт табамыз, рухани және материалдық құндылыққа қол жеткіземіз, сұлулықты түсінеміз. Адамның ақыл-ой парасаты кітап оқу арқылы дамиды.

Кітап – адам баласы ақыл-ойынан туған рухани байлықты сақтап, оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отыратын, білім және тәрбие құралы. Ол – адамзат жасаған ең ұлы кереметтің бірі. Сол үшін де халқымыз кітапты аса құрметтейді. Сондықтан да «Кітапсыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ», «Кітап – білім бұлағы, білім – өмір шырағы» дейді. Рухани өмір айнасы кітап болса, кітапхана кітапты сақтап, оқырман қауымға насихаттап отыратын қасиетті қара шаңырақ. Осы орайда рухани өмірімізде Әбділдә Тәжібаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының орны айрықша. Кітапсүйер қауымның сүйікті мекеніне айналған мәдениет ошағының 150 жылға тарта тарихы бар. Сәулеті келіскен бүгінгі облыстық кітапхананың іргетасы сонау 1867 жылы қаланғаны көп оқырман үшін беймәлім.

Үш ғасырдың тынысы сезілетін Қызылордада кеше мен бүгінді жалғастырған осындай байырғы мәдени орындар саны аз емес. Алайда бұл рухани орданың орны өз алдына бір төбе. Алғашында Ақмешіт уезінің әскери бекінісінде халық игілігіне ашылған кітапхана 1917 жылға дейін қалалық кітапхана болып қызмет жасаған. Араға 20 жылға жуық уақыт салып, 1938 жылы облыстық кітапхана мәртебесін алды. Осылайша есігін қайта айқара ашқан руханият ордасына белгілі жазушы Максим Горькийдің есімі берілген еді. Осыдан кейін кітапхана тынысы кеңейіп, түрлі бағытта қызмет көрсететін бірнеше бөлім ашылды. Көптеген өз ісінің білгірлері келіп, рухани орданың жұмысы жандана түсті.

Кітапхана тарихы тереңде екенін, оның қайнар көзі сонау ілгері жылдардан бастау алатынын көп оқырманымыз біле бермейтіні рас. Оның үстіне сол жылдардағы бұл мекеменің тыныс-тіршілігі туралы мәлімет өте мардымсыз. Тіпті қолымызда сол кезеңдегі суреттер де жоқ. Бірақ 1938 жылы Қызылорда облысы өз алдына бөлініп шыққаннан кейін ол қалалық деңгейден жоғарылап, облыстық мәртебе алды, – дейді кітапхана қызметкерлері.

Ғасырдан астам уақытты заман көшімен артқа тастаған мәдени ошақ тұғырлы тәуелсіздігімізді алғаннан кейін 1999 жылы халық жазушысы, ақын Әбділдә Тәжібаев есімін иеленді.Тау тұлғаның атымен аталған нысан 2009 жылы типтік жобада салынған жаңа ғимаратқа көшірілді.

– Бүгінде бұл мәдени нысан республикалық, облыстық деңгейдегі айтулы жиындар мен түрлі рухани басқосулар өткізетін орын ретінде айрықша маңызға ие болды. Сондай-ақ заманауи компьютерлік құрал-жабдықтармен толық жасақталып, келушілердің жас ерекшелігіне қарамастан барлық санатта қызмет көрсететін өңірдегі ең ірі ақпараттық мәдени орталыққа айналды. Онда қазіргі таңда 7 бөлім мен 8 сектор кітапханалық-ақпараттық қызмет түрлері бар.

Кітап қорына келсек, мұнда барлығы 425606 дана кітап бар. Сирек кітаптар топтамасы қордың ерекше құндылығы болып табылады. Қорда 802 дана сирек және құнды басылымдар бар. Кітапхана 32000-нан астам оқырманға қызмет көрсетеді. Кітап берілімі 514330 дананы құрайды, – дейді облыстық кітапхана директоры Нұрлыбек Мыңжас.

Оның айтуынша, кітапхана пайдаланушыларына дәстүрлі кітапханалық қызмет және электрондық қызметтер көрсетіледі: электрондық каталогтардан ақпарат іздеу, виртуалды анықтама қызметі, құжаттарды электрондық жеткізу, кітаптар мерзімін онлайн ұзарту.

Облыстық кітапхана процестерді автоматтандыру, цифрлық ресурстарды және электронды дерекқорларды құруға бағытталған «WEB-РАБИС» бағдарламасымен жұмыс істейді.

Кітапхана пайдаланушыларының ақпараттық мәдениетін қалыптастыру мақсатында әдеби кеш, дөңгелек үстел, кітап тұсаукесері, ақын-жазушылармен, қоғам қайраткерлерімен кездесу, кітап көрмесі, библиографиялық шолу және өзге де танымдық шара ұйымдастырылады.

Жергілікті ақын-жазушылардың шығармашылығын насихаттау мақсатында кітапханада «Әдеби өлкетану», «Елге сәлем», «Туған жер» арнайы жобалары жұмыс жасайды.

Кітапханада Ә.Тәжібаев музейі бар. Музейде Сыр елін, туған жерін өмірінің соңына дейін жырлап өткен ақынның кітаптары, қолжазбалары, құжаттары сақталған. Жыл сайын Ә.Тәжібаевтың туған күнінде – 4 ақпан күні дәстүрлі Тәжібаев оқулары өткізіледі.

2015 жылы қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы, драмматург Қалтай Мұхамеджанов залы ашылды. Мұнда жазушының 8 мыңға жуық кітабы, құжаттары, фотосуреттері және жеке заттары бар.

Қ.Мұхамеджановтың жеке кітапханасында Қазақстан жазушыларының, шетел әдебиеті классиктерінің көркем шығармасы, сондай- ақ тіл білімі, өнер, философия, дін туралы кітаптар бар. 400-ге жуық түрік, өзбек, ұйғыр, қарақалпақ, қырғыз, татар, башқұрт, славян тілдерінде кітаптар жинақталған.

Кітапханада жұмыссыз жастарды, мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген азаматтарды компьютерлік сауаттылыққа үйрету мақсатында «Шаңырақ» интеллект-орталығы жұмыс істейді.

Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және шығармашылық алаңын қалыптастыру мақсатында коворкинг орталығы ашылған. Балалар мен жастардың шығармашылық қабілетін дамытуға бағытталған АРТ- студиясы, сурет салу, «Ісмер», «Алақай» қуыршақ үйірмесі, «Еркетай» балалар алаңы, «Оқуға құштар мектеп» «Әжемнің ертегілері», «Кітаппен бірге өсеміз», «Жазғы кітапхана» жобасы бүлдіршіндердің ақыл-ойын дамытуға оң әсерін беруде. Сондай-ақ «Жауқазын- ғұмыр», «Рауан», «Кездесу» клубтары, корей тілін үйрету үйірмесі және «ВООК саfе» жұмыс жасайды, – дейді кітапхана директоры.

Кітапханашылардың еңбектері еленіп, марапат төрінен көрініп, зор жетістіктерге қол жеткізуде. Мекеме басшысы Нұрлыбек Мыңжастың айтуынша, биылғы жылдың тамыз айында кітапхана қызметкері Салтанат Сқақова «Жаңа толқын» бағдарламасы аясында Мәскеу қаласында өткен «Образовательная коллаборация библиотек содружества» атты халықаралық кітапханалық жобаға қатысты. Жоба аясында Ресей, Беларусь, Сербия, Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Армения елдерінен келген жас кітапханашылар Мәскеудің бірқатар кітапханаларында болып, өзара тәжірибе алмасты. Жоба бойынша кітапхана бағытындағы алған тәжірибесін облыс аумағындағы кітапханашыларға таратты.

Қыркүйек айында Алматы қаласындағы ҚР Ұлттық кітапханасында өткен «Жылдың үздік жас кітапханашысы – 2023» республикалық байқауында кітапхана қызметкері Изанелья Ақтай жүлделі 3 орынға ие болды. Мұндай жетістіктер осы салада жүрген әріптестеріне үлгі болды.

Тарлан тарихтың талай сынынан өткен аймақтың бас кітапханасы оқырмандар алғысын арқалап, мәдени, әдеби мұраны насихаттау жолында талмай еңбек етеді деп ойлаймыз.

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: