Жұма, 29 наурыз, 07:13

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

Ата-анаға құрмет – әр перзенттің борышы

25.06.2022

874 0

Көптеген Құран аяттарында ата-анаға жақсылық жасап, құрмет көрсету керектігі әмір етілген. Осы мәселеге қатысты ұстанымдарды Исламнан бұрынғы діндерде де кездестіруге болады.

Алла адамдардан бес нәрсенің қорғауын міндеттейді. Ол бес қасиетті нәрсе ұрпақтың сақталуы. Алла ұрпақтың жалғасын тіршілік иелерінің қабілеттеріне қарай белгілі бір заңдылыққа байланыстырған. Ұрпағын жалғастыру үшін ең үлкен қауіп-қатер, қиыншылықтарға басын бәйгеге тіккен жанды тіршілік иелерінің бірі – адам баласы. Адам тіршілік иелерінің арасында ең күшті болғанына қарамастан дүниеге келген уақытта ең әлсізі болып келеді. Кейбір жануар төлдері туғаннан кейін дереу, ал енді кейбір төлдер белгілі бір уақыт аралығында аяққа тұрып, өз қажеттіліктерін өздері өтей бастағанда, адам баласы туғаннан бастап араға жылдар салып осы дәрежеге әрең жетеді.

Ұрпақтың жалғасын табуы үшін барлық ауыртпалықты тартатын ата-ана екені сөзсіз. Ана сәбиін тоғыз ай көтеріп, небір қиыншылықты бастан өткізеді. Тіпті өмір мен өлімнің ара­сында нәрестесін дүниеге әкеледі. Ешбір нәрсеге қауқары жоқ бөбегін мәпелеп, түн ұйқысын төрт бөліп бағып қағады. Сондықтан Алла Тағала өзінің қасиетті кітабында:

«Біз адам баласына ата-анасына барынша жақсылық жасауды бұйыр­дық. Анасы оны әлсіреген үстіне әлсіреп, қинала жүріп (тоғыз ай бойы) көтерді. Оның емшектен шығуы да екі жыл алады. Ендеше: «(Уа, адам баласы!) Маған және ата-анаңа шүкіршілік ет! Ақыр соңында Маған қайтасың (және істеген істерің үшін жауап бересің)» деп бұйырады.

Атақты ғұлама Насраддин ат-Туси, ата-ана ақысын, әділеттілік деп түсінеді. Оның пікірінше әке-шешенің балаларын дүниеге әкелуі, олардың тәрбиеленуі секілді қиындықтардан былайша бір қорытынды шығады: Аллаға құлшылық ету және берген рызық-несібесіне шүкіршілік ету әділеттіліктің нышаны болған секілді, Алланың алдындағы парызды өтеуден кейін ата-ана ақысын өтеуден асқан ешқандай бір фазилетті істің болмауы да әділеттіліктің белгісі. Сонымен қатар әке-шешеге шүкіршілік ету және олардың разылығын алудан асқан бір құлшылық болмауы керек. Осы себепті әке-шешеге жақсылық жасау, Алланы мойындау және оған ғибадат етумен тең көрілген. Оның көзқарасы бойынша бұл ақыны өтеу, Илаһи ақыдан да бұрын келеді. Өйткені Алла Тағаланың бұл нәрсеге мұқтаждығы жоқ. Алайда әке-шеше әруақытта балаларының көрсеткен қиындықтарының қарымтасы ретінде олардан көп нәрсе күтеді.

Кейбір діни дереккөздерде пер­зенттің борышы ретінде әдепті болу да ата-ана құқығы екендігі айтылады. Мысалы, баласы ата-анасына жақсы серік болып, олар­ды атымен атамауы керек. Жолда келе жатқанда ата-анасының ал­дында жүрмеуі, отырған кезде алдында немесе арқа­сын олар­ға қаратып отырмауы керек. Соны­мен қатар олардың қалауы мен бейімділігі баланың қалауы мен бейімділігіне қарсы болса да, ата-анаға ренжімеуге, жамандық жасау­ға болмайтыны айтылады.

Отбасы қажеттіліктерін өтеу жо­лын­да әке шаршамастан, жалық­пас­тан жұмыс істейді. Оларды қажетті тамақпен, киім-кешекпен қамтамасыз етеді. Баласының ауырмағанын тілеп, сапарға кетсе уайымдап, үнемі олар­ды ойлайды. Бұл жағдай әке-шеше үшін өмірінің соңына дейін жалғаса бермек.

Алла Тағаланың қалауымен әке-шеше және балалары арасындағы қарым-қатынас сүйіспеншілікке не­гіз­делген. Баланың рухани және материалдық өмірдегі қажеттіліктерін де қамтамасыз ететін ата-ана. Бір ананың жүрегі мен құшағы бала тәрбиесінің дәрісханасы іспеттес. Сол себепті де ата-ананың ақысы көп.

Асыл дініміздің нәрімен сусын­да­ған ата-ана бала үшін баға жетпес бай­лық, береке және рақым нұры. Салиха­лы ана, Илаһи құдіреттің адам баласына бағышталған бір рақым құшағы, от­басының бақытты қайнар көзі және де сол отбасы мүшелерінің мейірім бұлағы. Раббымыздың «Рахман» және «Рахим» есім-сипат­тарының осы дү­ниедегі бір ұшқыны іспеттес.

Біздерді біршама ай жатырында, кейін дүниеден өткенше жүрегінде тасыған анаға көрсетілетін құрмет те шексіз болуы керек. Бір анадан «Ана, қай балаңызды жақсы көресіз?» деп сұраған екен. Сонда жүрегі нәзік ана: «Ауырған балам жазылғанша, сапардағы балам оралғанша, барлық баламды өлгенше жақсы көрем» деген екен. Ана үшін баланың барлығы бірдей. Араларын бөліп жармай, бәрін тең көреді. Хазіреті Мәулана Жалаладдин Руми: «Ананың ақысына абай бол! Оны басыңа тәжі ет! Аналар босанар кезде қиындық тартпағанда, балалар дүниеге келуге жол таба алмайтын еді» деген екен.

Перзенттің ата-ана алдындағы бо­рышы өле-өлгенше жалғасын табуы керек десек қателеспейміз. Олай дей­тініміз жоғарыдағы жағдайларды ескере отырып Жаратушының мейі­рімімен оның нәресте кезінен бастап тұлға болып қалыптасуына дейін бүкіл өмірлерін перзентіне арнаған ата-анасы ғана. Перзенттің тағы бір борышы – әке-шешеге жақсы қарау, олармен қарым-қатынасты жақсарту.

Алла Тағала Құран Кәрімде адам­дардың кімдерге қарсы жауапкер­шілігінің бар екенін тізбектегенде былай дейді:

«Раббың бір Өзіне ғана құлшылық етуді, ата-анаға барынша жақсылық жасауды үкім етті. Егер олардың біреуі немесе екеуі бірдей қолыңда қартайса, (оларды ауырсынып немесе жақтырмаған сыңай танытып) тіпті «Түу!» деп те кеюші болма, сондай-ақ оларға зекіп ұрыспа! Керісінше, оларға жанға жағымды жылы сөз айт! Олардың алдында барынша мейірімді, мейлінше кішіпейіл әрі тіл алғыш бол! Һәм олар үшін: «Уа, Раббым! Олар мені бала күнімде қалай мәпелеп өсірген болса, Сен де оларды дәл солай мейіріміңе бөлей көр!»  – деп дұға ет.

Адамзаттың ардақтысы, екі дүние сұлтаны Мұхаммедтің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «кімге жақсылық жасайын?» деп үш рет сұраған сахабаға үш рет «анаңа» деп жауап беруі, жай айтыла салған сөз емес екенін аңғартады.

Ат-анасы балаларына жеткілікті мөлшерде назар салып, бағып-қаға алмаса да, тіпті зияндары тисе де балалар оларға жақсы қарауға мәж­бүр. Өйткені адам баласы қартайған сайын бала болады. Балалық шағымызда қателіктерімізге көз жұмып қарап, кешіріммен күлімсіреген жандар мұқтаждық жасқа жет­кенде ұрпа­ғынан бір ізгілік күтеді. Бұл – әр перзенттің балалық шағындағы әре­кеттерінің қарымтасы, мойындағы борышы.

«Әке-шешенің дұғасы қабыл бо­лады» дейді Ислам діні. Ата-ана­ның дұғасын алып, қарғысынан сақ­тану әрбір перзент үшін маңызды. Адамазаттың ұстазы пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үш дұғаның қабыл болуында ешбір күмән жоқ деп айтқан. Олар «Әкенің баласына дұғасы, қонақтың дұғасы және жәбір көрген адамның дұғасы». Бұл тұста ананың дұғасы болса әкенің дұғасынан да әсерлі екенін айта кеткеніміз жөн.

Әзіреті пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) пер­зенттің әке-шешелеріне қарсы жауап­кершіліктің соншалықты маңыз­­дылығын былай тілге тиек ет­кен: «Бала қандай жақсылық жасаса да әкенің ақысын өтей алмайды. Тек оны құл болған жерден тауып, оны сатып алып, бас бостандығын берген жағ­дайда ақысын өтеген болады».

Осыншама еңбегі мен ақысы бар ата-анамызды жақсы көру, оларға деген махаббатымызды басқа нәрсеге айырбастамау ең маңызды міндетіміз. Бұл – ата-анамыз тірі болған кезде оларға деген құрмет, мейірімділік таныту және өзге де әрекеттер арқылы көрініс тапса, қайтыс болғаннан кейін дұғамызға қосып, мүмкін бол­са олардың атынан садақа беріп, ізгі амалдар жасау арқылы жүзеге аса­тынын ұмытпайық.

Ислам МАРАТҰЛЫ,

облыстық орталық

«Ақмешіт-Сырдария»

мешітінің наиб имамы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: