Бүгін ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Күн тәртібінде экономиканы одан әрі әртараптандыру шаралары қаралды. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібав селекторлық режим арқылы қатысты.
Үкімет отырысында «Orda Glass Ltd» ЖШС әкімшілік басқарма басшысының орынбасары Ғалымжан Қуатов баяндама жасап, өңірде 2022 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан республикадағы табақша шыны өндіретін жалғыз зауыттың жұмысы мен алдағы жоспарларын таныстырды.Отырыстан кейін өткен мәжілісте осы және өзге де мәселелер талқыланып, жауапты сала басшыларына тапсырмалар жүктелді.
«Инвестиция тартуды күшейтіп, жаңа жобаларды іске асыру үшін инвесторлармен жүйелі жұмысты ұйымдастыру керек. Аудандарда, ауылдарда кәсіпкерлікті дамыту жайын жан-жақты зерделеп, нақты ұсыныстар енгізіңіздер. Қаржы институттарымен аудандарда, ауылдарда көшпелі түсіндірме жұмыстарын қарқынды жүргізу қажет.
Сырттан келетін халық тұтынатын негізгі азық-түлік тауарларын «Ауыл аманаты» жобасы аясында өндіруді ұйымдастырыңыздар. Жоспарланған құрылыс нысандары уақытылы аяқталуы керек. Жаңадан салынуы келісілген нысандарға ғана жоба-сметалық құжат әзірлеңіздер.
Мемлекет басшысының Катар сапарында жасалған келісім бойынша қуаттылығы 1100 Мвт-тық бу-газ қондырғысының жобалау жұмыстары жүргізілуде. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы маңызды екі жобаны сапалы әрі мерзімінде жүзеге асырыңыздар», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Айта кетейік, өңір экономикасын әртараптандыру, шикізатқа тәуелділікті азайту, өңдеу өнеркәсібін дамыту, ШОБ-ты қолдау және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді арттыруда жүйелі жұмыс бар.
2026-2029 жылдары 48 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 10 308 жаңа жұмыс орны ашылады. Биыл 100 млрд теңгенің 21 жобасы іске қосылады. Олардың қатарында қуаттылығы 3 500 тонналық құс фабрикасы, 5 200 тонналық тауарлы сүт фермасы, «Пана» қонақ үйі, гофрлеу және картонның тегіс қабаты үшін қағаз өндіру зауыты, жалпы қуаттылығы 50 МВт болатын 2 күн электр станциясы бар.
Сонымен бірге 753 млрд 300 млн теңгеге бағаланған 14 ірі жобаның құрылысы межеленген. Өткен жылы кореялық «Уиз Ю» компаниясының тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау кешені және «Риксос» қонақ үйінің құрылысы басталды. «Табиғи тас Қызылорда» серіктестігі 17 млрд 300 млн теңгеге жылына 1 млн 100 мың тонна әк өндіретін зауытын іске қосады. «Шалқия» кен-байыту фабрикасы, «Арал сода» серіктестігінің кальциленген сода, «Севен Риверс» компаниясының шыны бөтелке, испандық «Рока групп» компаниясының жылына 500 мыңға дейін санитарлық-техникалық өнім шығаратын зауыт құрылысы басталады.
Швейцариялық «Харвест Агро» компаниясының техникалық қарасора, жүгері және соя өсіру, қайта өңдеу, жүгеріні терең өңдейтін крахмал-сірне зауытының құрылысы бастау алды. Компанияға 14 200 гектар жер учаскесі табысталды.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
