Бүгін Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен облыстық жастар ресурстық орталығының мәжіліс залында «Мемлекеттік рәміздер – тәуелсіздіктің символы» тақырыбында облыстық семинар өткізілді.
Іс-шараны облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Уәлихан Ибраев ашып, жүргізді. Астана қаласынан арнайы шақырылған геральдика саласының маманы, зерттеуші Айдын Рысбекұлы мемлекеттік рәміздердің қабылдану тарихы, олардың маңызы және ресми қолдану тәртібі туралы кең көлемді түсінік берді. Сонымен қатар, мемлекеттік рәміздердегі белгілер мен суреттердің мағынасы және тәуелсіздікті білдірудегі орны нақты баяндалды.

Семинарға Қызылорда қаласы мен аудан әкімдерінің идеология саласына жауапты орынбасарлары, ауылдық округ әкімдері, қоғамдық даму бөлімдерінің басшылары және мемлекеттік рәміздерге жауапты мамандар қатысты. Қатысушылар мемлекеттік рәміздерді дұрыс қолдану мен құрметтеуге қатысты өзекті мәселелерді талқылап, кәсіби мамандардан нақты әрі толық жауаптар алды.
Мемлекеттік рәміздер – еліміздің тәуелсіздігі мен біртұтастығының маңызды символдары. Сондықтан олардың тарихы мен қолдану мәдениетін түсіндіруге бағытталған осындай семинарлардың маңызы зор. Бұл іс-шара азаматтар арасында патриоттық сезімді қалыптастыруға, ұлттық құндылықтарды насихаттауға және мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттыруға ықпал етеді.

Облыстық семинар мемлекеттік рәміздердің мәні мен маңыздылығын тереңірек түсінуге мүмкіндік беріп, олардың қоғамдағы рөлі мен қолдану мәдениетін арттыруға септігін тигізді. Осындай іс-шаралар арқылы ұлттық бірлік пен патриотизмді нығайтуға, ел тәуелсіздігін құрметтеуге деген сананы қалыптастыруға зор үлес қосылатынына сенім мол.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!