ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен мемлекеттік органдардың нашақорлықтың алдын алу және есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл қызметін үйлестіру жөніндегі республикалық штаб отырысы өтті. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режим арқылы қатысты.
Аймақта нашақорлық пен есірткі қылмысына қарсы күрес жүйелі жолға қойылған. 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар аясында облыс әкімдігі құқық қорғау органдарымен бірлесіп, алдын алу шараларын мақсатты түрде жүзеге асырды. Өткен 9 айда облыста есірткіге қатысты 237 құқық бұзушылық анықталды.
Соңғы үш жылда полиция органдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға облыстық бюджеттен 10 млрд 745 млн теңге бөлінді. Биыл осы мақсатқа 4 млрд 143 млн теңге қарастырылып, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуде. Барлық ауданда жедел басқару орталықтары ашылып, 539 бейнебақылау камерасы орнатылды. Нашақорлық пен есірткіге қарсы іс-шараларға 181 млн теңге бөлінді.
«Қарасора-2025» акциясы барысында 58 есірткі өсіру фактісі анықталды. «Киберқадағалау» жүйесі арқылы 1120 сайттың қызметі тоқтатылып, шамамен 80 граффити жазулары жойылды. Екінші деңгейлі банктердегі 842 есепшот бойынша 85 млн теңге бұғатталды.
Жастармен жұмысқа, оның ішінде 36 әлеуметтік жобаға 312 млн теңге, сондай-ақ жастар орталықтарының ақпараттық шығындарына 592 млн теңге қаралды. Бұл қаржы жастар бастамаларын қолдауға және нашақорлықтың алдын алуға бағытталған. Жыл басынан бері 700-ден астам іс-шара ұйымдастырылып, 80 мыңнан астам оқушы, студент пен ата-ана қамтылды. Сонымен қатар, сауалнама жүргізіліп, 530 бала мектепішілік бақылауға алынды.
Салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында 200-ге жуық материал жарияланып, әлеуметтік желілерде бейнероликтер көрсетілді. 22 мыңнан астам ата-анаға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, 3 400-ге жуық жас түрлі іс-шараларға тартылды.Нашақорлықтың алдын алу мақсатында салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығына 1,9 млн теңге бөлініп, 52 шара ұйымдастырылып, 2400-ден астам ақпараттық материал таратылды.
Аталған шаралардың нәтижесінде өткен 9 айда нашақорлықпен есепте тұрғандардың саны 39%, ал диспансерлік есепте тұрғандар саны 8,6% төмендеді. Аймақ басшысы құқық қорғау органдарымен бірлескен жұмысты одан әрі күшейту, алдын алу шараларына асқан жауапкершілікпен қарау міндетін жүктеді.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!