Бейсенбі, 26 желтоқсан, 01:38

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Наубайшының несібесі

20.01.2024

861 0

Сурет: Нұрболат Нұржаубай

Бүгінде нан зауытының саны артты. Қалада кәсібін дөңгелетіп отырған 6 ірі наубайхана бар. Соның ішінде сұранысқа ие болып, көптің көңілінен шығып отырған наубайхананың бірі – «Ақжелең» жеке кәсіпкерлігі шығарған нан өнімдері.   Бөлке наннан бөлек бұл жерде тәтті бәліш, кондитерлік тағам пісіріледі екен.  Күніне 20 000 дана нан дайындап шығаратын наубайхананың тұтынушылары да көп екенінен хабардар болдық.  Бір сәтте 200-ден аса бөлке небәрі 37 минутта дайын болады екен.

Кәсіп иесі Азамат Мәдениетұлының айтуынша, құны 400 млн теңгені құрайтын наубайхананы іске қосу үшін жеке қаражаты есебінен 215 млн теңге және «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында субсидиялау бағыты бойынша «Даму кәсіпкерлікті қолдау қоры» арқылы 185 млн теңге «Халық» банкінен қаржы алған.

– Бастысы, кәсіпкерлердің мемлекет алдындағы міндетін адал атқаруға жағдай жасалып отыр. Бақытымызға қарай, мемлекеттік бағдарлама қолға алынып, кез келген азаматтың кәсіпкер болуына, ал кәсіпкердің өз кәсібін өркендетуіне мүмкіндік туып отыр. Сондықтан кәсіп иелері осы мүмкіндіктен құр қалмаса деп ойлаймын.

Біз саннан гөрі сапаға көңіл бөлеміз. Сол себепті біздің пісірген өнімдеріміз тез өтіп кетеді. Нан көлемі стандартқа сай. Несібемізді адалынан тапсақ дейміз. Өзім нанның сапасы мен көлемін қадағалап отырамын. Себебі тұтынушылардың көңілінен шығу керек. Кәсіпке адалдық керек, – дейді наубайхана иесі.

Наубайхана қызметкерлерін де сөзге тарттық.

– «Ақжелең» жеке кәсіпкерлігі 2023 жылы ашылып,  нан өнімдерін пісірумен айналысып келеді. Наубайхана иесі Азамат Мәдениетұлы кәсібін кеңейтіп, 70 адам осы наубайханадан несібесін тауып, отбасын асырап отыр. Бүгінде зауыттағы нан пісіруге арналған қажетті құрал жабдықтар заман талабына сай. Ыстық пештен шыққан нан дүкеннен қаладағы аурухана мен балабақшаға да жөнелтіледі. Ол үшін 12 көлік қарастырылған. Алдағы уақытта аудандарды да қамтамасыз ету жоспары бар, – деді «Ақжелең» жеке кәсіпкерлігінің маманы  Айдана Қылышбек.

Ал зауыт технологы Фарида Саменованың айтуынша, мұнда тәулігіне 10 тонна нан пісіріледі. Нанның бүкіл технологиясы, салмағы, құрамы қадағаланады екен.

– Наубайханадағы қызметкердің бәрі өз ісін білетін мамандар. Бір ауысымда 8 адамнан болғанда 32 адам нан пісіреді. Бізде тәулігіне 117 қап ұн кетеді.  Наубайханашыларға қойылатын талап – жеке бас гигенасын, іштегі тазалықты сақтау. Бүгінде төрт ауы­сыммен жұмыс істеп жатырмыз. Нан  80 теңге­ден таратылуда. Нанды экс­педиторлар таратады. Өнім­дер күнделікті қаладағы әлеу­меттік дүкендер мен келісім­шарт­қа отырған кәсіпкерлерге жеткі­зіледі. Кондитерлік тағам­дар да тұтынушының сұранысына ие, – дейді зауыт технологы.

Ажар Қошқарова, жұмысшы:

– Мен наубайханада жұмыс іс­теймін. Күнде үйімізге жұмыстан шыққанда 2 нан тегін аламыз. Айлық мерзімінде беріледі. Нан сапасы жақсы. Жұмысшыларымыз жергілікті жердікі.  Нан – киелі өнім. Сондықтан бұл жерде жұмыс істеу өзіме ұнайды. 

Айнұр Шырақбаева, тұтынушы:

– Мен тұрақты тұтынушымын. «Ақжелеңнің» наны өте сапалы. Бағасы да қолайлы. Сондықтан осы наубайхананың нанын аламыз.  Шыққан нан ыстық күйінде тез өтіп кетеді. Заманауи техно­логияның әсері де бар болар. Бәрі авто­маттандырылған. 

Нан зауытында тындырымды тірлік бары көрініп тұр. Дайын өнім сөреде тұрып қалмай, лезде өтіп кетіп жатыр. Бағасы – қалтаға қолайлы, сапасы да жақсы.

«Саяхат» шағын ауданында орналасқан нау­байхананың нанына тапсырыс берушілер көп екендігін байқадық. Тіпті қалыптан шыққан бойда буын бұрқыратып алып кетіп жатыр.  Берекесі тасыған кәсіп иесі әлеуметтік тұрмысы төмен жандарға көмектесіп, көптің де батасын алып жүргенін білдік. Ең бастысы, қамбамыз алтын  дәнге толып, дастарханымызда  нан көп болсын.

Гауһар АСҚАРҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: