Отбасы Банкі «Наурыз жұмыскер» жаңа бағдарламасы іске қосылғанын хабарлады, деп жазады Egemen.kz.
Бағдарлама өнеркәсіп, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы және су ресурстары салаларының қызметкерлерін баспанамен қамтуға бағытталған. Биыл «Наурыз жұмыскер» бағдарламасы аясында жұмысшы мамандықтары өкілдеріне 72 млрд теңге көлемінде 2 440 несие берілмек. Өтінімдерді қабылдау 2025 жылдың 17 наурызына жоспарланған. «Наурыз жұмыскер» «Наурыз» тұрғын үй бағдарламасының бір бөлігі болмақ.
«Бағдарлама талаптары бойынша азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін 7% (ЖТСМ 7,1%-дан 9,6%-ға дейін) және қалған барлық санаттар үшін 9% (ЖТСМ 9,4%-дан 13%-ға дейін) мөлшерлемемен несие беріледі. Бастапқы жарна – таза әрлеудегі бастапқы тұрғын үйді сатып алу үшін 10 пайыздан, әрленбеген бастапқы тұрғын үйді және қайталама нарықтағы тұрғын үйді сатып алу үшін 20 пайыздан басталады. Несиенің ең жоғары сомасы облыстар үшін 30 млн теңге, Астана мен Алматы қалалары үшін 36 млн теңге», делінген Үкімет хабарламасында.
Отбасы банкі «Наурыз жұмыскер» бағдарламасымен қатар отандық кәсіпорындармен «корпоративтік» өнім шеңберінде жұмыс істейді. Бұл кәсіпорындардың өз қызметкерлеріне несие беру үшін қаражат бөлуіне ықпал етеді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!