Мемлекет басшысы бейбіт күннің батырларына шынайы ризашылығын білдіріп, азаматтық қорғау саласының еліміз үшін стратегиялық маңызы ерекше екенін атап өтті.
– Конституциямыздың алғашқы бабында «Адам және адамның өмірі – мемлекеттің ең қымбат қазынасы» екені анық көрсетілген. Азаматтық қорғау саласының әр қызметкері ел қауіпсіздігі және азаматтарымыздың амандығы үшін қажырлы еңбек етуде. Шын мәнінде, құтқарушы болу – кез келген төтенше жағдайға дайын тұру, ешқандай қауіп-қатерге қарамастан адам өміріне араша түсу деген сөз. Бұл – әрине, өте абыройлы іс, жауапты қызмет. Халқымыз өздеріңіз сияқты батыл, ержүрек және ең бастысы, нағыз отаншыл азаматтарды әрдайым мақтан тұтады. Сіздердің адал қызметтеріңіз – өскелең ұрпақ үшін өте жақсы үлгі-өнеге, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент соңғы жылдары еліміз бастан өткерген табиғи апаттардың ең ауыр салмағы құтқарушыларға түскенін айтты.
– Былтыр алапат су тасқыны кезінде сіздер жұртты қауіпсіз жерге көшіріп, апаттан аман алып қалдыңыздар. Қостанайда, Семейде және басқа да аймақтарда болған орман өртіне қарсы тұрып, тілсіз жаумен күрестіңіздер. Төтенше жағдай болған аймақтарға өзім де арнайы бардым. Ерлікке бергісіз нағыз еңбекті өз көзіммен көрдім. Сондықтан азаматтық қорғау саласы мамандарының кәсіби шеберлігі және табанды еңбегінің арқасында біз бір ел болып барлық қиындықты еңсердік деп толық сеніммен айтуға болады. Жалпы, құтқарушыларымыз соңғы 5 жылда 225 мыңға жуық адамның өмірін сақтап қалды. Сондай-ақ шетелдегі гуманитарлық миссияларға қатысып, кәсіби деңгейі жоғары озық маман екенін дәлелдеді. Сол арқылы еліміздің халықаралық беделін арттыруға атсалысты. Осы орайда бүгін мен еліміздегі барлық құтқарушыларға тағы да зор алғысымды айтамын, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет азаматтық қорғау саласын күшейте түсуге баса мән беретінін айтты.
– Осыдан бес жыл бұрын Төтенше жағдайлар министрлігі қайта құрылды, ал осы салаға республикалық бюджеттен бөлінетін қаржы екі жарым есе көбейді. Бір сөзбен, нақты және тиімді шаралар қабылдана бастады. Атап айтқанда, 1700-ден астам арнайы техника алынды. 42 өрт сөндіру депосы және құтқару станциясы салынды. Аудандық төтенше жағдай бөлімшелері заман талабына сай жаңғыртыла бастады. Құтқарушылардың әлеуметтік жағдайын жақсарту жұмысы да басты назарда. Соңғы екі жыл ішінде сала мамандарының еңбекақысы 77 пайызға өсті, енді оларға арнайы үстемеақы төленетін болды. Сондай-ақ тұрғын үй төлемдері мен әлеуметтік жеңілдіктер беріле бастады. Жалпы, бұл жұмыс міндетті түрде өз жалғасын табады. Осындай шаралардың арқасында азаматтық қорғау саласының кадрлық әлеуеті артып келеді, – деді Президент.

Мемлекет басшысы жер жүзінде түрлі себептерге байланысты табиғи және техногендік апаттар көбейіп кеткеніне тоқталып, кәсіби тұрғыдан білікті, мықты мамандарды, яғни жаңа заман құтқарушыларын даярлауға ерекше назар аудару қажет екенін тілге тиек етті.
– Осы мақсатпен Көкшетау техникалық институты Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясы болып қайта құрылды. Құтқарушы еліміздегі ең беделді мамандықтың біріне айналуға тиіс. Мемлекеттік органдар құтқарушыларға қоғамда лайықты баға берілуі үшін барынша шара қабылдауға міндетті. Өте қиын, қауіпті, бір емес, бірнеше бағытта дайындықты қажет ететін осынау мамандықты насихаттауға бұқаралық ақпарат құралдары, өнер адамдары үлес қоса алады. Нағыз құтқарушылар әскери іс, экономика, құрылыс және басқа да көптеген саладағы арнайы білімді меңгерген. Олардың арасында спортшылар да аз емес, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің пікірінше, Үкімет пен салалық министрлік төтенше жағдайларды уақтылы ескертудің және салдарын жоюдың тиімді жолдарын қарастыруға баса мән берген жөн.
– Орталықтағы және жергілікті құтқару қызметтерінің іс-қимылы – біртұтас, нақты жүйеленген механизм. Басқару үдерісін автоматтандыруға, цифрландыруға, өзге де заманауи технологияларды, соның ішінде жасанды интеллектіні кеңінен енгізуге күш салу маңызды. Сонымен бірге министрлік қазірдің өзінде «Заң және тәртіп» идеологиясы аясында өнеркәсіп нысандарындағы қауіпсіздікті күшейтіп, өртке қарсы талаптар мен құрылыс нормаларын қатаңдату шараларын қабылдап жатыр. Азаматтарға, ең алдымен, балалар мен жастарға өрт, су тасқыны, жер сілкінісі кезіндегі қауіпсіздік ережелерін мұқият, түсінікті тілмен жеткізу қажет. Олар апат кезінде қалай әрекет ететінін білуге тиіс. Сонымен қатар күнделікті өмірде, тыныш уақытта қауіпсіздік шараларын ұдайы есте сақтағаны жөн. Көпшілікті табиғат аясында демалу, су айдынында шомылу, тауға шығу, ауа-райы жайсыз кезде және басқа да жағдайларда көлік жүргізу сияқты азаматтардың денсаулығы мен өміріне қатер төндіретін сәттерде жауапкершілік танытуға үндеу маңызды, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев тәртіп, жанашырлық, жәрдем беру секілді өмірлік маңызы бар қағидаларды қоғамда орнықтыру ісінде құтқарушылар өскелең ұрпаққа үлгі болуы керек деп санайды.
– Оқу орындарына Төтенше жағдайлар министрлігі бөлімшелерінің бейресми қамқорлық көрсету тәжірибесін белсенді түрде енгізген дұрыс. Құтқарушылар қоғамда салауатты өмір салтын насихаттауға, балалар мен жастар арасында спортты дәріптеуге зор үлес қоса алады. Бұл – шын мәнінде стратегиялық маңызы бар мәселе. Себебі рухы мықты, салауатты ұрпақ тәрбиелеу – қазіргі жаһандық өзгерістер заманында ұлт сапасына тікелей әсер ететін жағдай. Осы бағытта Төтенше жағдайлар министрлігі спорт федерацияларымен өзара байланыс орнатып, белсенді жұмыс істегені жөн. Жалпы, бүгінгі таңда спорт федерациялары абырой-бедел жинайтын құрылымға айналып кетті. Көптеген федерацияны ірі бизнес өкілдері және мемлекеттік мекеме басшылары басқарып отыр. Бірақ ашығын айтуымыз керек, кәсіпкерлер осы қоғамдық маңызы бар іске өз қаржысын салуға құлықсыз, тек мемлекеттен бөлінетін қаражатқа қарап отырады. Мемлекеттік қызметшілер де осы жоғары қоғамдық лауазымдарды өзін «жарнамалау» құралы ретінде көреді, яғни спорттың мәнісіне терең бойламайды. Тіпті, спортшылардың жетістігін өздерінің жеке жеңісі деп санайтындар бар. Мұндай теріс, жағымсыз үдеріске тосқауыл қою керек. Осы мәселе бойынша жан-жақты талдау жүргізу қажет. Бұл жұмысты Президент Әкімшілігіне тапсырамын, – деді Президент.

Мемлекет басшысының пайымдауынша, спорт және дене шынықтыруға қолдау көрсетуді құрметті қоғамдық миссия және үлкен азаматтық жауапкершілік ретінде қарастырған жөн.
– Ел ішінде және шетелде атақ-абыройыңды асқақтату үшін федерация басқару дұрыс емес. Оған жол беруге болмайды. Сондықтан мемлекет кәсіпкерлерді, соның ішінде ірі бизнесмендерді қолдайды. Бірақ мемлекет пен қоғам да олардың осыған сай әрекет еткенін күтеді. Атап айтқанда, бұл спортты, мысалы футболды коммерцияландыру мәселесіне қатысты. Туризм және спорт министрлігі мен спорт федерацияларының арасында тең құқылы диалог өрбіп, міндеттері мен құзыреттері нақты айқындалған ынтымақтастық жолға қойылуға тиіс. Кәсіпкерлердің бастамаларын ынталандыру – мемлекеттік саясатымыздың негізгі басымдығы. Мен бұған ерекше мән беремін. Өткен аптада экономикалық ахуалға қатысты арнайы жиын өткіздім. Онда еліміздегі бизнесті дамыту мәселелері қарастырылды. Кеше Премьер-министрге берген тапсырмамда шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау қажеттігіне тағы да баса назар аудардым. Қазір бірқатар спорт федерациясына бизнесмендердің, меценаттардың жаңа буыны келе бастады. Оларға спортты дамыту саласындағы жағдайды жақсарту міндеті жүктелді. Қазірдің өзінде жұмысқа жауапкершілікпен қарап, маңызды жеңіске қол жеткізуге бар ынтасымен ұмтылатындарын байқап отырмыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұл ретте Президент ТЖМ қызметкерлері, құтқарушылар әрқашан және әр кезде ел қамын ойлап, азаматтардың қауіпсіздігін күзететінін атап өтті. Сондай-ақ азаматтық қорғау жүйесін жаңғыртудың кешенді жұмыстары жалғасып, құтқарушыларға жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді. Қазіргі жұмыс қарқынын төмендетуге болмайды. Өйткені азаматтардың өмірі мен тұрмысы осыған тікелей байланысты.
– Өзгенің өмірін сақтау үшін өз басын қатерге тігу – нағыз ерлік. Қиындыққа тап болған жандар ең алдымен құтқарушылардан көмек күтеді. Бүгінде азаматтық қорғау саласының қызметкерлері өз міндетін мінсіз атқарып келеді. Олар сын сағатта жанқиярлық көрсетуге дайын тұрады. Тіпті, осы жолда құрбан болған ерлеріміз аз емес. Өткен отыз жылда 72 құтқарушы ерлікпен қаза тапты. Біз батырларымыздың есімін ешқашан ұмытпаймыз. Олар отаншыл және антқа адал болудың тамаша үлгісін көрсетті. Сондықтан өмірін құтқару ісіне арнаған ерлердің есімдерін тарихымызда мәңгі сақтау үшін тиісті іс-әрекеттерді дер кезінде қолдануымыз керек. Нағыз ерлік жасаған батыл азаматтарымыздың рухына тағзым ете отырып, олардың есімдерін ел ішінде ұлықтай беруіміз қажет. Халқымыз «Еңбек ерлікке жеткізер, ерлік елдікке жеткізер» деп айтқан. Түптеп келгенде, қайсар рухты құтқарушыларымыз Әділетті және Қауіпсіз Қазақстанды құруға мол үлес қосып жатыр, – деді Мемлекет басшысы.
Салтанатты жиын соңында Президент қызметтік борышын атқару барысында көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін бір топ азаматқа мемлекеттік наградалар тапсырды.













Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!