Президент Үкіметке ұлттық білім беру платформасын әзірлеуді тапсырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өтіп жатқан Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің алғашқы отырысында мәлімдеді.
Жасанды интеллект – білімді дамытуға және таратуға оң ықпал етеді. Біз жаңа технологияларды жетік меңгерсек те, өз болмысызды, яғни төл мәдениетімізді, құндылықтарымызды сақтап қалуға тиіспіз. Заманауи үрдістердің пайдасы мен зиянын ажырата білуіміз қажет. Ұлт дүниетанымына жат нәрселердің білім жүйесіне енуіне жол бермеуіміз керек. Түптеп келгенде, ЖИ ел мүддесіне қызмет ететін озық технологиялардың ықпалы руханиятымызға, тарихи мұраларымыз бен бірегей мәдениетімізге ешқандай кесірін тигізбеуі керке деген сөз. Оқушыларға берілетін білімнің сапасы мен мазмұны дұрыс болуы керек. Ең жақсы алгоритмнің өзі қате немесе жеңіл-желпі материал әзірлеп беруі мүмкін, – деп атап өтті Мемлекет басшысы отырыста сөйлеген сөзінде.
Сонымен қатар Президент ЖИ-ді қосымша құрал деп атады.
Қайталап айтамын, жасанды интеллектіні білім беру ісінде көмек құралы ретінде пайдалануға болады. Алайда білімнің сапасына және тәрбиелік мәніне машина емес, адам жауап болуға тиіс. Оқу материалын мемлекеттік стандартқа сәйкес болуын, оның ғылыми және мәдени талаптарға сай келуін мұғалім қадағалап отыру керек. Ұстаз – білімнің басты кепілі болып қала береді. Сондықтан Үкімет мемлекеттік стандартқа сәйкес, сапалы контент жасауға мүмкіндік беретін ұлттық білім беру платформасын әзірлеу қажет, – деді Президент.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!