Бүгін қалалық білім бөлімі мен Қазақстан шахмат федерациясы ұйымдастыруымен Абай атындағы үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған сыныптары бар мектепте шахмат сыныбы ашылды. Сыныптың ашылу салтанатына Қызылорда қалалық мәслихатының төрағасы Ибадулла Құттықожаев, Қызылорда қаласы бойынша білім бөлімінің басшысы Жанат Мылтықбайқызы, шахмат федерациясының қалалық филиал директоры Сұлтангүл Тұяқбаева, Гиннесс рекордтар кітабына кірген, алып күш иесі Сергей Цырульников және «Білім, спорт және қосымша білім беру орталығы» КММ -нің өкілдері мен БАҚ өкілдері қатысты.
Шахмат сыныбында оқушылардың интеллектуалды ойынмен танысына және жоғары дәрежеде дайындықтан өтуіне барлық жағдай жасалған. Сыныпты жасақтауға Freedom Broker компаниясы мен Freedom Shapagat корпоративтік қоры қаржылық қолдау көрсеткен.
«Пилоттық жоба аясында ҚР-ның шахматты дамытудың 2023–2027 жылдарға арналған кешені жүзеге асуда. Алдағы уақытта бастауыш сыныптағы балаларды шахматқа үйрету үлесін 20 пайызға қамтуға қадам жасалмақ», – деді қалалық білім бөлімінің басшысы.
Айта кетейік, еліміздің 7 аймағындағы 7 базалық мектепке шахматты сапалы оқытуға арналған толық жиынтықты сынып қамтамасыз етілді. Соның ішінде Абай атындағы үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мамандырылған сыныптары бар мектебінде ашылып отыр.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!