Былтырғы қазан айынан бастап Су ресурстары және ирригация министрлігі су аз болған кезеңдерде толтырылмаған сағалар мен көлдерге 15,7 млрд текше метр еріген қар суын жіберді. Ведомство басшысы Нұржан Нұржігітов Үкімет отырысына қатысып, еліміздегі суару кезеңі туралы айтты.
Мәселен, Ұлытау облысындағы Кенгір су қоймасынан және Қарағанды облысындағы Жезді су қоймасынан 331 млн текше метр су жіберіліп, Қызылорда облысындағы Телікөл көлдер жүйесіне бағытталды.
Вегетациялық кезеңде Жамбыл облысындағы Тасөткел су қоймасынан 1,5 млрд текше метр су жіберілді. Бұл су Түркістан облысы Созақ ауданы аумағына дейін өтіп, соңғы 10 жылда байқалмаған 100 шақырым аумаққа жеткен.
Павлодар облысындағы Ертіс өзенінің жайылмасына табиғатты қорғау үшін Абай облысындағы Шүлбі су қоймасынан 6,3 млрд текше метрден астам су жіберілді. Бұл жұмыстар Ертіс өзенінің жайылмасындағы флора мен фаунаның биологиялық өнімділігі мен тіршілік ету ортасын сақтауға бағытталған.
2025 жылдың басынан бүгінге дейін Қапшағай су қоймасынан Балқаш көліне 3,8 млрд текше метр су жіберілді. Бір жыл ішінде Балқаш көлінің деңгейі Балтық жүйесі бойынша 341,52 метрден 341,64 метрге көтеріліп, 12 сантиметрге өсті. Ал су көлемі 2 млрд текше метрге артты.
Қазіргі уақытта Алматы және Жетісу облыстарындағы су қоймалары 99%-ға толды. Бұл былтырғы деңгеймен шамалас. Жамбыл облысындағы су қоймалары 90,3%-ға толды. Бұл бір жыл бұрынғыдан 43 млн текше метрге артық.
Шу-Талас су шаруашылығы комиссиясының 35-отырысында Су ресурстары және ирригация министрлігі қырғызстандық әріптестерімен елімізге жеткізілетін судың көлемі жөнінде келісімге келгенін айта кетейік. Суару маусымында Шу өзені арқылы 180 млн текше метр су, Талас өзені арқылы 400 млн текше метр су келеді деп жоспарланып отыр.
Бұған дейін Су ресурстары және ирригация министрлігі Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан елдерінің су саласындағы мекемелерімен келісімге келді. Нәтижесінде суару маусымында Түркістан облысындағы Шардара су қоймасына Сырдария өзені арқылы 3,7 млрд текше метр су бағытталатын болды.
Вегетациялық кезеңде Шардара су қоймасына Сырдария арқылы 12,6 млрд текше метр су келіп түсті. Бұл бастапқы болжамнан 1,7 млрд текше метрге артық.
Жақын арада Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстанның су шаруашылығы мекемелері «Бахри Точик» су қоймасынан биылғы маусымнан тамыз айына дейінгі кезеңде суды бөлу мәселесін талқылайды. Вегетациялық кезеңнің шарықтау шегінде Қазақстанға 491 млн текше метр су жеткізіледі деп күтіліп отыр.
Суару маусымының тұрақты өтуі үшін министрлік 627 км ирригациялық каналды механикалық жолмен тазартып, 488 гидротехникалық нысанды жөндеу жұмыстарын жүргізді. Жалпы 517 гидротехникалық құрылымды жөндеп, 2000 км-ден астам каналды тазарту жоспарланған. Былтыр 1147,7 км канал тазартылған болатын.
Бұл жұмыстарды жүзеге асыру мақсатында министрлік «Қазсушар» филиалдары үшін 757 арнайы техника сатып алуды бастады. Қазіргі таңда 303 техника жеткізіліп, олар каналдарды механикалалық жолмен тазарту және гидротехникалық нысандарды жөндеу жұмыстарына белсенді қолданылып жатыр.
«Жыл сайын суаруға пайдаланылатын 12 млрд текше метр судың 98%-ын еліміздің бес оңтүстік өңірі – Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда және Жетісу облыстары тұтынады. Су шығынын азайту үшін біз су үнемдейтін технологияларды енгізуді ынталандыратын шаралар қабылдадық. Атап айтқанда, мұндай технологияларды орнатуға берілетін субсидиялар және оларды қолданатын шаруаларға суға берілетін субсидиялар қарастырылған. Сонымен қатар өсірілетін дақыл түріне және олардың суды қаншалықты тұтынатынына қарай суармалы суға сараланған тариф енгізу мәселесі қаралып жатыр», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!