Жексенбі, 22 желтоқсан, 13:45

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Ташкент келісімі қаншалықты нәтижелі болмақ?

14.11.2023

677 0

Ташкент келісімі қаншалықты нәтижелі болмақ?

Қыркүйек айында Тәжікстанда жаһандық климаттың өзгеруі, су тапшылығы мәселесі аясында Орталық Азия елдері басшылары бас қосқан кеңес отырысы өтті. Сол жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азияның су-энергетика ресурстарын тиімді пайдалану үшін ұзақмерзімді әрі орнықты аймақтық ынтымақтастық механизмін құру қажеттігін, Арал теңізі бассейніне бірыңғай автоматтандырылған жүйе енгізу арқылы алып айдыннан алынған су ресурстарын есепке алып отыру, мониторинг жасау, басқару процестерін іске асыру керектігін жеткізген. Нәтижесінде Орталық Азия елдері жаһанды алаңдатқан су тапшылығы мәселесін бірлесіп шешу аясында маңызды құжаттарға қол қойды.

Жуырда Ташкентте өткен Мем­­лекетаралық үйлестіру су комиссия­сының 85 отырысында Қазақстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан мемлекеті Сырдария мен Әмудариядағы су қоймаларының болжамды жұмыс режимі туралы хаттамаға қол қойды. Осылайша көршілес елдер 2023–2024 жылдардағы өспейтін маусымға суды тарту лимиттері бекітілген. Сонымен қатар МҮСК мүшелері «Сырдария» бассейндік су шаруашылығы ұйымына өзен бассейніндегі су қоймалары жұ­мысын бақылауды және болжамнан ауытқыған жағдайда Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстанға хабар берілу керектігі міндеттелді.

Енді келер жылы 1 сәуірге дейін Түркістан облысы мен Сыр өңіріне 11,1 млрд текше метрден астам су келуі тиіс. Яғни 11,1 млрд текше метр су Шардара су қоймасына құйылады. Сонымен қатар «Достық» мемлекетаралық каналы арқылы 487 миллион текше метр су келеді деп болжануда.

Соңғы жылдары аймақтағы су тап­шылығы өзекті мәселеге айналды. Дария суының бірде көтеріліп, бірде табаны көрінгені жұртшылықты алаң­датқаны рас. Әсіресе шаруалардың уайымын күшейткені жасырын емес. Соған қарамастан аймақта егіс көлемін азайтпай, суды үнемдеу жолымен биылғы егін науқаны жоспарға сай аяқталды.

Су тапшылығына қатысты көр­ші­лес елдер арасындағы келісімнің жа­салуы жағымды жаңалық болды. Енді осынша суды қабылдау, ысырап қылмау мін­деті тұр. Бұған дайындық барысы туралы Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Зейнулла Қазтоғановтан сұраған едік.

– 2023 жылдың 1-2 қарашасында Ташкент қаласында өткізілген Мем­лекетаралық су шаруашылығын үйлес­тіру комиссиясының 85-отырысында вегетацияаралық (1 қазан – 1 сәуір) кезеңде Шардара су қоймасына түсетін су көлемі 11,1 млрд текше метр болады деп болжам жасалды. Егер осы көлемдегі су келіп түссе оның 1,6 млрд текше метр суы Аралға құйылады деп жоспарлануда, – дейді ол.

Сала басшысының міндетін ат­қарушы Зейнулла Қазтоғановтың айтуынша, қазіргі таңда суды қабылдап алуға байланысты тиісті шаралар қолға алынуда. Болжамды су келген жағдайда дария суын тасытпай, көктемгі егіске су жеткізу мақсатында су қоймаларына су толтыру және төменгі ағысқа қауіпсіз өткізу шаралары жүргізілетін болады.

Шардара мен Сырдарияға су жіберу туралы келісім жасалғанымен оның нақты жүзеге асырылуы уақыт еншісінде. Себебі қазіргі таңда су тапшылығы барлық елде туындап отырған жағдай. Мәселен, ауыл шаруашылы­ғы ғылымдарының докто­ры, профессор Ибадулла Тәутенов мұның тек болжам екенін айтады.

– Қазір әлем бойынша су тапшылығы орын алуда. Сырдария бойындағы су бір жағы Тәжікстаннан құйылса, бір жағы Қырғызстаннан құйы­лады. Орталық Азиядағы ең үлкен су қоймасы Тоқтағұл 19 млрд текше метр су жинауы керек. Бірақ соңғы 5-6 жыл көлемінде бұл су қоймасы толған емес. Ондағы қазіргі су көлемі шамамен 10 млрд текше метрді құрайды. Қыс мезгілінде мұнда су жиналмайды. Себебі электр энергиясын арттыру үшін қоймадағы суды көбірек жібереді. Ал бұл сумен Өзбекстан  мақта егістігін шаяды. Одан қалған суды бізге жібереді. Оны біз Шардара су қоймасына жинаймыз. Өзбекстанның негізгі күнкөрісі – егін шаруашылығы. Сондықтан олар бізге осынша көлемде су жібереді деп ойламаймын, – дейді ғалым.

Ғалымның айтуынша, біздегі су тапшылығы ысырапшылдықтың сал­дары. Суды үнемдеп пайдаланбаудың соңы осындай жағдайға әкелуде. Бұған егін шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлердің атүсті қарауы себеп болуда.

Су – тіршілік көзі. Оның адам өмі­рін­дегі маңызын соңғы жылдары жіті түсінгендейміз. Мемлекет басшысы Орталық Азия елдері жаһанды алаң­датқан су тапшылығы мәселесін бірлесіп шешуі керектігін айтқан. Бұл мақсаттағы жұмыстар нәтиже берсе, құба-құп болар еді.

Айдана СЕЙІЛ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: