Digital Bridge 2025 форумы аясында Павел Дуров маңызды жаңалықпен бөлісті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Telegram Астанадағы Alem.AI халықаралық орталығында жасанды интеллект зертханасын іске қосады. Алғашқы жоба қазақстандық суперкомпьютерлік кластермен бірлесіп жүзеге асырылады.
Дуровтың айтуынша, компания Қазақстанның қуатты инфрақұрылымын түбегейлі жаңа технологияны дамыту үшін пайдалануға әзір.
Бүгін мен дәл осы жерде – Астанадағы Alem.AI алаңында жаңа зертхананың ашылатынын қуана жариялаймын. Алғашқы бастама Telegram мен Қазақстанның суперкомпьютерлік кластерінің бірлескен жобасы болмақ. Соңғы бірнеше ай бойы біз блокчейн мен жасанды интеллектінің тоғысындағы инновацияны әзірледік. Ол миллиардтан астам адамға децентрализовандық есептеу жүйесі арқылы ЖИ-функцияларды қолдануға мүмкіндік береді, – деді Дуров.
Ол бұл қадам Telegram-ның жаһандық дамуындағы елеулі кезең екенін атап өтті.
Telegram бүгінде бір миллиардтан астам қолданушыға ие. Платформадағы мини-қосымшалар осы жаңа технологияны алғашқылардың бірі болып пайдаланады. Жобаға қажетті есептеу қуаты ең алдымен Қазақстанның суперкомпьютерінен алынады, – деді ол.
Telegram негізін қалаушы жаңа бастаманың үш басты қағидасын атады: ашықтық, энергия үнемділігі және құпиялықты сақтау. Сонымен бірге ол компанияның Қазақстандағы техникалық инфрақұрылымды күшейтуге бағытталған шараларын еске салды.
Былтыр біз Telegram деректер орталықтары мен Қазақстандағы телеком жүйелері арасындағы байланысты арттырдық. Бұл 12 миллионнан астам қазақстандық қолданушы үшін интернет жылдамдығын көтеріп, қамтуды кеңейтуге мүмкіндік берді. Бұл – тек алғашқы қадам ғана, – деп атап өтті Дуров.
Ол сөзінің соңында Telegram Қазақстанмен бірлесе отырып жаңа технологияларды дамытуды жалғастыратынын, оларды әлемдегі миллиардтаған адам үшін қолжетімді әрі қауіпсіз етуді көздейтінін алға тартты.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!