Президент Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру ұлтымыздың менталитетіне оң әсерін тигізетінін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өтіп жатқан Digital Bridge форумының ашылуында сөйлеген сөзінде мәлімдеді.
Мен Жолдауда цифрлық мемлекет құру Қазақстанның келешегін айқындайтын стратегиялық таңдау екенін айттым. Үш жылдың ішінде цифрлық басқару форматына толық өту міндеті қойылды. Бұл мемлекеттің азаматтармен және бизнеспен өзара қарым-қатынасын түбегейлі өзгертеді. Осы мақсатта Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды. Жаңа ведомство цифрландырудың және тұрмыстың барлық саласына жасанды интеллектіні енгізудің басты локомотиві болады, – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар ол жаңа министрлік құрылуымен елдегі қоғамдық өмірдің өзгеретініне тоқталды.
Басқаша айтқанда, еліміздегі қоғамдық өмір мүлдем өзге сипат алады. Технологиялық тұрғыдан анағұрлым заманауи болады, яғни ұлтымыздың менталитетіне оң әсерін тигізеді. Осылайша, біз өркениетке батыл қадам жасаймыз. Мен халқымыздың кейінге қайырылып, өткенмен өмір сүрмей, келешекке сеніммен көз тігуге тиіс екенін бұған дейін бірнеше рет айтқан едім, – деді Президент.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы ЖИ технологиясының жұмысымен танысқанын айтты.
Бүгін маған «Самұрық-Қазына» директорлар кеңесінің ЖИ технологиясымен жұмыс істейтін виртуальді мүшесінің қызметін көрсетті. Бұл – ұлттық суперкомпьютер мен Қазақстандағы Alem LLM үлкен тілдік модель базасында іске асырылған Орталық Азиядағы алғашқы жоба. Ішкі үдерістердің бәрін оңтайландыруға септігін тигізетін мұндай шешімнің маңызы зор, – дейді Тоқаев.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!