Сенбі, 21 желтоқсан, 16:36

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Уақыт белдеуін өзгерту сан соқтырмай ма?

31.10.2023

1379 0

Осыдан бес жыл бұрын еліміздің Атырау, Ақтөбе, Қызылорда, Маңғыстау облыстары төртінші уақыт белдеуімен, ал өзге облыстар бесінші уақыт белдеуіне бағынып, сағат уақыты екі әкімшілік уақыт белдеуімен есептелген еді. Оған дейін жазғы және қысқы уақытты ғана білетін көпшілігіміз үшін бұл түсініксіз жайт болғаны рас. Тек уақыттың бір сағат кейін шегеріліп, таңымыздың әдеттегіден кеш ататынын, ұйқымыздың қанық болатынына қуанғанымыз жасырын емес.

         Жақында әлеуметтік желілерде бір сағат уақыт айырмашылығы бар аймақтардың Астана уақытымен теңестірілетіні туралы ақпарат тарады. Бұған қатысты Экология және табиғи ресурстар министрлігі еліміздің батыс өңірі биыл 30 қарашадан 1 желтоқсанға қараған түні елорда уақытына ауыстырылатынын мәлімдеді. Алайда қазіргі уақытта бұл мәселе зерттелу үстінде. Ел аумағындағы уақытты есептеудің бірыңғай тәртібін белгілеуде Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Сауда және интеграция министрлігі депутаттар мен орталық мемлекеттік органдардың, қоғам мен ғылыми ұйым өкілдерінен құралған жұмыс тобымен бірлесіп бұл мәселені зерделеуде. 

Уақыт белдеуі деген не?

         Жер бетіндегі уақытты есептеу жүйесі адам өміріне қолайсыздық тудырмас үшін халықаралық келісім негізінде 24 сағаттық белдеуге бөлінген. Ал әр сағаттық белдеу Гринвич меридианынан бастап шығысқа қарай 15 градустан құралады. Осылайша 24 сағаттық белдеу 0 ден 23 ке дейін нөмірленіп, әр меридиандағы орынның өзінің жергілікті уақыты белгіленген. Қазіргі таңда елімізде осы жергілікті уақыттың бірыңғай тәртібін енгізу мәселесі қаралуда.

         Жалпы мәселенің мән-жайын түсіну үшін белгілі бір терминдерді, оның мағынасы мен маңызын ұғыну қажет-ақ. Бұл тұрғыда уақыт белдеуінің тіршілік үшін қаншалықты маңызы барын зерттеп, зерделеп жүрген қолданбалы хронобиология маманы, ҚР Сауда және Интеграция министрлігі жанындағы Уақыт өлшемі тәртібін реттеу мәселелері бойынша ведомствоаралық топ мүшесі, «International Alliance for Natural Time»-ның Қазақстандағы өкілі Болат Нұрхожаев былайша түсіндіреді.

         – Кезінде  мен уақыт белдеулері туралы мәселе көтергенімде «мынаның есі дұрыс емес шығар» деген адамдар болды. Бірақ 2018 жылы Үкіметтің № 817 Қаулысы қабылданып, сол жылдан бастап Қызылорда облысында уақыт белдеуіне байланысты сағат өзгерді. Өзгерген күннің ертеңіне-ақ «біз бұның соншалықты маңызды екенін білмеппіз» деген халықтың, әсіресе балалардың қуанғанының куәсі болдық. Бұл мәселені толық білу үшін «белдеулік уақыт», «декреттік уақыт», «жазғы», «қысқы уақыт», «жергілікті уақыт», «Гринвич уақыты» деген не екенін, ол не үшін керек екенін білу қажет. Белдеулік уақыт деп күннің ең жоғары нүктесінде тұру мезгілін сағат 12-ден плюс-минус жарты сағатқа сай болған кезін айтады. Біздің елімізде ол тек бір ғана Шығыс Қазақстан облысына сай. Маған көпшілік барлық ауруды, суицидті осымен байланыстырасыз, онкология өзге облыста да бар ғой дейді. Менің бұл мәселемен айналысуыма облыстың суицидтан елімізде 1-орында тұруы түрткі болды. Суицидтың себебін іздеу барысында уақыт өлшемінің дұрыс болмауы салдарының неге соқтыратынын, тіпті онкология, қант диабеті, ЖҚТ аурулары, бедеулік пен белсіздікке де әсер ететінін білдім. Осылай хрономедицина, хронобиология, сомнология саласына келдім, – дейді Болат Жолтайұлы.

         Еліміздегі уақыт өлшемінің тарихы сонау 1924 жылдан басталады екен. Кейін Кеңес одағы тұсында қабылданған уақыт белдеуі жүйесіне бағынған. Негізінде Қазақстан Дүниежүзілік сағат белдеуі жүйесі бойынша 4 сағаттық белдеуде орналасқан. Оның ішінде Маңғыстау, Атырау, БҚО жартылай 3 сағаттық белдеуде орналасса, Ақтөбе, Қызылорда, Қостанай облысы толық 4 сағаттық белдеуде, ШҚО 6 сағаттық белдеуде, қалған облыстар  5 сағаттық белдеуде орналасқан. Дегенмен ол тұста бұл аймақтарда жергілікті уақыт қолданылмаған. Себебі 1930 жылы электр энергиясын үнемдеу мақсатында декреттік уақытпен жүру туралы қаулы шыққан. Осылайша негізгі белдеулік уақытқа 1 сағат қосылып декреттік уақыт енгізілген. Қолданбалы хронобиология маманы Болат Нұрхожаев декреттік уақытты әлем елдері соғыстан кейін қолданғанын, алайда 3-4 жылдан кейін бұл жүйені алып тастағанын айтады. Кеңес одағы декреттік уақытты енгізуде кемшіліктерге жол берген.

         – 1956 жылы Кеңес одағы аумағында уақыт белдеулерін реттеу туралы заң шықты. Соның аясында Қазақстандағы 4 белдеуді төртінші және бесінші белдеу деп екі белдеуге біріктірді. Оның шекарасын 67,5 меридианын бойлай орналасқан облыс шекаралары арқылы өтеді деп бекітті. Оған 1 сағат озық декреттік уақыт қосылып бұл белдеулер бесінші және алтыншы сағаттық белдеу болып шыға келді. Яғни Маңғыстау, Атырау, БҚО жартылай 3 сағат белдеуінде орналасқанмен бесінші сағат белдеуі уақытымен өмір сүріп өз белдеулігінен 1,5 – 2 сағаттай озық декреттік уақытта қалды. Өзге елдер декреттік уақытты белдеулік уақытқа ғана қосса, Кеңес одағында бұрыннан бар жазғы уақытқа қосты. Соның салдарынан жазда екі еселенген «жазғы» уақыт болды. Әрине өз белдеулігінен екі сағат озық кету қолайсыздық тудырады. Бұл қалыптасқан уақыт жүйесі еліміз егемендік алғаннан кейінде жалғасты. Тек 2000 жылы «ҚР аумағындағы  уақыт өлшемі  туралы» қаулы қабылданды. Онда бұрынғы декреттік уақыт қолдану туралы шешімдер өзгеріссіз қалды, – дейді хронобиолог маман.

         Маман сол тұста декреттік уақыт бойынша көрші облыстар арасындағы уақыт айырмашылығы 2 сағатқа жеткенін айтады. Бұл өз кезегінде уақыттан шатасуға әкелген. Ал оны реттеу үшін 2004 жылы ОҚО мен Қызылорда, Ақмола мен Қостанай облыстары арасында 67,5 меридианын бойлай орналасқан сағаттық белдеу шекарасын Ақтөбе мен Қызылорда, Ақтөбе мен Қостанай облыстары шекарасына ауыстырып орналастыру жөнінде қаулы шыққан. Десе де декреттік уақытты қолдануға жұртшылық арасында  наразылық туып, шатасу көбейгесін Үкімет арнайы қаржы бөліп, Денсаулық сақтау министрлігіне уақыт белдеуінің адам денсаулығына әсерін зерттеу, ал әр өңірдің әкімдігіне сауалнама жүргізу тапсырылған. Осы тұста аймақтың сағаттық белдеуі шекарасы Дүниежүзілік уақыт өлшемі жүйесіне (Гринвич) сәйкес қалдырылсын және «жазғы» «қысқы» уақытқа көшірілмесін» деген ұсыныс айтылған екен. Алайда бұл ұсыныс ескерусіз қалған.

         – 2005 жылы Үкімет декреттік уақытқа ауысу адам денсаулығына зиян деп тауып одан бас тарту туралы шешім қабылдады. Бірақ  ол қаулының күші толық жойылмай ауыстырылған сағаттық белдеу шекарасы 67,5 меридианы бойына қайтарылмай сол күйі өзгеріссіз қалды. Сонымен Қостанай және Қызылорда облысы географиялық толық  UTC+4 сағаттық белдеуінде орналасқанмен UTC+5 белдеуі аумағында, оған 1 сағат декреттік уақыт тағы қосылып  UTC+6 белдеуінде, яғни өз сағаттық белдеуін 2 сағат озық, қысы-жазы үнемі екі еселенген декреттік уақытта тұруға мәжбүр болды, – дейді Болат Жолтайұлы.

         Аймақтағы уақыт жүйесін қалыпқа келтіру үшін бұл мәселені Парламент депутаттары 5 рет көтерген екен. Үздіксіз сұраныстың соңында мәселе оң шешім табады.

Табиғи ырғақтан ауытқудың салдары көп

         Әлем ғалымдары адам биологиялық ырғағынан ауытқыса оның бойында созылмалы ауру өршіп, тіпті мінез-құлықтың өзгеруіне әкелетінін анықтаған. Осыдан соң Еуропа елдері декреттік уақыттан бас тарту туралы шешім қабылдаған. Тіпті Ресейдің өзі 2014 жылы сағаттық белдеулерді біріктіру мен декреттік жазғы уақытты қолданудан бас тартқан.

         Уақыт белдеуін зерттеуші Болат Жолтайұлы табиғи уақыт белдеуінен ауытқу адамды ауруға шалдықтырып, гендік бейімділік тудыруы мүмкін екенін айтады. Адам баласы биологиясына, физиологиясына, тіпті табиғаттың өзіне қарсы дүниеге үйренісе алмайды деген пікірде.

         – 2017 жылы Американың Калифорния штаты Беркли университеті профессоры невролог ғалым Метью Уолкердің «Біз неге ұйықтаймыз?» атты ғылыми кітабы жарық көрді. Онда әлемде жасалған 17 000 ғылыми зерттеу нәтижесін келтіре отырып, циркадтық ритмдердің бұзылуы неге соқтыратыны толық дәлелденген. Ғалымдардың зерттеу нәтижесі  уақыт белдеуін дұрыс қолданбау онкология, жүрек-қан тамырлары ауруы, диабет, семіздік, репродукциялық қабілеттілік, түсік тастау, бүйрек жетіспеушілігі, ұйқының бұзылуы сынды ауруға әкелетінін көрсеткен. Қазір ғалымдар әлем жұртшылығына ұйқы бұзылуының эпидемиясы етек жайғанын айтып, дабыл қағуда. Бұдан қыстың күні миы әлі оянбаған, бірақ сабаққа бару үшін  мәжбүрлі тұратын балалар, жасөспірімдер,  сосын егде кісілер көп жапа шегеді. Сонымен қатар мұндай жағдайда түнгі ауысым жұмысшыларының онкологияға  ұшырау қаупі жоғары, – дейді маман.

         Ұйқы бұзылуының салдарынан көптеген ауру туындайтынын бүгінде дәрігерлер жиі айтады. Балаларды жастайынан қалыпты ұйқы режиміне үйрету керектігін де ескертеді. Яғни бір ғана ұйқы бұзылысы адам ағзасының қалыпты жұмыс істеуіне кедергі келтіріп, денсаулыққа орасан зор зиян әкеледі деген сөз.

         Болат Нұрхожаевтың айтуынша, әлем елдерінде уақыт өлшемін оң шешудің бірнеше түрі бар екен. Бізге қолайлысы ол декреттік озық уақыттан бас тартып, бірегей уақыт өлшемін енгізу. Уақыт өлшемінен қателесу әр елдің қолданысындағы «табиғи уақыт», «жергілікті уақыт» – local time (LT), «белдеулік уақыт»,«стандарттық уақыт», «қысқы уақыт» – standart time (ST),  «жазғы уақыт» – DST, «декреттік уақыт», «үнемі жазғы уақыт» permDST, «әкімшілік уақыт» деген терминдерден шатасудан болады-мыс. Мәселен, декреттік әкімшілік уақытты да кейде жергілікті уақыт деп немесе белдеулік уақытты әкімшілік уақыт деп шатастырады. Сол үшін әлемдік қолданыстағы «local time»,«standart time», «DST», «perm DST» терминін айыра білудің маңызды екенін айтады.

         – Қазақстанның екі сағаттық белдеуін бөліп тұрған шекарасы 67,5 меридианға жақын орналасқан облыстар шекарасымен өтуі тиіс. Уақыт өлшемін реттеудегі олқылықтар осы жайтты ескермеуден орын алуда. Анығында, 1 сағат ілгері жылжытылған декреттік уақыттың өзі үнемі қысы-жазы «жазғы» уақыт (permDST) болып табылады. Әлемдік практикада «жазғы» (DST)уақыт жазда  стандарттық уақытқа  (ST ) қолданады. Екі  сағаттық белдеулерді біріктіргенде уақыт белдеуінде батыс жатқан аумақтар жергілікті уақытынан 1сағат озық болады. Мәселен, БҚО, Атырау, Маңғыстау, Қостанай облыстары сағаттық белдеулерді біріктіруден 1 сағат, декреттік уақыт қолданудан 1 сағат, яғни өзінің жергілікті уақытын 2 сағат озықтықпен, яғни үнемі қысы-жазы екі еселенген «жазғы» (2 permDST) уақытпен өмір сүрді. Бұған 1981 жылы жазда тағы +1 сағат «жазғы» уақыт енгізілді. Басты қате осы еді. Себебі аталған аймақ жазда жергілікті уақыттан 3 сағат озық болды. Соның әсерінен жаздыкүні күн кешкі 11 де батып, тал түс уақыты сағат 3-ке жылжыды. Сондықтан өзі 2 сағат озық уақытқа тағы «жазғы» уақыт өлшемін қолдануға болмайды, – дейді уақыт өлшемі тәртібін реттеу мәселелері бойынша ведомствоаралық топ мүшесі Болат Жолтайұлы.

         Осы орайда Экология және табиғи ресурстар министрлігінің еліміздің батыс өңірі биыл 30 қарашадан 1 желтоқсанға қараған түні елорда уақытына ауыстырылатыны туралы мәлімдемесі аталған жайттарды ескермеуден туындаған. Яғни министрлік қазіргі UTC+6 уақыт белдеуіндегі Астана уақытына заңдылығында UTC+5 уақытымен жүруі тиіс батыс аймақтарды біріктірмек. Мұны «International Alliance for Natural Time»-ның Қазақстандағы өкілі Болат Нұрхожаев былайша түсіндірді:

         – Батыс аймақты 1 сағат алға жылжытса, бұл аумақтың батысында орналасқан аудандар, мысалы, Жәнібек ауданында Күн қыста сағат 10:40-та, Атырауда 10:16, Ақтауда 10:06 ататын болса, бірегей Астана уақытына көшкенде оқушылар сағат 8:00 сабақта отыруға мәжбүр болады. Мұндай жағдайда Жәнібек ауданының оқушылары таңертең күн атардан 2 сағат 40 минут бұрын қараңғы уақытта сабақта отыруға, ал сабаққа баруға 1 сағат бұрын тұратын балалар жергілікті уақытпен түнгі сағат 4:00-де оянуы тиіс болады. Сондықтан Батыс облыстардың уақытын тағы 1 сағат алға жылжытуға болмайды. 2018 жылы Қызылорда облысы әкімдігі мен облыстық қоғамдық кеңес нақты дәлелдермен келтірген ұсынысы мен В. Фесенков атындағы астрофизика, М.Айтхожин атындағы молекулярлы биология және биохимия ғылыми зерттеу институтының қолдауы негізінде сағаттық белдеулер шекарасы Қызылорда мен Түркістан облысы аумағына қайтарылып, соның аясында өңірде желтоқсан айының 20-нан 21-не қараған түні сағат тілі 1 сағат кері жылжыды. Осылайша аймақ UTC+5 әкімшілік сағаттық белдеуі аумағына оралды. Қостанай облысы да осы қаулымен UTC+5 сағаттық белдеуіне көшуі керек еді. Алайда облыс әкімдігі одан бас тартты. Десе де Қостанай жұртшылығы бұл мәселені күні бүгінгі дейін қозғауда. Қазіргі таңда еліміздің Қостанай, БҚО, Атырау және Маңғыстау облыстары жергілікті уақыттан 2 сағат, Түркістан, СҚО, Ақмола, Ұлытау, Жамбыл, Қарағанды облыстарында 1 сағат 30 минут, ал өзге өңірлер 1 сағат озық, – дейді ол.

Биологиялық ырғақтан ауытқудың салдары қандай  болатынын жоғары да айттық. Бұл – ғылыми негізі бар дәлелденген дүние. Соңғы жылдары әлем бойынша ұйқы режимінің бұзылуы салдарынан аса қауіпті рак, диабет, семіздік, жүрек-қан тамырлары жүйесі және де тағы басқа арулар өршуімен, физикалық, психикалық денсаулыққа кері әсері, еңбекке қабілеттілік, өмір сүру ұзақтығы төмендеуі сынды жайттардың көбеюі медицина саласында «әлеуметтік сағаттық белдеулер ауысуы синдромы» терминінің пайда болуына әкелген.

Былтыр Испанияның Барселона қаласында уақыт өлшеміне байланысты ғылыми конференция өтіп, «Барселона Декларациясы» қабылданды. Декларацияны әзірлеуге әлемнің дамыған мемлекеттерінің хронобиология, кардиология, онкология, эндокринология, сомнология, педиатрия, геронтология, ұйқы медицинасы мамандары мен биологиялық ырғақты зерттеуші  жетекші ғалымдар, медициналық ұйымдар қатысты. Барселона декларациясының ғылыми консенсусы маусымдық болсын, үнемі болсын, кез келген «жазғы» уақыт өлшемін қолдану зиянды, үнемі «жазғы» уақыт тіптен зиянды, тек жергілікті уақыт өлшеміне мейлінше жақын стандарттық уақытпен өмір сүру ғана физикалық, психикалық тұрғыдан ең тиімді болып танылды. Барселона Декларациясы негізінде әлем елдері Үкіметтеріне үндеу жариялады. Альянсқа мүше 11 мемлекет өкілі қол қойған хат International Alliance for Natural Time атынан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа биыл наурыз айында жолданды, – дейді Болат Нұрхожаев.

Мәселенің шешімі бар

Қолданбалы хронобиология маманы, ҚР Сауда және Интеграция министрлігі жанындағы Уақыт өлшемі тәртібін реттеу мәселелері бойынша ведомствоаралық топ мүшесі, «International Alliance for Natural Time»-ның Қазақстандағы өкілі Болат Нұрхожаев ел аумағы 4 сағаттық белдеуді қамтығанымен ең шығыс шекарадан ең батыс шекараға дейінгі аралық уақыт өлшемімен ол 2 сағат 43 минутты құрайтыны алға тартады. Хронобиолог маман ешбір елде «жазғы» уақыт қолданудан энергия үнемделетіні ғылыми дәлелденбегенін жеткізді. Мұны Энергетика Министрлігі де ресми растаған. Сондықтан ел аумағында уақыт өлшемін түбегейлі реттеу қажеттігін баса айтты.

– Қазақстанда әлем елдерінің уақыт өлшеміндегі тәжірибесіне сүйеніп, ең тиімді уақыт өлшемін енгізуге болады. Оған Астананың географиялық ортаңғы сағаттық белдеуде орналасуы жақсы мүмкіндік береді. 18 жылдан бері  Қостанай, БҚО, Қызылорда облысы халқынан түскен шағымдардың жылдан жылға көбеюіне  байланысты құзыретті Комитет жанынан 2023 жылы Ведомствоаралық жұмыс тобы құрылып, сағаттық белдеулер жөнінде, әлем ғылымындағы барлық дәлел мен ғылыми зерттеулер зерделеніп, «Есеп жобасы» құжаты әзірленді. Бұл жоба тиісті ғылым мекемелеріне жолданып, ғалымдар уақыт өлшемін түбегейлі реттеу керектігін растады. Мәселенің екі жолы бар. Бірі  UTC+4,5 Астана бірегей уақыт өлшемін енгізу. Ол үшін батыстағы барлық +5 сағаттық белдеуімен өмір сүріп жатқан облыстар сағат тілін 30 минут, ал +6 сағаттық белдеудегі шығыс облыстар сағат тілін 1,5 сағат артқа жылжытады. Солай еліміздің барлығында бір уақыт өлшемі болады. Немесе  бірыңғай UTC+5 уақытын қолдану қажет. Бұл уақыт белдеуін енгізу үшін барлық +6 сағаттық белдеудегі шығыс облыстар сағат тілін 1 сағат артқа жылжытады. Бірақ ол кезде БҚО, Атырау, Маңғыстау  облыстары  2 сағат алдыда, Ақтөбе,  Қызылорда,  Қостанай облыстары  1 сағат кейін кетеді. Негізінде ең тиімдісі Астана, Алматы, Шымкент және басқа да көптеген облыстардың еліміздің географиялық ортаңғы сағаттық белдеуі – UTC+4,5 қолдануы. Тым болмаса батыс аймақтың уақыты UTC +5 бірыңғай уақыт болуы тиіс. Мәселе елімізде осылайша түбегейлі шешілуі тиіс. Бұл әсіресе ұлт пен ұрпақ денсаулығының қорғалуына, еңбекке қабілетті болуына пайдалы. Ел аумағында бірегей уақыт қолданудың басқа жолы жоқ, – дейді ол.

Тіршілігі табиғатпен біте қайнасқан халқымыз уақыт болжамын сағатсыз-ақ дәл болжай білген. Бүгінде дау болған мәселе адамның табиғат жаратылысынан ажырай алмайтындығын дәлелдеуде. Десе де еліміздегі бірыңғай уақыт өлшемінің қандай болатыны көп талқылауынан соң анықталады. Ал мамандар бұл мәселенің шешімін ғылыми негізде, дәлелді түрде айқындап берді.

Айдана СЕЙІЛ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: