1945 жылдың 30 сәуірінде қан майданның түйінінің дәлелі болып, Рейхстагта Жеңіс туы желбіреп тұрды. Фашистік Германияның бас ғимаратына бірінші болып Жеңіс туын тіккен – қазақ офицері Рақымжан Қошқарбаев болатын.
Рақымжан Қошқарбаев майданға 18 жасында аттанып, Одер мен Шпрее өзендерін басып алуға қатысқан. Берлин үшін болған шешуші шайқаста оның взводы алғы шепке орналасты. Олар алдымен Корольдік алаңға, «Гиммлер үйіне» жетеді. Мұнда лейтенант Қошқарбаевқа тарихи маңызы бар – Рейхстаг ғимаратының үстіне Қызыл Туды көтеру туралы бұйрық беріледі.«Гиммлер үйінен» Рейхстагқа дейінгі қашықтық бар болғаны 300 метр. Бірақ бұл ашық алаң болғандықтан, жан-жақтан атқылаған оқтардан қорғану керек еді. Осы қашықтықты жауынгер Григорий Булатовпен 7,5 сағатта жүріп өтіп, 30 сәуір күні сағат 18:30-да Рейхстагтың алдына Қызыл Ту тігілді.
Ерен ерлігі үшін үшін Рақымжан Қошқарбаев Қызыл Ту орденімен, 1-дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, Жауынгерлік Қызыл Ту және «Берлинді алғаны үшін» медальдарымен марапатталған. 1999 жылы «Халық қаһарманы» атағы берілді.
Соғыстан кейін Рақымжан Қошқарбаев Алматы қаласы Халық депутаттары Кеңесінің депутаты болып сайланды. Ол соғыс ардагерлері комитеті мен кеңес-герман достық қоғамының Қазақ бөлімшесі төралқасының мүшесі болды. Соғыстағы естеліктері туралы «Жеңіс туы», «Дауыл: 1410-шы күн» кітаптарын жазды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!