Бейсенбі, 25 сәуiр, 09:06

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

«Елдіктің жеті тұғыры»: Бағдар етерлік қағидат

02.12.2021

1942 0

Осы аптадағы ең өзекті саяси жаңалық ретінде елордада Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалы­ғымен өткен Nur Otan партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысын атап өтуге болады.

Бейнеконференция режимінде ұйым­дас­тырылан жиынға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, Премьер-Министр мен Үкімет мүшелері, Nur Otan пар­тиясы­­ның Саяси кеңесі мен Бюро мүшелері, Парламент Мəжілісіндегі жəне мəслихаттардағы пар­тия фракциясының депутаттары, өңір бас­­шылары, Jas Otan жастар қанатының көш­басшылары қатысты.

Жиынды ашқан Елбасы тəуелсіздік жылдарында қалыптасқан көппартиялық жүйе елдігіміздің тірегіне айналғанын, осы орайда Nur Otan партиясының саяси салмағы басым екенін айта келіп, отыз жыл ішіндегі еліміздің даму жетістіктеріне тоқталды. Мұның барлығы бірлесе атқарылған жұ­мыстың, маңызды мемлекеттік шешімдер мен батыл реформалардың жемісі екенін атап өтті.

Дәл осы жиында Елбасы жетекші партияны Президенттің басқаруы маңызды екенін айтып, Nur Otan партиясындағы өкілеттілігін Мемлекет басшысына беру туралы шешім қабылдағанын жеткізді.

Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл шешімі жұртты елең еткізгені анық. Тұңғыш Президенттің бұл шешімін ел зиялылары да дұрыс қадам санайды. Ақын Несіпбек Айтұлы: «Nur Otan партиясы Саяси Кеңесінің кеңейтілген отырысында Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев партия төрағасы өкілеттілігін тапсыру туралы шешім қабылдай отырып, оны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев басқаруы керектігін айтты. Мен оны дұрыс шешім деп қабылдаймын», деген ойын білдірді. Академик Хангелді Әбжанов: «Тап осындай сәтте Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Н.Назарбаевтың Nur Otan партиясының басшысы мәртебесін Қ.Тоқаевқа беруі – кемелділіктің тамаша айғақ-дәлелі. Сын сағатында билік бір адамның қолында болуы керек», – деп жазды «Егемен Қазақстан» газетіне.

Партия жиынында Тұңғыш Президент «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығын ұсынды. Олар: тәуелсіздік, бірлік пен келісім, қасиетті жер, отбасы мен салт-дәстүр, ұлт мәдениеті, білім мен еңбек, прагматизм.

Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов: «Елбасының қоғамның наза­рына ұсынып отырған қағидаттар жиын­тығындағы ұлттық мәдениет арқылы саналы ұрпақ тәрбиелейміз деген ойы көкейімізге қонақтап қалды.Ұлттық мәдениетті тарихтан бөліп-жарып қарай алмаймыз. Арыға көз жүгіртсек, тамыры тереңнен бастау алатын ұлы көшпенділердің ұрпағымыз, Елбасы айтып өткендей, болмысы ерекше, рухани-мәдени мұраларға бай халықпыз. Адамдар өткен тарихтан тірек іздейді. Бірақ әлемдік өркениетте көші озық елдердің қатарына қосылу үшін өткен тарихыңмен шектеліп қалу да аз. Дәл қазір жаһандық бәсекеге қабілетті ел болу үшін бірегей ұлттық мінез, асқақ рух керек», – деп елдік болмыстың өзегін сақтау – ұлттық болмысымызды сақтау екенін айтты.

«Ана тілі» газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай Елбасы айтқан қағидаттар жиынтығын ұрпаққа аманат-хат ретінде қарастырса, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, ҰҒА академигі Дихан Қамзабекұлы «Мәңгілік елдің жеті тұғыры» деп атады.

«Нұрсұлтан Әбішұлы «Мәңгілік ел» мұратын тұрлаулы етудің жеті тұғырын есімізге салды. Олар: тәуелсіздік, бірілік пен келісім, қасиетті жер, отбасы мен салт-дәстүр, ұлт мәдениеті, білім мен еңбек, прагматизм. Елбасы мұны «Елдіктің жеті тұғыры» деп атады. Әлбетте, бұл тұғырды тиянақтау мен тұлғаландыру – жаңа буынға аманат. Түптеп келгенде, бұл – тоғыз миллионның елшілдігі мен кәсібилігін анықтайтын көрсеткіш болып бекитіні сөзсіз. Осы жолда білім және ғылым саласының алдында зор мемлекеттік және қоғамдық міндеттер тұр. Мұны кезең-кезеңмен, жүйесімен орындауда намысты, жауапты азаматтар аянып қалмайды деп ойлаймыз», – деген ойын білдірді Д.Қамзабекұлы.

Қалай десек те Елбасы ұсынған жеті тұғыр жас буынды кемел келешекке бастайтын жеті қағидат болып бекуі керек. Тоқсан ауыз сөзді сабақтай келе ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың республикалық жастар форумында айтқан: «Күні кеше Елбасымыз Nur Otan партиясы саяси кеңесінің отырысында тәуелсіздігімізді нығайтудың маңызды міндеттерін атап, «Елдіктің жеті тұғыры» атты тұжырымдаманы жариялады. Тәуелсіздікті, бірлікті, ата-бабадан мирас болған жерді, отбасылық құндылықтар мен салт-дәстүрді, ұлттық мәдениетті сақтаудың маңызына тоқ­талды. Сондай-ақ Елбасымыз білім мен прагматизмнің елдің өсіп-өркендеуіндегі маңызды басымдықтар екенін айтты. Жастарымыз осы «Жеті тұғырды» терең түсініп, оларды ту етіп, елге қызмет етуі керек», – деген сөзімен түйіндегенді жөн санадық.

Ә.ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: