Сейсенбі, 26 қараша, 16:39

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№94-2104
26.11.2024
PDF мұрағаты

Өнерлі елдің өресі биік

26.11.2024

76 0

Ғасырлар бойы үзілмес тіннен үн тартып, өнер көшін бүгінге жеткізген Сыр елінің жыр елі деп аталуы оның киелі өнер мекені екенінің дәлелі. Сыр өңірінің бас шаһары Қызылорданың мәдениеті мен өнерінің өркендеуіне Сәбира Майқанова атындағы мәдениет үйінің үлесі мол.

Қазақтың сахна саңлағы Сәбира Майқанованың есімімен ұлықталған мәдениет үйі халыққа мәдени – тынығу қызметін көрсетуде тың серпін, шығармашылық ізденіспен жұмыc істеп келеді.

– Жергілікті өнерпаздарды елге таныту, өнеріне қолдау білдіру біздің басты мақсатымыз. Әрбір ұйымдастырған шарамызға көрерменнің ықыласы ерекше. Жыл бойы жоспарға сай  ауқымы кең, маңызы зор мәдени, әдеби кездесу кешін, түрлі үлгідегі рухани шараларды өткізіп келеміз. Көзі қарақты көрермен үшін биылғы өткізілген КСРО халық әртісі Сәбира Майқанованың 110 жыл толуына арналған «Театр… Өмір… Сахна…»  атты еске алу кешінің орны айрықша дер едім.  Маңызды шараға орай Тасбөгет кенті әкімдігі мәдениет үйіне  қолдау білдіріп,  сахналық киімдер, заманауи лэд экран және кілем алдық. Іс-шара С.Майқанованың өмір жолдарынан «Сырдың сұлу сары алтыны – Сәбира» атты деректі фильмінен  бастау алып, «Мәңгі өлмейтін театрдың тарланы» атты Шыңғыс Айтматовтың «Ана – Жер Ана» қойылымы көрсетілді. Осы шараға арнайылап Сәбира Майқанованың қызы, медицина ғылымдарының докторы Гүлдар Әбділқызы және Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген әртісі, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иесі, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының актерлік-шеберлік және режиссура кафедрасының оқытушысы, профессор Рахилям Машурова «Арман» инклюзивті театрының әртістерімен кездесіп, шеберлік сағат өткізді. Біз үшін жылдың соңғы айларының тағылымды олжасы осы болды, – дейді С.Майқанова атындағы мәдениет үйінің директоры Толқын Жанахметова.

Толқын Болатқызының айтуынша, өнер ордасының алаңы өнерпаздардан, көрермен  залы  өнерді қолдаушылардан босаған емес. 

Әрине, бұл ұзақ жылғы тынымсыз еңбектің жемісі.  Көрермендерді тамсандырған кейбір есте қалар шараларды атап өткенді жөн санадық. Мәселен ақын, Сыр сүлейі, жырау Дүр Оңғар Дырқайұлының туғанына 165 жыл толуына  «Жыр дүлейі – Дүр Оңғар» атты жыр фестивалі, ақын, мемлекет қайраткері және қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің туғанына 130 жыл және ақын Қазақстанның халық жазушысы, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, қоғам қайраткері Фариза Оңғарсынованың 85 жылдығына  орай  «Есіңе мені алғайсың» атты музыкалық-поэтикалық кеш, Қызылорда қаласы әкімдігінің қолдауымен, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен «Ел іші – өнер кеніші» атты дәстүрлі қалалық фестивалі көрермендер көзайымына айналды.

Мемлекет басшысының назарындағы «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығының жеті бағыты бойынша түрлі деңгейде басқосу өткізілуде. «Ұлттық аспап – асыл мұрам қобызым»  атты  сала мамандарымен кездесу, «Қызылорда – әдемі қалам» атты әдеби сазды кеш және  1 қазан –  халықаралық музыка күніне арналған  «Әсем саз жүректен – жүрекке» атты жергілікті композиторлармен кездесу кеші ұйымдастырылып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.  «Бастаңғы» аналар ансамблінің қатысуымен өткізілген алтын той  иелері  Қазақстанның мәдениет қайраткері Тілеген Бекарыстанов пен жұбайы Бағдагүл Бекарыстановаға арналған  «Бірге өткізген 50 жыл» дәстүрлі шараның көрермені де көп болды. Мәдени кеште алтын куәлік табыс етілгені де шараның көркін ашқан.

Мәдениет үйлері мен клуб кәсіпорындарының негізгі атқарар мәдени қызметінің бір түрі – көркемөнерпаздар ұжымының жұмысын жандандыру, халық арасындағы өнерпаздарды насихаттау.  Жергілікті тұрғындардың эстетикалық талғамын өсі­ріп, келешек ұрпақты киелі өнерге баулу, мәдениет ошағының бірден-бір міндеті. Осы бағытта қызмет көрсететін 8 үйірме бар. Олар­дың қатарында көрермен ықыласына бөленген  «Шаттық» би үйірмесін, «Шабыт» көркемсөз оқу, «Дарын» ән, «Сарын» қобыз, «Қарлығаш» хор, «Сиқырлы қолғап» қуыршақ және «Бастаңғы» әжелер клубы бар.

Үйірме өнерпаздары қалалық, облыстық, республикалық, халық­аралық байқауларға қатысып, жүлделі орынды иеленгені – өнер ұжымы үшін үлкен жетістік.

Өнерлі елдің өресі биік

«Бастаңғы» аналар клубы

Мәдениет үйі жанынан құрылған  «Бастаңғы» аналар клубы 1989 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Әр әже өз талантымен ерекшеленеді. Бірі халық әндерін жатқа білсе, екіншісі ата-бабадан келе жатқан дәстүрмен сусындаған. Ал үшіншісі айтыскер ақын, әуелетіп ән салатын әнші, жыршы-термеші.

Өңірдің берекесін арттырып жүрген батыр аналардың ең жасы  60-та, үлкені 75-те. Алтын құрсақты аналардың бүгінде балалары бір-бір шаңырақ. Олардан немере-шөбере сүйіп, ұрпағының бал қызығына тоймай, әдемі қартайып келе жатқан жандар.

Аналар өнері, аналар мектебі, олардың өнегесі – бүгінгі қоғамда баға жетпес байлық, табылмас тәрбие құралы. Оларға қандай жылы сөз айтсақ та, қандай сый-сияпат көрсетсек те артық етпейді. Ақ жаулықты әжелер осы уақытқа дейін облыс көлемінде өткізілетін шараға, байқауларға белсене қатысып, жүлделі орынды иеленіп жүр.

«Мәдени мұра» бағдарламасы аясында «Бастаңғы» аналар клубы кейінгі өскелең ұрпаққа ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрді кеңінен насихаттап, қазақтың халық әндерін нақышына келтіре орындауымен ерекше.

– Тарихтан тін тартсақ, 1989 жылдың көктемінде аудандық ЗАГС бөлімшесінің жанынан  аналар ансамблі құрылған болатын. Ән қоржындарына  халық әндерін жинақтаған өнерпаздар ауданның мәдени өміріне белсене араласқан екен. Аудан орталығында өткізілген алғашқы «Наурыз» мерекесінің беташар көрінісіндегі шашу рәсімі осы аналарға берілді. Мерекелік «Наурыз» шеруінен соңғы көпшілік серуені кезінде өнерпаз аналардың ұйымдастыруымен – қыз ұзату, келін түсіру, бесікке салар, тұсаукесер әдет-ғұрпы көрсетілді. Бұл аудандағы алғашқы театрландырылған көрініс еді. Сол кездегі мәдениет үйіндегі аға әдіскер Тілеген Бекарыстановтың ұсынысымен өнерпаз топ өз алдына аналар клубы болып қайта құрылды. Клуб «Бастаңғы» деген атауды иеленіп, мәдениет үйінен арнайы бөлме ашылып,  жабдықталды. Қазіргі таңда топ құрамында 11 ақ жаулықты әже бар. 2014 жылдан бері «Бастаңғы» әжелер ансамбліне жетекшілік жасап келемін, – дейді С.Майқанова атындағы мәдениет үйінің әдіскері – Захира Сүндетова.

Мәдениет үйінің әдіскері З.Сүндетованың айтуынша,  отыз жылдық тарихы бар «Бастаңғы» аналар клубы еліміздің өркендеуіне еселі еңбектерімен үлес қосып келеді. Олар облыс көлемінде өткізілетін шараларға, байқауларға белсене қатысып, елдің алғысына бөленіп,  құрмет төрінде жүр.

Мәселен, «Әже көңілдің ажары, немере өмірдің базары» атты қалалық байқауда клуб мүшелері Шамшырақ Көрпешова  немересі Бибіфатима Шахмарданқызымен қатысып, ІІІ орын иеленсе, Үміткүл Сералиева  немересі Сезім Құдайбергенмен өнер көрсетіп, көрермен ықыласына бөленді.

Жуырда Алматы қаласында Қазақ радиосының танымал журналисі Гүлмира Нәлібай мен «Мереке» продюсерлік орталығында өткен 50-90 жас аралығындағы талантты жандарға арналған ХІ  республикалық «Өнерлі елдің өресі биік»  өнер байқауынан «Бастаңғы» әжелер ансамблі толағай жүлдемен оралды. Байқауға әжелер бірнеше номинациялар және жас категориялары бойынша қатысты.

Мәнерлеп өлең оқудан Әнифа Хайруллаева, қолөнерден Бисенкүл Алшынбаева, Базаркүл Мүбараковалар бас жүлде алып, жеңімпаз атанса, дәстүрлі ән бойынша Күләш Бодықова, Шамшырақ Көрпешова І орын, хормен ән айтудан Үміткүл Сералиева, Бисен Бекенова, Сәуле Молдабекова І орын алып, елге олжамен оралды. 

Сондай-ақ облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен өткен «Күй керуені» атты күйші ардагерлердің облыстық байқауына қатысқан ансамбль мүшесі Мәриям Жұмамұратова алғыс хатпен және  ынталандыру сыйлығымен марапатталды.

«Арман» инклюзивтік театры

С.Майқанова атындағы мәдениет үйі жанынан ашылған мүмкіндігі шектеулі жандардың шығармашылығын дамыту мақсатында 2023 жылы ашылған «Арман» инклюзивтік театрының орны ерекше.  Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен тиісті қаржы бөлінгені ерекше жандарға мемлекет тарапынан жасалып жатқан жанашырлық деуге негіз бар.  Инклюзивті театрға   8 мүгедектігі бар актер жұмысқа қабылданыпты. 

Алғаш өнер ұжымы А.Іздіқұлованың «Көршілер» спектаклінің премьерасын А.Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде сахналап, оған 300 көрермен қатысқаны театрдың қадамы сәтті болғанын, құрметтің ерекше екенін дәлелдесе керек.  Спектакльге  «Қызылорда облыстық мүгедектер қоғамы»  қоғамдық бірлестік ұжымы, Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлуметтік бағдарламалар басқармасының «Оңалту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ем алушылары  қонақ ретінде  шақырылған. 

– Үйірме құрылғалы бері Наурыз мерекесі қарсаңында «Ұлттық киім күні» фото-челендж және «Бірліктің бастауы, елдіктің дастаны – Наурыз» атты мерекелік іс-шарада театр актерлері керемет  өнер көрсетіп,  2000-ға  жуық  көрерменге рухани демалыс сыйлады. Мамыр айында А. Тоқмағанбетов мәдениет үйінде үйірме әртістері «Қолымнан ұста» спектаклін кезекті рет көрермен назарына ұсынды.  Бұл спектакльге  250 көрермен қатысты.   Облыстық мүгедектер қоғамы  ұжымын, «Оңалту орталығы»  ем алушылары  қонаққа келді.   Маусым  айында Т.Рахымұлының «Әйел адамның бастық болуы қиын екен…» атты интермедиясы қалалық фестивалде,  қалалық демалыс паркінде сахналанып, оған  500-ге жуық көрермен қол соқты, – дейді мәдениет үйінің басшысы.

Мұнан өзге, Қалтай Мұхамеджановтың «Қуырдақ дайын» спектаклінің  премьерасы  сахналанып,  Бұдабай Қабылұлы атындағы Шиелі аудандық мәдени-шығармашылық орталығында  «Көршілер» спектаклімен  шиелілік көрермендерді тәнті еткен.  Биылғы жылдың 10 айында барлығы 4 мыңнан астам көрермен инклюзивті   театр өнерпаздарының өнерін тамашалағанының өзі өнерге деген құрметтің нышаны.                                              

Мәдениет үйі басшысының айтуынша, жақында инклюзивті театр актерларының қатысуымен «Ыстық ықылас –мейірімді жүрекпен» атты ізгілік кешін өткізу жоспарлануда.  Желтоқсан айында Т.Телеубаевтың «Әкемнің шалғысы» спектаклінің премьерасы Тасбөгет кентінің көрермендерінің назарына  ұсынылмақ.     

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

Суретті түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: