Бейсенбі, 18 сәуiр, 10:35

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№30 (2040)
16.04.2024
PDF мұрағаты

Жорабек НҰРЫМБЕТОВ, қалалық мәслихат депутаты: ДАРИЯ СУЫНА ТӘУЕЛДІ БОЛМАУЫМЫЗ КЕРЕК

14.06.2021

4126 0

Халық қалаулысы – халық таңдауы. Әрбір депутаттың мойнында соған лайық жауапкершілік жүгі бар. Ел сенімін арқалаған жандар сол үдеден шыға алса, лайықты бағасын алады.  Бұл жолы үш рет қалалық, бір рет облыстық мәслихат депутаты болған, халықтың берген бағасын бәрінен артық санайтын халық қалаулысы Жорабек Нұрымбетовпен сұқбаттастық. Тек депутат қана емес, тәжірибелі маман әрі қаланың тыныс-тіршілігімен етене таныс халық қалаулысымен түйткілді түйіндерді тарқатуға тырыстық.

– Жорабек Ибрагимұлы, бұған дейін де бірнеше рет қалалық, облыстық мәслихат депутаты болдыңыз. Халық қалаулысы болу­дың да өзіндік жауапкершілігі бар. Депутат болудағы мақсатыңыз қандай?

–  Депутат болудағы басты мақсат – ол елдің мұң-мұқтажын билік басындағыларға жеткізе отырып, соның шешілу жолын табу. Қай әкім, қай халық қалаулысы болсын халықтың көкейіндегі мәселесін шешуге ықпал етіп, алғыс алса оған одан артық баға керек емес. Менің негізгі ұстанымым осы. Бұған дейін үш рет қалалық мәслихатта, бір рет облыстық мәслихатта депутат болдым. Өзің сайланған аумақтың түйткілді мәселесін көтеріп, тұрғындардың ойындағысын жеткізе алсаң және оның оң нәтижемен шешілуіне үлес қоссаң халық соған лайық бағалайды. Ең алғаш қалалық мәслихаттың депутаты болып Тасбөгет кентінен сайландым. Ол кезде кент тұрғындарын аяқ су мәселесі толғандырды. Мәселені шешу барысында демеушілік есебінен насос қон­дырғыларын орнатып, аяқ су жүргізілді. Одан басқа да мәселе қозғалып, түйіні тарқады. Кейін КБИ мөлтек ауданынан сайлауға түстім. Ол тұста шағын ауданға ел-жұрттың енді қоныстанып жатқан кезі болатын. Ең өзекті мәселесі мектеп ретінде берілген ескі ғимараттың еш талапқа сай келмеуі еді. Осыны облыс төңірегінде қозғап, халықтың атынан өтініш айтып, жаңа білім ошағын салуға мұрындық болдық. Мұны жергілікті тұрғындар әлі күнге дейін айтып жүреді. Осыдан соң жұртшылықтың біз­дерге деген сенімі қалыптасты. Халық қалау­лыларының елдің жағдайын ойлап, сол жолда еңбек ететініне көз жеткізді. Осылайша халық сенім артып, бірнеше мәрте депутат болдық.

– Қаланың дамуы, ондағы өзекті мәселелер сізге жақсы таныс. Бүгінгі күні соның ең маңыздысы не?

– Соңғы бес жылдағы облыстың даму қар­қыны баршаға белгілі. Дамыған сайын халықтың сұранысы да, талабы да артатыны анық. Осы ретте кейбір олқылықтардың барын жасыра алмаймыз, мәселен, сол жағалауда салынып жатқан үйлердің коммуналдық жағдайы көңіл көншітпейді. Сонымен қатар қаламыздың архи­тектуралық келбетін өзгертетін уақыт келген сияқты. Жаңадан бой көтерген үйлердің ішкі көлемі тарлық ететіні бар. Жас отбасы дегенмен, ертеңгі күні өсіп-өнетінін ойласақ, бөлмелерінің кең болғаны жақсы. Біз осы кезге дейін жол, жарық мәселесіне басымдық бердік. Ендігі кезек аяқ суға жеткен сияқты. Қазір осы мәселе көбірек ойландырады. Дария суының жылдан жылға азайып бара жатқанын көз көріп отыр. Бұл – табиғат заңдылығы. Бір мезетте су тартылады, біршама жылдан кейін қайта толады. Біз дария суына тәуелді болмауымыз керек. Қазір Кіші Аралды сақтап қалуға басымдық берілуде. Осы ретте дренажды скважиналар салу арқылы жер асты суын пайдалануға болар еді деп ойлаймын. Бұл өз кезегінде аяқ су мәселесін шешуге, жерасты суы деңгейін төмендетуге ықпал етіп, үшіншіден дарияға сеп болып, су түсірер еді. Бұл ойымды қазір зерттеп-зерделеу үстіндемін. Алдағы уақытта осы ұсынысымды облыс, қала басшылығына, қоғамдық кеңес алдында көтерсем деген жоспар бар.

– Бүгінгі күннің өзекті мәселесін қозға­дыңыз. Көп жылдан бері су шаруашы­лығы саласын басқарасыз. Аймақтағы қазіргі су тапшылығына тоқталайықшы…

– Өткенде аймаққа ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің вице-министрі Серік Қожаниязов арнайы іс сапармен келді. Сонда елімізге су ресурсының 93 проценті көрші мемлекеттерден түсетіні айтылды. Тек 7 проценті ғана еліміздің төңірегінде орналасқан екен. Сырдария өзені трансшекаралық өзен бол­ғандықтан оған түсетін су Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан арқылы өтеді. Сондықтан осы мемлекеттердегі су қоймасына тәуелді болып отыр. Былтыр сол су қоймаларындағы жиналған судың көлемі 2 миллиардқа кем жиналса, биыл ол көрсеткіш 3 миллиардқа жеткен. Соның сал­дарынан Шардара су қоймасына түсетін су көлемі де азайды. Су тапшылығын болдырмас үшін қыста түскен суды Шардара (5 млрд) мен Көксарай (2 млрд) су қоймасына жинадық. Қазір егістікке осы жиналған су пайдаланылуда. Өкінішке қарай, егінді бітік шығару үшін әлі де 1 млрд текше метрдей су қажет. Аталған іссапар барысында Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Салауатұлы Қырғызстан, Тәжікстан елімен алдағы 3 жыл көлемінде жаз айларында су алу үшін  келісім жасалғанын жеткізді. Бірақ олардан келетін су Өзбекстан арқылы өтетін болғандықтан бұл мемлекетпен де келісімге келу қажет. Соның аясында қазір келіссөздер жүргізіліп жатқан көрінеді. Келісімге келсе бұл мәселе де  оң шешімін табар еді. Аймақтың негізгі өнімі күріш болғандықтан суды көп қажет етеді. Десе де егістікті әртараптандырып, күріш егісінің көлемі азайды. Бүгінгі таңда егістіктің 90 проценті суға бастырылды.

– 2018 жылы Шіркейлі арнасының бойындағы гидроқондырғылар толықтай авто­маттандырылады деген едіңіз. Бұл өз кезе­гінде су тасқыны қаупін төмендетіп, су тапшылығын болдырмауы керек еді. Нәтижесіз іс болғаны ма?

– Мәселені жақсы қозғадыңыз. Шіркейлі арнасын екінші дария деп атаймыз ғой. Себебі оның бойында 4 ауданның 88 мың гектар егістігі орналасқан. Арнаға осыдан 3-4 жыл бұрын республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, оған тазалау, гидротехникалық құрылысын жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бірнеше кезең­нен тұратын жөндеу жұмыстары өкінішке орай аяқсыз қалды. Оған бөлінген қаржының жетіспеушілігі, қажетті заттардың қымбаттауы себеп болды. Соңында мердігер мекеме бөлінген ақшаның толық игерілгенін, ал қондырғыларды автоматтандыру үшін қосымша қаржы керектігін айтып, келісім тоқтап қалды. Бұл жағдай билік басындағы басшыларға жақсы таныс. Іс сапармен келген Серік Салауатұлына да мәселенің мән-жайы толық түсіндірілді. Басталған істі аяқтауға дәл қазір уақыт та кеш. Алайда алдағы кезеңде қайта қаржыландырып, тиісті жұмыстарды атқару жоспарда бар.

– Осы жолы депутат ретінде мына мәселенің шешілуіне ықпал етуім немесе нақты шешуім керек деген жоспарыңыз бар ма?

– Нақты осы жолы демей-ақ қояйын, бірақ осы кезге дейін оң шешілуіне ықпал еткен түйткілді мәселе жетерлік. Оның барлығын көпшілік біле бермеуі мүмкін. Депутаттар тек сайланған аумақтың жайын емес, қоғамның өзекті мәселесін де қозғайды. Дегенмен сай­ланған округте атқарылған іспен баға беріледі. Мәселен, бастапқы кездері КБИ мөлтек ауданы тұрғындары ауыз су ретінде дария суын тұтынды. Дария суын қайнатып, тазартып ішті дегенмен денсаулыққа зиян екені белгілі. Осы мәселені өзім әрі маман, әрі депутат ретінде қаузап,  Қызылжарма жер асты суын пайдалануға ұсыныс тастадым. Нәтижесінде республика бюджетінен қаржы бөлініп, скважина қазылып, су қоймасы салынды. Таза жер асты суын пайдалануға аталған мөлтек аудан тұрғындары да қол жеткізді. Сондай-ақ Тасбөгет кентіндегі көптен бері қордаланып қалған жол мәселесін де облыстық мәслихат депутаты болғанда қозғадым. Кенттегі негізгі жолдардың салынғанына 50-60 жыл болған. Содан бері жөндеу көрмеген тас жолдар кент тұрғындарының базынасына айналған еді. Осы жайтты сол кездегі аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлына айтып, соған 987 млн теңге қаржы бөлінді. Бүгінгі күні кенттегі біршама көше асфальтталып, жарық бағаналары орнатылды. Сол сияқты мұнда спорт мектебін салуға да ықпал еттім дей аламын. Кенттен қаншама спортшы ұл-қыздар шығып, жеңімпаз атанып жүр. Бірақ олардың дайындық жасайтын орны жоқ. Қазіргі таңда жаңа спорт мектебінің іргесі қалануда. Тағы бір айта кетер жайт, Белкөл кентінде біраздан бері қозғалып жүрген мәселе өздеріңізге жақсы таныс. Ол кентті кесіп өтетін теміржолдың арғы беті мен бергі бетін байланыстыру. Ондағы қоныстанушылар саны артып, бүгінде теміржолдың арғы бетінде де бір қауым ел тіршілік етуде. Олардың бергі бетке өтуі, жұмысқа қатынауы, мектепке баруы үшін осы 11 жолақты теміржолды кесіп өтеді. Тұрғындарды толғандырған жайт осы. Ал мәселені шешу үшін аспалы көпір салу көптен бері ұсынылған. Бірақ, осы кезге дейін рұқсат берілмегендіктен шешімін таппай келді. Мәселе республика көлемінде көтерілді. Қазіргі таңда жоба-сметалық құжаты әзірленіп, сараптамадан өткізіп, көпір салуға рұқсат берілді. Оған облыстық бюджеттен  248 млн теңге бөлінетін болып шешілді. Ал құрылыс жұмысы биыл немесе келер жылы басталуы тиіс деп күтілуде.  Бұдан бөлек елді мекендерде мәдениет үйін салу, аяқ су сияқты т.б күн тәртібіндегі мәселелер бар.

– Тасбөгет кентінде жаңа емхана ғимаратын салу көптен көтеріліп жүр. Шешілетін ыңғайы бар ма?

– Өте орынды сұрақ. Қазір кентте орналасқан №4 қалалық емхана ғимараты бұрын пошта байланысы қызметінің мекемесі болған. Ол емхана талабына сай келмейді. Дегенмен қаржы мәселесіне байланысты ескі нысанды пайдалануға тура келді. Енді халықтың сұра­нысы жаңа емхана ғимаратын тұрғызу болып отыр. Бұл мәселе де біраздан бері айтылып келді. Оның шешімін тапқандай болғанбыз. Емхана салуға ыңғайлы орын белгіленіп, жоба-сметалық құжаты әзірленіп енді салынады деген тұста қаржы тапшылығына байланысты тоқтап қалған. Алайда оған қара­мастан жекеменшік-әріптестік негізде салуды қолға алдық. Әні-міне жүзеге асады дегенде жекеменшік-әріптестік жобасы тоқтап қал­ды. Өкінішке қарай осындай себеппен мәселе сиырқұйымшақтанып кетті. Бірақ емхана жайы осымен бітті деген сөз емес. Кентте туберкулезге шалдыққан науқастарды емдейтін арнайы аурухана бар. Қазір ондағы науқастарды облыстық туберкулезге қарсы диспансерде емдейтін болғандықтан, ғимарат бос тұр. Жыл басында осы мәселені облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысына айт­қанмын. Ол аталған ғимарат жөндеуден өткі­зіліп, толықтай емхана игілігіне беріледі деп уәдесін берді. Бұйыртса, кент тұрғындары алдағы уақытта талапқа сай келетін емхана қыз­метіне жүгінеді деп сенемін. Халықтың сұра­нысы жаңа емхана ғимараты болғанымен, көрпемізге қарай көсілуімізге тура келеді.

– Қалалық мәслихат жанындағы бюджет және экономикалық даму мәселелері жөніндегі комиссия мүшесі екенсіз. Қала қаржысына қатысты қандай мәселелер қаралуда?

– Барлық талап-тілектің жүзеге асуы қаржыға байланысты ғой. Халықтың сұранысы да жылдан-жылға артып келеді. Сол себепті қаржыны тиімді бағытқа жұмсаған абзал. Жақын­да өткен комиссия отырысында қаланың 2021-2023 жылға арналған бюджеті бекітіліп, әр жылда атқарылатын жұмыстар бойынша тиісті қаржы бөлінді. Оның барлығы халықпен кездесу барысында қозғалған ең өзекті деген мәселелер. Енді сол мәселені шешу барысында бөлінген қаржыға, бюджеттік түсімге қарай жоспарлы жұмыс жасалады.

– Әр айдың үшінші бейсенбісі тұрғындарды қабылдайсыз. Қала жұртшылығын қандай мәселе толғандырып жүр?

– Кездесуге келетін тұрғындардың көпшілігі әлеуметтік мәселе бойынша көмек сұрайды. Тіпті кейде өзінің мұқтаж отбасы, көпбалалы ана екенін, мүмкіндігі шектеулі баласы барын айтып, қаржы сұрап келетіндер болады. Ондай кезде тиісті орындардан берілетін көмек барын айтып, жөн сілтейміз. Қолдан келгенше көмектесуге тырысамыз. Кейбір кезде мезетінде шешуге келетін жағдай болса, демеушілік есебінен оң шешім табуына ықпал етеміз. Тұрғындардың бәрі жеке бас мәселесімен келеді деуге де болмас. Кей азаматтар қоғамның жайын айтып жатады. Маңызды деген дүниелерді қозғайды. Айтылған мәселе жоспарда бар болса, барын айтамыз. Тың дүние болса түртіп аламыз дегендей…

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұқбаттасқан Айдана СЕЙІЛ

Суретті түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: